
Жалпы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асуда. Бұл бастама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, ауыл халқын сертификаттаудан өткен және нарықтық тартымдылығы бар бірегей, сапалы өңірлік өнім жасауға тарту.
Өткен айда жылдағы дәстүр бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме ұйымдастырылған болатын. Соның нәтижесінде көрмеге қатысушы кәсіпкерлер бүгінде оқыту курсынан өтіп, қайтарымсыз қаржы алуға ниеттенуде. Осы ретте біз облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыровтан аталған жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы сұраған едік.
– Облыста жыл сайын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауылшаруашылық тауарларының өңірлік жәрмеңке-көрмесі өткізіледі. Көрме қорытындысы бойынша жұмыс тобы көрменің үздік 10 қатысушысын іріктеп, олардың ішінен бренд-комитетте үш финалист анықталады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы бірнеше жылдан бері бүкіл өңір бойынша дарынды өндірушілерді анықтауға көмектесіп келеді. 100 қатысушының басын қосқан 2024 жылғы көрме Әулиеата өңірінің зор әлеуетін айқын көрсетті. Мәселен, бірегей былғары мен киізден жасалған бұйымдардан бастап, төл тағам өнімдері мен инновациялық биотыңайтқыштарға дейін көрмеге әкелінді. Алайда дәл осы көрме ортақ мәселенің де бар екенін айқындады. Мысалы, көптеген кәсіпкерлер жоғары сапалы өнім шағарғанымен, олар кәсіп аясын кеңейтуде түрлі кедергілерге тап болды. Оларға заманауи технологияларға, маркетингтік білімге және ең бастысы – ірі сауда желілеріне шығу немесе елеулі қаржыландыруға үміткер болу мүмкін емес. Әсіресе өнім сапасын растайтын құжат мәселесіне қол жеткізуде де қиындық бар.
Дәл осы жүйелі міндетті шешу үшін кәсіпкерлер палатасы аталған жобаның қатысушыларын оқыту және сүйемелдеу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасып, облыстың жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікке бастамашы болды. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті ынтымақтастықтың бірегей үлгісін ұсынды. Ол жай ғана дәрістер емес, ғылыми ортаға толықтай ену мәселесі.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен арада қол қойылған меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында 16-27 маусым аралығында 28 кәсіпкер қарқынды курс бойынша оқуды аяқтаған болатын. Олар үшін кәсіп ерекшеліктеріне сәйкес үш мақсатты бағдарлама әзірленді. Атап айтсақ, ол – жеңіл өнеркәсіп шеберлері үшін «Текстиль және аяқ киім: бірегей бұйымдар жасау өнері», азық-түлік өндірушілері үшін «Азық-түлік өндірісінің заманауи тәсілдері: ғылымнан тәжірибеге дейін», аграршылар үшін «Биокөмір өндіру мен қолданудың озық технологиялары және органикалық өнім өндірісін ұйымдастыру» бағдарламасы.
Оқу қорытындысы бойынша әрбір түлек тек курстан өткені туралы сертификат алып қана қоймай, ең бастысы, зертханалық сынақтар туралы құжатқа ие болды. Бағдарламаның негізгі және толығымен тегін элементі Дулати университетінің зертханаларындағы практикалық сабақтар болды. Кәсіпкерлер заманауи жабдықтарда өз өнімдерінің құрамын талдап, оның қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексеріп, тағамдық құндылығын, материалдардың беріктігі мен тиімділігін анықтай алды. Олар шағын бизнес үшін құны көбінесе қолжетімсіз болып есептелетін ғылыми зерттеулерді іске асырды. Мұндай бастамалар өңірде ғылымның шағын бизнестің ірі әрі бәсекеге қабілетті болуына көмектесетін жаңа экожүйенің негізін қалайды. Осылайша, кешегі үй кәсібі немесе шағын фермерлік шаруашылық бүгінде өсу мен қаржыландыруға қол жеткізудің нақты перспективалары бар ғылыми негізделген өндіріске айналуда.
Енді грантқа өтінім бергенде немесе банкпен келіссөздер жүргізгенде, кәсіпкер өз сөздерін объективті деректермен растай алады. Бұл сенімді арттырады, инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтады және қаржыландыру алу мүмкіндігін бірнеше есе ұлғайтады, – дейді Айдар Қайнарұлы.
Ол бізге курстың тиімділігінің ең жарқын мысалы ретінде Меркі ауданының кәсіпкері Айткүл Мусилимованың нәтижесін атады. Ол саңырауқұлақ өсірумен айналыса отырып, аграршыларға тән мәселелерге тап болған екен.
– Шығындарды азайта отырып, өнімділік пен өнім сапасын қалай арттыруға болады? Биокөмірді, яғни топырақ қасиеттерін жақсартатын арнайы ағаш көмірін қолдану бойынша курста оқу оған тек теориялық білім беріп қана қоймай, дайын бизнес-шешім ұсынды. Зертханада ол биокөмірдің топырақ субстратына қалай әсер ететінін көріп, өз шаруашылығы үшін оны қолданудың экономикалық моделін есептей алды. Арнайы курсты аяқтағаннан кейін бірден осы технологияны енгізуге келісімшарт дайындауға кірісті. Оның бизнесі үшін бұл жаңа деңгейге шығуды білдіреді. Атап айтсақ, ол – өнімділікті арттыру, мүмкіндік, органикалық өндіріс стандарттарына көшу және соның салдарынан қосымша құны жоғары өнім жасау. Осы жерде айта кетер бір жайт, бірінші лектің нәтижелері біз күткеннен де асып түсті. Біз тікелей адамға сезілетін нәтижені көріп отырмыз. Қатысушылардың бірі қазірдің өзінде коммерциялық келісімшарт дайындауда, ал барлық 28 түлек бірлескен стартаптар немесе өндірістік кооперация аясында коммерцияландыру үшін университеттің 350 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруына, оның ішінде өтінімдер беру үшін ғылыми негіздемеге ие болды.
Осылайша, аяқталған курс кезекті оқыту іс-шарасы болып қана қоймады. Ол біздің облыста ғылым бизнеске қызмет ететін, ал шағын өндірушілер үлкен және танымал брендтерге айналуға нақты мүмкіндік алатын жаңа экожүйенің негізін қалады. Бұл сәтті пилоттық жоба білім, ғылым және кәсіпкерлік синергиясы заманауи өңірлік дамудың ең қуатты драйвері екенін дәлелдейді.
Біздің міндетімізге әрбір көрме қатысушысының өз кәсібін сәтті, бәсекеге қабілетті кәсіпорынға айналдыру мүмкіндігіне ие болуы үшін осы сүйемелдеуді жалғастыру жатады. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен серіктестік орнату стратегиялық бағыттың белгісі. Біз жергілікті бизнес пен ғылым арасында көпір орнатып, қуатты экожүйе құрудамыз. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басшылығына және профессор-оқытушылар құрамына «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушыларының біліктілігін арттыру бойынша оқу процесін ұйымдастырудағы қолдауы мен кәсіби жұмысы үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді А.Абдықадыров.
Мұнан кейін біз Айткүл Муслимоваға хабарластық. Меркілік кәсіпкер алғашқыда әйелдер киіміне арналған шағын дүкен ашқан екен. Уақыт өте келе несиелік қолдаудың арқасында сауда ауқымын кеңейтіп, тұтынушылар сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік алады. Тұрақты еңбектің нәтижесінде кәсіп тек сауда саласында ғана емес, жаңа бағытта да өрісін тапқан. 2021 жылы «Саңырауқұлақ патшалығы» атты жобаны іске қосып, шағын ауылшаруашылық мақсатта жеке кәсіпкерлік ісін ашқан. Алғашында небәрі 50 шаршы метр аумақта басталған кәсіп бүгінде жеке жер учаскесінде орналасқан әлеуетті өндіріс көзіне айналыпты. Қазіргі таңда мұнда үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Кәсібімнің берген жемісі қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Жергілікті телеарналар арнайы сюжеттер түсіріп, облыстық және аудандық газеттер бетінде мақалалар жарияланды. Бұл кәсіптің тиімділігі мен пайдасы көрмелерде лайықты бағаланып жүр. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілмек.
Саңырауқұлақтың адам денсаулығына пайдасы мен қоғамдық тамақтану орындарындағы жоғары сұранысы бұл істің болашағы зор екенін көрсетті. Мен бүгінде шағын бизнесте тұрақты табыс көзі бар, өз бренді қалыптасқан іскер тұлғаға айналдым.
28 кәсіпкермен бірге оқыту курсынан өтіп, одан кейін аталған көрмеде он адам іріктеліп шықтық. Одан кейін арнайы комиссия алдында бизнес-жоспарымызды қорғап, оның ішінде үш қатысушының бағы жанды. Соның бірі – мен, енді «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алудан үміттімін.
Оқыту курсына «Өсімдік шаруашылығында биочарды өндіру және қолдану, органикалық өндірісті ұйымдастырудың озық технологиялары» бойынша қатыстым.
Бұл жерде су тазалау зертханасын басқаратын Қамбар Тұрсынбаевтың жетекшілігімен, кіші ғылыми қызметкер Ұлжан Қанатбек және мелиорация және агрономия кафедрасының профессоры Әдеубай Сейтқазиевтен дәріс алдым. Сол арқылы органикалық егіншіліктің мәні мен оның негізгі қағидаттарын меңгердім. Зертханалық тәжірибелер барысында биокөмірдің топырақ құнарлылығын арттырып, өнімділікті экологияға зиян келтірмей-ақ көбейтуге мүмкіндік беретінін түсіндім. Қазірдің өзінде осы технологияларды қолдана отырып, жаңа маусымға жоспар жасап жатырмын. Сынақтардан кейін өнімнің қауіпсіздігі мен тағамдық құндылығын дәлелдейтін құжатқа қол жеткіздім. Осы құжат арқылы өнімімнің сапасын растай алдым және мен үшін сауда желілеріне жол ашатын маңызды мүмкіндік туды.
Бұл курс бізге қажетті білім, болашаққа басқаша бағыт берді. Қазіргі таңда шаруашылығымды жаңғыртуға арналған нақты жоспар құрып қойдым. Грант ұтып алуға шынайы мүмкіндік пайда болып тұрғанда, ендігі мақсат – грантқа қол жеткізіп, кәсіп аясын кеңейту. Қазір саңырауқұлақты кәсіпкерлік нысанның жертөлесінде өсіріп жатырмын. 150 шаршы метр аумақта 7 қабатты сөрелер орнатылған. Айына 1 тонна өнім алып, Тараздағы мейрамханаларға және «Фиркан» дүкеніне өткіземін. Қасымда үш жұмысшым бар. Саңырауқұлақтың келісін 2000 теңгеден сатамыз. Қазір күн ыстық, мұндайда өнім азайып, сұраныс артады. Базардағы бағасы 5 мың теңгеге жетсе де, біз бағаны 2500 теңгеден асырмаймыз. Өнімді балғын күйінде де, кептіріп те, шыны ыдысқа тұздап та сатамыз. Өнімді «Саңырауқұлақ патшалығы» деген сауда белгісімен шығарып жүрміз. Бұл кәсіптің тиімділігі тез пайда әкелетіндігінде жатыр. Саңырауқұлақ жылына екі мәрте, көктемде және күзде егіледі. Сол кезде 15 күндік науқандық жұмысқа көптеген адамды тартамын, – дейді Айткүл Қуандыққызы.
Айткүл Муслимова уақыт өткен сайын өнімге деген сұраныстың да артып отырғанын айтады. Өскемен қаласынан күніне 2 тонна кептірілген саңырауқұлаққа тапсырыс түссе де, әзірге ол көлемді қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр екен. Сондықтан кәсіп аясын кеңейтуді көздейді.
– Екі қыз, бір ұлдың анасымын. Қыздарым тұрмыста, біреуі дәрігер, екіншісі мұғалім. Ұлым Бақытжан Абдураимов, Меркі ауданы Жамбыл ауылдық округінде бас маман – қаржы агенті болып еңбек етеді. Жақында отбасын құрды, тойын қыркүйек айының ортасында өткізу жоспарланған, 5 жиен немерем бар. Ұлды ұяға, қызды қияға қондыру, оларды оқыту, азамат болып қалыптасуна күш салу кез келген адамға оңай емес. Дегенмен кәсібі бар адам отбасылық жағдайда онша қаржылық қиындықпен бетпе-бет келе бермейді. Сондықтан қолынан іс келетін адам уақыт оздырмай қандайда бір кәсіп түрімен айналысқаны дұрыс. Өйткені қазір кәсіптің заманы. Мәселен, мен саңырауқұлақтың «Вешенка» атты сұрпын өндірумен айналысамын. Жалпы саңырауқұлаққа деген сұраныс өте жоғары болғандықтан, білгенімді осы кәсіппен айналысамын дегендерге үйретіп жүрмін. Мысалы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында менің тәлімімді алып, тәжірибемді бойына сіңіргендер өз ісін ашып, шаруасын шалқытып отыр, – дейді А.Муслимова.
Расында да бүгінде кәсіп бастаймын деген жандар үшін мүмкіндік мол. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылынан қатысқан Нұрсұлтан Рақыш та өзінің іскерлігін дәлелдей білді. Ол бесікке арналған жабдық жасаумен айналысады екен.
– 5 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алу арқылы мен де кәсібімнің ауқымын кеңейткім келеді. Ауылда негізінде кішігірім цехым бар. 2018 жылдан бері әртүрлі бесік түрін жасау ісімен шұғылдандым, оның ішінде жиналмалы бесік те бар. Анам бес жыл бойы қатты науқастанып, сол кісінің жанында болдым. Сол кезден бастап, бесік жасайтын цехымды тігін цехы бағытына бұрып, бесікке қажетті көрпе, жастық, матрац секілді жабдық жасауға көштік. Бұған дейін мемлекеттің 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз қаржысына ие болғанмын. Әйелім де әлеуметтік грант ұтып, сол қаржылардың басын қосып, осы бизнесті дамытуға күш салдық. Қазіргі таңда балаларға қажетті, яғни бесікке, балалар төсегіне, манежге арналған ортопедиялық матрацтар тігуге ден қойып отырмыз. Біздің бизнесімізді отбасылық кәсіп десек те болады, себебі бұл өмірлік жолдасымыз екеуміз үшін ортақ шаруа,– дейді Н.Рақыш.
Негізінде ауыл кәсіпкерлері мен ондағы шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау тұрақты түрде көрсетіле беруі керек. Сонда ғана елімізде азық-түлік тапшылығының туындау қаупіне жол берілмейді. Аграрлық салада, қайта өңдеу ісінде өнім көлемі артып, халықтың сұранысы ойдағыдай деңгейде қанағаттандырылады. Бұл өз кезегінде ауылдық жердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, жалпы елдің дамуына серпін береді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Жиын-терін науқаны жүріп жатыр
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы санағына онлайн 390 мың респондент қатысты
- авторAR-AY
- 22 тамыз, 2025