
12 мың шақырым жол жөнделді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай 2024 жылдың наурыз айында өткен «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» отырысында кемінде 12 мың шақырым автожолды реконструкциялау және жөндеуден өткізуді тапсырған болатын.
Көлік министрлігінің мәліметінше, еліміздегі автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 185 мың шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 25 мың шақырым, жергілікті деңгейде 70 мың шақырым жол және елді мекендердің 90 мың шақырым көшелері бар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысты. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93 пайызға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89 пайызға дейін жақсарды.
Негізгі басымдықтардың бірі стратегиялық маңызы бар төрт автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау болды.
Бірінші, 885 шақырымды құрайтын «Қарағанды - Алматы» автомобиль жолына төрт жолақты, заманауи тосқауыл қоршаулары және толық жарықтандыру арқылы бірінші техникалық санатқа дейін реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жоба аясында 33 көпір, 48 өткел салынып, сондай-ақ 700 су өткізгіш құбыр орнатылды. Екінші-ұзындығы 768 шақырымды құрайтын «Талдықорған - Өскемен» жолы. Жол I-II техникалық санатқа дейін қайта жаңартылды. Құрылыс барысында жаңа көпірлер, жол айрықтары мен су өткізу құрылыстары пайда болды, бұл Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын едәуір арттырды. Үшінші- «Атырау - Астрахан» жолы. Оның ұзындығы 212 шақырым. Қазақстанды Ресей Федерациясымен байланыстыратын бұл маңызды көлік бағыты II санатқа жаңартылды. Жолдың барлық ұзындығына 6 көпір, 1 өтпе жол, 60 өткізу құрылысы және демалыс орындары салынды. Төртінші- ұзындығы 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе - Қандыағаш» бағытындағы автомобиль жолы. Бұл жолды реконструкциялау жолдың төрт қозғалыс жолағымен I-II санатқа дейін жақсаруына әкелді. Жұмыс аясында 700 мың тоннаға жуық асфальт-бетон қоспасы төселіп, 10 көпір, 5 жол өтпесі және 3 жол айрығы салынды.
-Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымнан астам жолды қамтыды, оның 7 мың шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Оның ішінде республикалық 2 мың шақырымнан астам жол реконструкцияланып, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың шақырым жол жөнделмек, ал жергілікті жерлерде 4,1 мың шақырым жол жаңартуға жатады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94 пайызға, жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 91 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Атап айтқанда, «Жезқазған - Петропавл», «Мұқыр - Құлсары», «Орал - Атырау» және басқа да автожолдар қамтылды, «Орталық - Батыс» автожолының, сондай-ақ «Ақтөбе - Ұлғайсын», «Қарағанды - Жезқазған» учаскелерінің, Сарыағаш, Рудный және Шымкент айналма жолдарының құрылысы басталды. «Қалбатау - Майқапшағай» жолы аяқталады.
Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр, - дейді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында серіктес елдер - Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылған болатын. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде.
Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық-Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Атап айтқанда Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 миллион тонна астық терминалы және Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды.
2023 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның қатысуымен «Middle Corridor Multimodal Ltd» бірлескен кәсіпорнының құрылуы маңызды қадамдардың бірі болды. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша кепілдендірілген тарифпен және жеткізу мерзімімен мультимодальды тасымалды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қытай теміржолдарының еншілес компаниясы CRCT-ның бірлескен кәсіпорынға қосылуы жоспарланып отыр, тиісті меморандумға 2024 жылдың қарашасында қол қойылды.
Қазақстаннан тыс жерде де порт инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымында Грузияның Поти портында аумағы 8,9 гектарды құрайтын, жылына 120 мың контейнер өңдеуге қауқарлы қазақстандық мультимодалды терминал іске қосылды.
Нәтижелер айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі алты есеге ұлғайды. Яғни, 2020 жылғы 0,8 миллион тоннадан 2024 жылы 4,5 миллион тоннаға жетті. Тек былтырдың өзінде тасымал көлемі 62 пайызға артып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге көбейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында тасымал көлемі 2,3 миллион тоннаға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артық болды.
Сонымен қатар контейнерлік тасымалдардың айтарлықтай артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру да ықпал етті. Енді бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге небәрі 30 минут кетеді, бұрын бұл процесс үш сағатқа дейін созылатын еді.
- Жуырда Қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда.
Транскаспий бағыты бойынша қытай автопойыздарының қозғалысының басталуы да маңызды оқиғалардың бірі болды. 2024 жылы Құрық порты арқылы 3,5 мыңға жуық жүк көлігі өтті, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында олардың саны мыңнан асты.
Бұл шаралардың барлығы Транскаспий бағытын Еуразиялық логистиканың негізгі буыны ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, бұл еліміздің халықаралық сауда мен транзиттегі позициясын күшейтеді,-дейді Мақсат Қалиақпаров.
Алдағы 5 жылда 16 мың шақырым жол салу және жөндеу жоспарланған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға арналған ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде бұл бастамаларды жүзеге асыру қарқынды түрде жүруде. Теміржол саласында ұзындығы 1,3 мың шақырымнан асатын төрт жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Достық - Мойынты», Алматы айналма теміржолы, «Дарбаза - Мақтаарал» және «Бақты - Аягөз». Биыл Алматы айналма теміржолы мен «Достық - Мойынты» учаскесінің екінші жолы аяқталады, бұл жүк тасымалдау көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауқымды жоба - Трансқазақстандық теміржол дәлізі іске қосылды. Оның аясында «Мойынты - Қызылжар» учаскесінің құрылысы (366 шақырым) және 1,6 мың шақырым жолды жаңғырту аяқталды. Алдағы 5 жылда 16 мың шақырым жол салу және жөндеу жоспарлануда.
Сондай-ақ 125 вокзал жаңғыртылуда. Ғимараттардың қасбеттері, инженерлік желілері, залдары, платформалары ретке келтіріліп, мобильділігі төмен азаматтар үшін қауіпсіздік жүйелері мен ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Биыл жолаушылар вагондарының паркі 175 бірлікке толықтырылады, оның ішінде «Stadler» компаниясының 51 вагоны бар.
Жетекші әуежайлар әлемдік деңгейдегі мультимодальды
орталықтарға айналады
Авиациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның көлік саясатындағы басымдықтарының бірі болып қала береді. Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес еліміздің жетекші әуежайлары - Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе - логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын заманауи мультимодальды орталықтар ретінде дамуда.
Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайын жаңғырту жобасы басталды, оның шеңберінде 1,1 миллиард доллар көлемінде инвестициялар тарта отырып, екінші ұшу-қону жолағын, сондай-ақ үшінші жолаушылар және жүк терминалын салу көзделген. Сондай-ақ, индустриялды-логистикалық аймағы, бизнес-орталықтары, қонақ үйлері және сауда алаңдары бар «Аэротрополис» көпфункционалды кешені құрылатын болады.
Алматы әуежайы 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары бойынша жаңғыртылмақ. Бүгінде бірінші кезең басталып кетті, ол ішкі рейстер терминалының реконструкциясын, такси жолын салуды, ұшу-қону жолағы мен отын инфрақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк перрондары мен техникалық қызмет көрсету ангарын құруды қамтиды. Сондай-ақ қонақ үй мен көп деңгейлі автотұрақ салу жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, одан кейінгі операциялық қызмет барысында 550 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Шымкентте 2024 жылдың 25 желтоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарланған. Сонымен бірге әуежайды «Оңтүстік» АЭА аумағымен байланыстыратын мультимодальды хаб құру жұмыстары жүргізілуде.
Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хабтың құрылысы басталды. Мұнда қазіргі заманғы қоймалар, соның ішінде қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылған.
Сонымен қатар, жанармай құю кешенін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Ол аяқталған соң отынды сақтау көлемі екі еседен көп артпақ. Әуе айлағы JET-A1 маркалы отынды жеткізуші алғашқы аймақтық әуежай болады.
Сондай-ақ, екінші ұшу-қону жолағының құрылысы қарастырылуда, бұл қолданыстағы жолаққа ұшыру-қондыру процесін тоқтатпай-ақ күрделі жөндеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет елдің ірі әуежайларының аумағында арнайы экономикалық аймақтардың шекараларын кеңейту туралы шешім қабылдады. Бұл инвесторларды тартуға, өнеркәсіп пен логистиканы дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әуе тораптарын Ұлттық экономика үшін қуатты өсу нүктелеріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарын дамыту есебінен елдің туристік әлеуетін ашу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл жолдағы басты қадам сапалы жол инфрақұрылымын жүргізе отырып, заманауи әуежайлар салу болды.
Бүгінде болашақ әуе айлақтарын орналастыруға арналған алаңдар анықталды. Зайсанда әуежай Сатпай ауылының маңында, қаладан 25 шақырым жерде және сол аттас көлдің жанында бұрынғы әскери әуеайлақ аумағында салынады. Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағы демалыс аймағынан 27 шақырым жерде, Белқарағай ауылының маңында салынады. Кендірліде әуежай курорттық аймақтың жанында, Каспий жағалауынан небәрі 15 шақырым жерде орналасады.
Сараптамалық зерттеулердің қорытындысы бойынша бұл учаскелер оңтайлы деп танылды. Олар метеожағдайлар мен жер бедерінің ерекшеліктеріне сәйкес келеді, ұшақтарды екі бағыттанда қабылдауға және одан әрі кеңейту мүмкіндік береді.
Бүгінде Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жер телімдерін берді. Мердігерлік ұйымдар дайындық жұмыстарына кірісіп те кетті. Қазіргі таңда құрылыс материалдары әкелініп, 250-ге жуық техника мен жұмысшылар жұмылдырылды. Құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп, ұшу-қону жолақтарының негіздері орнатылуда.
Бұл жобаларды жүзеге асыру көлік қатынасына қолжетімділікті едәуір арттырады және Қазақстанның курорттық аймақтарын туристер мен инвесторлар үшін тартымды етеді. Жаңа әуежайлар заманауи туристік инфрақұрылымды дамытудың іргетасы және өңірлердің экономикалық өсуіне маңызды үлес болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалықта әуежайды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жаңа аэровокзал кешені мен ұшу-қону жолағын реконструкциялау қалаға әуе қатынасын қайтарады.
Арқалық әуежайы 1992 жылдан бері жұмыс істемеген. Зерттеу көрсеткендей, ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуді, ал ескі терминал ғимараты мен инженерлік желілер толық қалпына келтіруді қажет етеді. Осыған байланысты жаңа заманауи жолаушылар терминалын салу және барлық инфрақұрылымды жаңарту туралы шешім қабылданды.
Жоспар бойынша жаңа ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалы сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алады.
-Бүгінгі таңда елімізде әуе кемелерінің паркі 104 бірлікті құрайды, оның ішінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жеткізілген 6 жаңа Airbus A320 типті ұшағы мен 1 Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшағы.
2030 жылға дейін техникалық парк тағы 103 ұшақпен толықтырылады.
Биыл 36 жаңа халықаралық маршрут ашылып, нарыққа 8 шетелдік авиакомпания келді. Ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 850 рейс жасалады..
Сондай-ақ елімізде көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қолдау үшін Қазақстанның 9 облысында 21 субсидияланатын маршрут жұмыс істейді. Оларды жүзеге асыруға 2025 жылы 6,4 миллиард теңге бөлінді. Үшарал, Үржар, Көкшетау, Түркістан және басқа да туристік бағыттарды дамытуға ерекше назар аударылды,- дейді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Заңнамалық деңгейде бірқатар түзетулер қабылданды
Заңнамалық деңгейде енгізілген түзетулерге сәйкес, сапа орталығының ескертулерін жоймай нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды, ал 2023 жылдан бастап барлық орташа жөндеу жобалары жобалық шешімдердің және олардың құнының дұрыс қолданылуына қатысты ведомстволық сараптамадан өтуге міндетті.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 2025 жылдың 7 айындағы қорытынды бойынша сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулар санының 2 пайызға төмендегені, жергілікті жолдарды қиыршық тастан асфальтбетон төсеміне ауыстыру 14 пайызға өскені байқалды. Сонымен қатар жобалық шешімдерді оңтайландыру 1 миллиард теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді, ал жергілікті жолдарды диагностикамен қамту 50 пайызға жетті.
Жол-құрылыс үдерісіне қатысушылар жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыстың барлық кезеңінде сараптаманы автоматтандырудың цифрлық жүйелері мен тетіктері енгізіліп. 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілген. Сондай-ақ «ҚазЖолҒЗИ» акционерлік қоғамының институтымен «кілтті тапсырғанға дейінгі» келісімшарттар жасалып және жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу енгізілді.
«ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаеваның айтуынша, жол саласына цифрлық технологиялар енгізілуде. Соңғы 5 жылда институт автожолдарды салу және жөндеу технологияларын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде елімізде бірнеше цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. Жобалау сапасын арттыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен нақты климаттық жағдайларға және қозғалыс қарқындылығына материалдарды дәл таңдау есебінен берік және сенімді жол төсемдерін пайдалануға бағытталған Superpave технологиясы енгізілді.
Жалпы саны 2 мыңнан астам пайдаланушысы бар Jolshy жол саласы мамандарының базасы талдамалық ақпарат алуға, кадрлық өзгерістерді бақылауға және жол-құрылыс жұмыстарын орындаудың сапасын қамтамасыз ету үшін мамандардың біліктілік деңгейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «ҚазЖолҒЗИ» АҚ апаттардың себептерін жүйелі бағалауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жол-көлік оқиғаларын талдау порталын әзірлеуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың автожолдарды жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін салу, логистикалық орталықтарды жақсарту, сондай-ақ көлік үдерістерді оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер енгізуге қатысты берген тапсырмалары Үкіметтің басты назарында.
2030 жылға дейін 4 мың шақырымға жуық автожол қайта жаңғыртылады. Биыл бірқатар негізгі жобаны аяқтау жоспарлануда. Бұл ретте жобалық құжаттаманың дайындығы жоғары жаңа жобаларды, Ақтөбе - Ұлғайсын, Қарағанды - Жезқазған, Атырау - Доссор жолдары мен Сарыағаш, Петропавл, Рудный және Қызылорда қалаларын айналып өту жолдарын, сондай-ақ 2,5 мың шақырым автожолды орташа жөндеу маңызды.
Асан ТІЛЕМІСОВ