Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жиын-терін науқаны жүріп жатыр

Жиын-терін науқаны жүріп жатыр
Автор
Жиын-терін науқаны ауыл тіршілігінің ең бір жауапты кезеңі. Өнімді шашпай-төкпей жинап алу, дәнді қамбаға жөнелту секілді шаруалар қырман басындағы жұмыс көрігін қыздыратыны белгілі. Одан бөлек бау-бақша және басқа да техникалық дақылдарды суыққа ұрындырмай жинау маңызды міндет.

Егін жинау науқанын айтпас бұрын, алдымен қандай егіс түрін отырғызған тиімді, еліміз бойынша қандай дақылдар егілуі қажет деген мәселені сөз еткеніміз артық болмас. Жалпы бұл шаруа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі еселеу жөніндегі тапсырмасын орындауға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сондықтан да бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру шараларын күшейтуге баса мән берген.

Осы жылы еліміздегі жалпы егіс көлемі 322,8 мың гектарға артып, 23,6 миллион гектарға жетіпті. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 630 мың гектарға азайып, 16 миллион гектарды құраса, ал бидай егістігі 884,6 мың гектарға қысқарып, 12,3 миллион гектар болған. Босатылған жерлерге мейлінше мол табыс әкелетін дақылдар отырғызылыпты. Соның арқасында күнбағыс рекордтық көрсеткіш көрсетіп, 1,8 миллион гектар аумақта егілген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 481,5 мың гектарға артық. Картоп егістігі де өсім көрсетіп отыр, яғни көлемі 9,3 мың гектарға ұлғайып, 131,2 мың гектарды көрсеткен. Оның ішінде ұйымдасқан шаруашылықтардағы өсім 12,5 мың гектар болып, 84,5 мың гектарға жеткен.

Сонымен қатар суармалы дақылдар алқабы да азайтылған. 2025 жылы мақта 144,5 мың гектар жерге егілсе, оның ішінде 50 мың гектары тамшылатып суарылуда. Қызылорда облысында күріш алқабы 85,6 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін қысқарыпты.

Егіс алқабын әртараптандыру ішкі азық-түлік балансын нығайтуға, жекелеген дақылдарға тәуелділікті азайтуға, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын және фермерлердің табысын арттыруға мүмкіндік беретіні анық. Ал жер ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалану елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізіне айналуға тиіс.

Жалпы, биыл ел бойынша егін жинау науқаны 15 өңірді қамтуда. Еліміздің оңтүстік аймақтарында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жедел деректеріне сәйкес, қазірдің өзінде егін алқабының 10,7 пайызынан 1,7 миллион гектар астық жиналып, 2,4 миллион тонна астық бастырылыпты.

Егін жинау жұмыстарына 300 мыңнан астам техника:, яғни 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың астық жинау машинасы мен 130 мың басқа да техника жұмылдырылған екен.

Энергетика министрлігімен бірлесіп, дизель отынын тиеп жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына өңірлерді бөлу кестесі дер кезінде бекітіліпті. Соның арқасында ауылшаруашылық тауарын өндірушілер дизель отынын литріне 254 теңгеден сатып алған. Бұл нарықтағы бағадан 18-20 пайызға арзан көрінеді. Қазіргі уақытта 135,4 мың тонна жанармай жөнелтіліпті.

Диқандар жоспардағы минералды тыңайтқыштармен 89 пайыз қамтамасыз етілсе, жалпы 1,7 миллион тонна тыңайтқыш жеткізіліпті. Қоймаларда тағы 43,3 мың тонна тыңайтқыш бар екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алғаш рет өткен жылы егіс және жиын-терін науқанын ерте қаржыландыру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бүгінде фермерлерді қаржыландыру жалғасып, жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 502,7 миллиард теңгеге 7594 өтінім берілген. «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы бойынша 153,4 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалып, «Даму» қоры арқылы 228 милиард теңгеге 1312 кепілдік беріліпті. Жиналған егіннің сақталуын қамтамасыз ету үшін элеваторлардың жаңа өнімді қабылдауға дайындығына тұрақты бақылау жүргізіле береді.

Әр облыстағы әкімдіктердің дерегі бойынша республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 миллион тоннаны құраған. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында (АҚК) – 13,3 миллион тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 17,4 миллион тонна сыйымдылықтағы қойма бар. Сақтау сыйымдылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, жиналған егінді сақтауға жеткілікті көрінеді. Лицензияланған астық қоймаларының толтырылу көрсеткіші 2,2 миллион тоннаны немесе 16 пайызды құрайған. Элеваторлар мен астық қоймаларында орын тапшылығы туындамаған. Десе де егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Тұңғыш Жанұзақтың айтуынша, өңірімізде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл ауылшаруашылығы дақылдары 640 мың гектар алқапқа егіліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артқан.

– Атап айтқанда, 362 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты, 38 мың гектарға майлы дақылдар, 31,1 мың гектарға көкөніс, 12,7 мың гектарға бақша өнімдері, 8,2 мың гектарға картоп, 6,6 мың гектарға қант қызылшасы, ал 181,3 мың гектарға мал азығы орналастырылды. Шілде айынан басталған жиын-терінде бүгінге дейін масақты дәнді дақылдардың 311,1 мың гектары жиналып, 462,1 мың тонна өнім алынды. Оның ішінде бидай – 201,5 мың тонна, арпа – 260,6 мың тонна.

Сондай-ақ 58,2 мың тонна картоп, 334,4 мың тонна көкөніс, 3,2 мың тонна майлы дақылдар және 336,1 мың тонна бақша өнімдері жиналды, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.

Бүгінде 2025-2026 жылғы мал қыстату маусымына дайындық аясында 1,7 миллион тонна пішен, 113,4 мың тонна пішендеме және 408,7 мың тонна сабан дайындалыпты. Биыл аймақта барлығы 3,8 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін алу көзделіп отырса керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар