Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Болашақ балабақшадан басталады

Болашақ балабақшадан басталады
Автор
Білім мен ғылым қарқынды дамыған қазіргі уақытта, елдің ертеңгі тұтқасы саналатын жас ұрпақтың жан-жақты дамуы ең алдымен мектепке дейінгі білімнен бастау алады. Бұл шақта жеке тұлғаның негізі қаланады.

Жақында өткен ұстаздардың облыстық тамыз конференциясында Оқу-ағарту бірінші Вице-министрі Майра Мелдебекова өңірдегі мұғалімдерді білім саласындағы жаңашылдықтар мен жетістіктерден хабардар еткен болатын. Сол жиында Майра Тұрғанбекқызы: «Республика бойынша мектепке дейінгі білім беруде 2-6 жас аралығындағы балалардың қамту көрсеткіші 93 пайызға орындалды. Ендігі кезекте жыл соңына дейін бұл межені 95 пайызға жеткізуіміз керек. Оған тиісті жағдай жасалуда. Мәселен, өткен жылы басталған ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы кезектілікті 44 пайызға азайтып, сегіз миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделгенін көрсетті. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру үшін тиісті пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылып, биыл қыркүйектен бастап барлық балабақшаға енгізілмек», – деді.

Өз облысымызда 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету 95,1 пайызға жүзеге асса, 4 138 бала кезекте тұр. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірімізде барлығы 621 балабақша жұмыс істеуде. Оның ішінде 339-ы мемлекеттік болса, 282 жеке меншікте.  Мемлекеттік балабақшаларда 33 268 бала тәрбиеленіп жатса, мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарда 30 573 бүлдіршін қамтылған. Кезекте тұрған бүлдіршіндердің  ішінде 2-6 жас аралығындағы балалар саны 3 050-ге жеткен.

Облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаеваның мәліметінше, осы жылы 1 628 жаңа орын ашу жоспарланыпты. Биыл мектепке дейінгі ұйымдардағы әлсіз отбасынан шыққан 5 920 бала тегін тамақпен қамтылуда. Тараз қаласында орналасқан мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаға енгізілген. Бүгінгі таңда өңірдегі 249 мектепке дейінгі ұйым дербестендірілген қаржыландырумен жұмыс жүргізуде. «Ақша баланың артынан жүреді» қағидаты бойынша облыс бойынша 3 1057 балаға ваучер беріліпті.

Негізінде кішкентай бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беретін мекемеде айналасын танып-біліп, өмірге бейімделе түседі. Балабақшадағы үздіксіз тәрбие мен сапалы білім ел ертеңі саналатын балғындарды ерте жетілдіреді, ой-өрісін дамытады. Осы орайда «Барлық білімнің бастауы болған балабақшалардың адам өмірінде маңызы зор» деген сөздің тектен тек айтылмағаны белгілі. Біз мақаланы жазу барысында  Тараз қаласындағы №7 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмира Айтқұлованы сөзге тартып, мекеменің тәрбие мен білім беру бағытында атқарып отырған жұмысы жайлы әңгімелескен едік.

– Мектепке дейінгі тәрбие- бала дамуының алғашқы баспалдағы. Баланың ой-санасы, қиялы, тілі, қарым-қатынас жасау қабілеті балабақшада қалыптасады. Психологтар мен педагогтер дәлелдегендей, балаға ең басты құндылықтар – адамгершілік, мейірімділік, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруді ерте жастан бастау керек. Қазіргі таңда №7 бөбекжай-бақшасында 280 бала тәрбиеленуде. Мұнда барлығы 12 топ бар. Бүлдіршіндер  жас айырмашылықтарына қарай ересек, ортаңғы, кіші топ болып бөлінеді. Сондай-ақ 3 мектепалды даярлық тобы бар. Тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне қарай сабақ кестесі әртүрлі болады. 3 жастағы балғындарға дене шынықтыру, мүсіндеу, сөйлеуді дамыту және көркем әдебиет, қазақ тілі сынды пәндер сабақ кестесіне қосылса, 4 жастағы бүлдіршіндердің сабақ кестесінде сауат ашу, математика негіздері, қоршаған ортамен таныстыру сынды тағы да басқа сабақтар бар. Мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, күні бойы балалардың физикалық белсенділігіне уақыт бөлінеді.

Сондай-ақ балалардың сөйлеуін дамыту, халқымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру, сөздік қорын байыту, сөздік нормаларды меңгерту мақсатында күнделікті дамыту жаттығулары мен сергіту сәттері ұйымдастырылады. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбиешілеріміз күні бойы музыка тыңдауды, ән айтуды, импровизацияны, ырғақты-музыкалық қимылдарды үйретуге көңіл бөледі,– дейді бөбекжай- бақшасының меңгерушісі Гүлмира Кендебайқызы.

Сонымен қатар бөбекжай-бақшада қамтылмаған балалармен де жұмысістейміз. Яғни, «Тәрбие бесігі» бағдарламасы аясында кеңес беру пунктііске қосылған. Ата-аналарға баланың балабақшада тамақтану режимі, бүлдіршіндердің мінез-құлқында қандай өзгерістер болатыны туралы ақпарат беріліп отырады. Біз атқарылып жатқан жұмыстармен жете танысу үшін, тәрбиешілермен де, ата-аналармен де тілдестік. Раушан Сағындықова мен тілдескен болатынбыз.

–Біздің балабақшамызда мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарын орындауға жан-жақты жағдай жасалған. Әр топта балаларға арналған дамыту ортасы құрылған. Ол жерде баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына байланысты бүлдіршіндерді дамытып отырамыз. Мәселен, дүкен, кітапхана, жолда жүру ережесі, клининг компаниялар сияқты сюжетті, рольдік ойындарды балалармен бірге ойнаймыз. Сонымен қатар біздің балабақшада арт-терапия орталығы бар. Онда біз балаларды «Құм» терапиясымен және дәстүрден тыс сурет салудың техникаларын үйретеміз. Сондай-ақ бізде сюжеттік-рольдік ойын ойнауға арналған «Жан-шуақ» орталығы ашылған. Орталықта кезекпен бір емхананың жұмысын көрсете отырып, оның қызметін балалармен тәжірибе жүзінде сынап көреміз. Сондай-ақ балабақшамызда «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» және «Әжелер мектебі» жұмыс істейді. Балабақша ішіндегі барлық мектептің өзіндік атқаратын қызметтері бар, «Аналар мектебінде» қыз балаларға аналар халқымыздың ұлттық тағамдарын таныстырып, тәртіп пен этиканы түсіндіреді. «Әкелер мектебінде» бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне байланысты ер балаларға әкелер сабақ өтеді. Ал «Әжелер мектебінде» балаларды қазақ халқының салт-дәстүрімен, ою-өрнектерімен таныстыру мақсатында  танымдық сабақтар ұйымдастырылады,– дейді «Қарлығаш» мектепалды тобының тәрбиешісі Раушан Алпысбекқызы.

Цифрлық дәуірде балалардың ақпараттық сауаттылығы да мектепке дейінгі кезеңнен басталуы тиіс. Дегенмен басты назар – баланың ойлау қабілетін, қиялын, тіл байлығын, ең бастысы, адами құндылықтарын дамытуға бағытталуы қажет. Бөбекжай-бақшадғы белсенді ата-ананың бірі – Гүлжан Атишова «Аналар мектебі» жайлы өз пікірімен бөлісті.

– №7 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі мен тәрбиешілері тәжірибелі, білікті мамандар. Қызым Дария осында өзімен қатар балалармен араласып, тұйық мінезі ашылып, ортасына тез сіңісіп кетті. Және де «Әжелер мектебі» қызымды халқымыздың салт-дәстүрімен, тыныс-тіршілігімен таныстырып, көкжиегін кеңейтуде. Балаларды дамытуға атсалысып жүрген мамандарға алғысым шексіз, – дейді Гүлжан Ескермесқызы.

Болашақтың іргетасы – мектепке дейінгі білім. Бала балабақшадан алған тәрбиесін мектепте жалғастырып, біліммен толықтырады. Ал сапалы берілген мектепке дейінгі тәрбие мен білім елдің келешегін жарқын ететіні шүбәсіз.

Сондықтан әр ата-ана тәрбиенің алтын ұясы саналатын балабақшадағы кезеңге жіті көңіл бөліп,  баланың алғашқы білім баспалдағына ерекше мән беруі қажет.  

 

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар