Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасым - басты байлығым

Отбасым - басты байлығым
Автор
Біздің отбасымыз үлкен әулет. Сондықтан біздің шаңырақта шаттық пен күлкіге толы тіршілік қайнап жатады. Отбасымызда әкем мен анамнан басқа алты бала бар. Әсіресе үлкен ағамды мақтан тұтамын. Себебі ол үйден жырақта, Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Оның бұл азаматтық іс-әрекеті мен үшін үлкен мақтаныш. Әскери киімдегі ағамның суретіне қараған сайын, кеудемді ерекше сезім билейді. Сағыныш пен мақтаныш қатар тізіліп, жүрегіме үміт береді. Ол менің үлгі тұтар тұлғам. Болашақта мен де елге қызмет ететін, өз ісіне адал, ибалы, зейінді қыз болғым келеді.

Анам Мархаббаттың бойында шексіз мейірім мен төзім тұнып тұрғанын іштей сеземін. Анамның бір ғана күлімдеуі жан жарамды емдейтін шипа. Қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Мамандығы – аспаз. Бізге деген қамқорлығы шексіз. Жүрегінің түбіндегі балаларына деген махаббаты жанарынан көрініп тұрады. Ата-анам – маған өмір сүруде көрген-білгенін көкейіме тоқып, оның мән-мағынасы мен мазмұнын барынша ұғындырып жүрген жандар.

Мен көпбалалы отбасында өскендіктен, әрқайсысымыздың мінезіміз әртүрлі. «Балалы үй – базар» дегендей, үйіміз үнемі күлкі мен шаттыққа толы. Кейде бір-бірімізбен келіспей, ренжісіп те қалатын сәттер болады. Артынан әрине, татуласамыз. Бірақ бір-бірімізге деген шынайы махаббат бәрінен биік. Біз әртүрліміз, бірақ жүрегіміз бен тілегіміз бір. Әрқайсымыз осы шаңырақтың бір-бір тірегі екенімізді білеміз. Өйткені, ата-анамыздың айтатын сөзі сол.

Отбасым мен үшін өте қымбат әрі алғашқы тәлім-тәрбие беретін ұлы мектеп. Қай кезде де арқа сүйеуге болатын тірегім екенін білемін. Отбасым болмаса, мен де мұншалықты сенімді, батыл адам болып қалыптаспас едім. Олар маған махаббаттың, сабырдың, жауапкершіліктің не екенін үйретті.

Мен кім болсам да, қандай жолды таңдасам да, ата-анамның берген тәрбиесі – ең үлкен байлығым. Бұл махаббат мені өмір бойы алға жетелейтінін сеземін. Бір күні биікке жетсем, дәл осы отбасы – менің жетістігімнің ең басты себебі болмақ.

Осындай отбасыда өмір сүру – үлкен бақыт, ал олармен бір шаңырақ астында болу – шексіз мақтаныш. Әкемнің өнегесі, анамның мейірімі, ағамның ерлігі мен бауырларымның сүйіспеншілігі мені күн сайын шабыттандырады. Анам – жанымыздың жылуы, әкем – тірегіміз, бауырларым – сырлас досымдай.

Қарапайым ғана бір шындық бар. Ол шындық отаным мен отбасымды қатар сүйгенім. Осы екі ұғымның абыройын асқақтату жолында намысымды кірлетпей, абыройымды асқақтатып өмір сүргім келеді

  

Маржан Садубай,

Қ. Сартбаев атындағы орта мектептің

10 сынып оқушысы.

Жамбыл ауданы,

Ащыбұлақ ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар