
Бұл сөздер еліміздің білім саласындағы басты мақсаттардың бірі әрбір балаға, оның тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алу үшін тең мүмкіндік жасау міндетін айқындайды.
Жаңа мектептердің бой көтеруі, балабақшалардың заманауи жүйеге көшуі, ұстаздардың кәсіби деңгейінің артуы осының бәрі сапалы білімге жол ашып отыр. Жамбыл ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыру аясында аудан бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес, 7 білім беру мекемесін модернизациялау, 43 мекеменің инфрақұрылымын жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.
Нәтижесінде шамамен 10 мың оқушының білім алу жағдайы жақсарады деп күтілуде. Аталған жаңғырту жұмыстары заманауи білім стандарттарына сай 9 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу, пәндік кабинеттермен және жаңа жиһазбен жабдықтау, талшықты-оптикалық интернет желісіне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңарту, қауіпсіздік жүйелерін орнату, осының бәрі қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Бүгінде аудан бойынша 53 білім мекемесінде 2974 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1638-і педагог. Педагогтердің 99,4 пайызы біліктілігін арттырған. Аудан мектептерінде педагог-шеберлерден бастап, педагог-модераторларға дейін кәсіби деңгейі жоғары ұстаздар қызмет етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу» жобасы аясында Жамбыл ауданында 7 мектептің құрылысы жоспарланған.
Соңғы жылдары Шоқай, Шайдана, Бәйтерек ауылдарында жаңа мектептер бой көтерді. Қостөбе ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Алдағы 2026-2028 жылдары Қызылдихан, Қапал және Рахат ауылдарында жаңа білім ошақтары ашылады. Сонымен қатар 18 білім беру мекемесі қайта жаңартылады. Бұл тұрғыда күрделі және ағымдағы жөндеу, жылыжай зертханаларын іске қосу, газдандыру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және спорт алаңдарын салу сияқты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Аудандағы мектептердің 79 пайызы жаңа модификациялық кабинеттермен қамтылған. Физика, химия, биология, лингафонды мультимедиалық кабинеттер оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Білім беру мекемелерінің барлығы бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймесімен, турникеттермен жабдықталған. 302 бейнекамера интеграцияланып, қауіпсіз орта қалыптастырылған. Аудандағы барлық мектептерде WI-Fi желісі орнатылған. 3 мектеп Starlink жүйесіне қосылған. Бұл шалғай ауылдардағы оқушылардың да интернетке еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Ауданда 34 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 2 486 бала тәрбиеленіп жатыр. Бүгінде барлық балабақша «INDIGO» электронды платформасына қосылған. Бұл жүйе ата-аналарға ваучер арқылы орын алу процесін жеңілдетіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. «Qamqor Tech» ақпараттық жүйесі де нақты бала санын бақылап, қаржыландыруды әділ жүргізугеоң септігін тигізді.
Бүлдіршіндердің дамуына арналған экологиялық тәрбие, ұлттық ойындар, дамытушы әдістемелер енгізілуде. Қуаныштысы – аудандық педагогтер жасаған 30 ойыншыққа авторлық құқық берілген. Өткен оқу жылында ауданның 10 575 оқушысының 68,9 пайызы білім сапасын көрсетті. ҰБТ-ға 434 түлек қатысып, орташа балл 76,62 болды. 22 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 51-і үздік аттестат алды. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда өсім бар деген сөз.
Алайда кейбір мектептердің нәтижесі төмен. Мәселен, Жамбыл орта мектебі 55,14 балл ғана көрсетті. Білім бөлімі мұндай мектептерді ерекше бақылауға алып, нақты шаралар қабылдамақ. Дейтұрғанмен соңғы жылдары аудан ұстаздары кәсіби байқауларда жиі көзге түсіп жүр. Нақты айтқанда облыстық деңгейде 71, республикалық кезеңде 7, халықаралық сында 1 жүлдеге қол жеткізілген. 234 жасөспірім ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, 165-і облыстық, 19-ы республикалық деңгейде жеңімпаз болды. Бұл жетістік өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары.
Ауданда ерекше білім беруді қажет ететін 134 бала үшін жасалып жатқан жағдай -өркениетті қоғамның үлгісі. Биылдан бастап Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығының жаңа, заманауи ғимаратқа көшуі-инклюзивті білімге деген шынайы бетбұрыстың белгісі.
Білім беру жүйесін дамыту тек мектеп ғимараттарын салу мен жөндеу ғана емес, бұл ұрпақтың болашағына арналған инвестиция. Бүгінгі атқарылып жатқан істердің нәтижесі ертеңгі күні еліміздің зияткерлік әлеуетін арттырып, жаңа биіктерге жетелейді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ