Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әңгіме өзегі - әлеуметтік қорғау

Әңгіме өзегі - әлеуметтік қорғау
Алтынбек Қартабай
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз етілуін күшейту – басты міндеттердің бірі. Сондықтан да мемлекет тарапынан жүйеге түрлі өзгерістер енгізіліп, бұл бағытта арнайы құрылған институт пен мемлекеттік органдар, қоғам өкілдері бірлесе жұмыс жүргізуде.

Бұл тақырып өз өңірімізде де өзекті. Кеше ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Сейтжан Кенжеғұлдың қатысуымен кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен өткен жиында бірқатар мәселелер кеңінен талқыланып, қоғам өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардың бірлесе атқаратын жұмыстары нақтыланды.

– Қазақстан Республикасында халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылған болатын. Ал 2024 жылғы ақпанда Мемлекет басшысының өкімімен Сейтжан Кенжеғұл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалған.

Біздің өңірде де халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының мәселелерін талқылауға арналған арнайы кеңес өткен еді. Осы кеңестің шешімімен облыс әкімінің жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі болып Шолпан Ахметова тағыйындалған болатын. Оның бұл қызметке келуі көп жылғы қоғамдық жұмыста жинақтаған тәжірибесіне, әлеуметтік тұрғыдан осал топтармен үздіксіз жүргізіп келе жатқан белсенді қызметіне және мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігін басқарып, олардың мүддесін қорғаудағы еңбегіне байланысты болды.

Сейтжан Социалұлы да бұған дейін  әлеуметтік саланы дамыту ісіне елеулі үлес қосып келе жатқан азамат. Ол өңірлерді аралап, әкімдік пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, нақты мәселелерді талқылауға атсалысып келеді, – деді Айжан Серікбайқызы.

Айта кету керек, уәкілдің жұмысының негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру. Осыны өз сөзіне арқау еткен Сейтжан Кенжеғұл әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті.

– Мұнда қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, жергілікті атқарушы орган өкілдері бас қосып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз – бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және азаматтардың заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу. Негізінде әлеуметтік қорғау санатының ауқымы кең. Олардың қатарына тек мүгедектігі бар азаматтар ғана жатпайды, Мәселен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, жалғызбасты аналар мен әкелер секілді санаттардың да әлеуметтік қорғалуы басты назарда болады, – деді Сейтжан Социалұлы.

Сондай-ақ уәкіл Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласында қабылданып жатқан шараларды сөз етіп, Президент бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалғанын, бірқатар азаматқа жеңілдіктер беріліп, оның ішінде кейбірі бостандыққа шыққанын жеткізді. Айтуынша, бұл азаматтарға да әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Сонымен бірге, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған институт құрылып, Президент Жарлығы шыққанымен, уәкілдердің, институттың нақты заңдық мәртебесі енді ғана дайын болыпты. Алдағы айда жаңа заң қабылданады деп күтіліп отырса керек. Осы және өзге де өзекті мәселелер тақырыпқа тұздық болған жиында кезек сұрақ-жауапқа берілді.

– Мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған аса маңызды әлеуметтік мәселелердің шешілуін Президенттің өзі қолдап отырғанын атап өттіңіз. Қазіргі таңда инватакси мәселесі өзекті болып отыр. Көлік министрлігі тиісті заңды қабылдады. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен бюджеттік органдар тарапынан әлі терең зерттеу жүргізілген жоқ. Соның салдарынан кейбір түйткілдер шешілмей қалып отыр. Осы бағытта қандай нақты зерттеу жұмыстары жоспарланған және алдағы уақытта қандай шаруа атқарылады? – деді облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Айгерім Дәулетбаева.

Бұл сұраққа уәкіл: «Инватакси мәселесі бүгінде кез келген қала мен аудандарда қолданыстағы заң аясында жұмыс істеп тұр. Дегенмен оның қызмет көрсету ауқымын кеңейту, қолжетімділігін арттыру секілді түйткілдер бар. Бұл, ең алдымен, жергілікті жерлерде қарастырылған қаржы көлеміне байланысты шешілетін мәселе. Соған қарамастан мәселе тиісті орында талқыланатын болады», – деп жауап берді.

Жиын барысында бұдан басқа да  сауалдар қойылып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар