Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Jibek Joly» – жаңа инвестиция алаңы

«Jibek Joly» – жаңа инвестиция алаңы
Автор
Шу ауданы дамудың даңғыл жолына түсіп, жылдан жылға өркендеп келеді. Оның бірден-бір дәлелі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағына инвестициялық жобалардың көптеп тартылуы. Қазіргі таңда бұл аймақта ресми түрде 22 жоба тіркелген, олардың ішінде 5 жоба толық іске қосылып, нәтижесінде жалпы құны 29 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орындары ашылған. Соның арқасында 146 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Осындай оңды өзгерістерге облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Шу ауданында өткен баспасөз туры барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Аталған аймақтың инвестициялар тарту бөлімінің жетекшісі Амангелді Аяғановтың айтуынша, тағы да 5 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 700 миллиард теңгеге жетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуда.

ГЕРБИЦИДТІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН

Ұйымдастырылған баспасөз туры барысында алғашқы нысан ретінде гербицид өндірумен айналысатын «Хим-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңына аялдадық. Аталған кәсіпорын осыдан бес жыл бұрын іске қосылып, бүгінде тұрақты жұмыс жүйесін қалыптастырған. Жобаның жалпы құны – 26,3 миллиард теңге, ал зауыттың өндірістік аумағы 30,7 гектарды қамтиды. Мұнда ауылшаруашылығындағы егістік алқаптарының арамшөптерін жоюда таптырмас мәнге гербицидтің екі түрі, яғни сұйық және түйіршік күйіндегі өнімдер дайындалып, нарыққа шығарылуда.

– «Хим-плюс» ЖШС өз жұмысын 2019 жылы ресми түрде бастаған. Бүгінгі таңда мұнда өндірілген өнімнің негізгі бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына жөнелтіліп, әсіресе бидай өсіруде кеңінен қолданылып келеді. Бұдан бөлек, Қызылорда, Шымкент және Түркістан өңірлеріне де жеткізілу үстінде. Еліміздегі барлық аймақтың аграршылары бұл өнімге қызығушылық танытуда. Дегенмен ел ішінде аталмыш гербицидтің дәл осы жерде өндірілетінінен көпшілік әлі де бейхабар. Сондықтан да кәсіпорын қазіргі таңда өнімді кеңінен таныстыруға, жарнамалық жұмыстарды жандандыруға күш салуда.

Кәсіпорын өндіріп отырған гербицидтің тиімділігі өте жоғары деңгейде десем артық айтқаным емес. Себебі гербицидтің орта есеппен 1,5 литрі бір гектар жерге толық жетеді. Өнім негізінен 20 литрлік ыдыстарға құйылып, шаруаларға ыңғайлы қалыпта ұсынылады. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы болғанымен, қазіргі таңда нақты өндіріс көлемі шамамен 400 тоннаны құрап отыр. Мұның басты себебі сұраныстың әлі де төмендігі мен жарнамалық жұмыстың жеткілікті деңгейде жүргізілмеуі. Десе де кәсіпорын жыл сайын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырып келеді. Мәселен, көрсеткіш 2023 жылы  80, 2024 жылы  280, ал биыл 400 тоннаға жетіп отыр.

Нарықтағы бір литр гербицидтің құны шамамен 2 800 теңге болса, мемлекет тарапынан 1 270 теңгеге дейінгі субсидия қарастырылған. Бұл шаруалардың шығынын азайтып, өнімнің қолжетімділігін арттыруға сеп болуда. Бүгінгі таңда зауытта 27 қызметкер еңбек етіп, өндірістің тұрақты дамуына өз үлестерін қосып отыр,– дейді серіктестіктің бас директоры Олжас Оралғазынов.

Аталған зауыт гербицид өндірумен қатар, оны құятын арнайы ыдысты да (канистр) өздері жасап шығарады. Ыдыстар үш түрде, 1 литр, 5 литр және 20 литр көлемде жасалады. Дегенмен тапсырыс берушілердің басым көпшілігі 20 литрлік гербицидке сұраныс білдіреді.

 

КАССАЛЫҚ ЧЕКТЕРДІҢ ҚАЙДА ӨНДІРІЛЕТІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Мұнан соң БАҚ өкілдері «С9 Technologies» ЖШС-не тиесілі  этикет-ленталарға (термоэтикеткаларға) және чек лентасына арналған пластмасса втулкалар өндіру ошағының жұмыс барысын көзбен көрді. Бұрнағы жылы іске қосылған кәсіпорын 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс ошағының техникалық директоры Дәуір Баймолдаев облысымызда кассалық чек, этикет-лента шығаратын жалғыз орталық осы аймақта орналасқанын айтады.

– Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы қазіргі таңда 240 тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны шамамен 200 миллион теңге көлемінде. Цехта барлығы 15 қызметкер еңбек етеді. Олардың төртеуі еңбек демалысында болуына байланысты қазір 11 адам толық өндіріс процесін жүргізуде. Қолданыстағы өндірістік цехта 5 станок пен өзге де арнайы технологиялық құрылғылар жұмыс істеп тұр. Мұнда дайындалған өнімдер Қазақстанның барлық облыстарына жеткізіліп, нарықтағы қажеттілікті өтеуде. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, желтоқсан айында қосымша техникалар мен жаңа құрылғылар сатып алынып, цехқа орнатылатын болады. Соның нәтижесінде өндірістік қуаттылық қазіргі 240 тоннадан екі есеге өсіп, 480 тоннаға дейін жетуі көзделуде.

Этикет-ленталардың өлшемі 58х30 миллиметрден  58х100 миллиметрге дейінгі аралықты қамтиды, яғни тұтынушылардың әртүрлі қажеттіліктеріне, сұраныстарына қарай жасалады,–дейді Дәуір Шалқарбекұлы.

 

Аммоний бифторидіне сұраныс артады

«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатқан жобалар жетерлік. Іске қосылған жобаның бірі -«Chemical Engineering» ЖШС-нің аммоний бифториді өндірісі. Зауыттың басты мақсаты – еліміздегі химия өнеркәсібін дамыту және оның өндірістік көлемін ұлғайту. 2023 жылы іске қосылған бұл өндіріс ошағы бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Өндіріс орнының ерекшелігіне байланысты кәсіпорын басшылығы барлық БАҚ өкілдерінің цех ішіне кіруіне рұқсат бермеді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, тек екі оператор ғана ішке еніп, жұмыс барысын таспаға түсірді. Мұндай шектеудің өзіндік себебі де бар. Зауытта улы химиялық өнім өндірілетіндіктен, ең алдымен қызметкерлер мен қонақтардың  қауіпсіздігі басты назарда болатыны белгілі.

«Chemical Engineering» ЖШС-нің бас инженері Алексей Демгин аммоний бифторидінің өндірілу тарихына тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– Аталған өнімді өндіру жобасы алғаш рет 2022 жылы қолға алынған болатын. Кейіннен өндірістік нысан жалға алынып, 2023 жылы ресми түрде іске қосылды. Қазіргі таңда жұмыс барысы екі ауысымдық режимде, күндізгі және түнгі мезгілдерде ұйымдастырылуда. Өндіріс көлемі көңіл көншітерлік емес. Әр ауысымда шамамен 375 келі өнім дайындалуда. Демек, тәулігіне орта есеппен 750 келі, ал жылдық көрсеткіш бойынша 240 тонна өнім шығарылуда. Негізгі тапсырыс беруші еліміздегі уран өндіру саласының жетекші компанияларының бірі – «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы. Аталған өнімнің тұрақты өткізілуіне осы серіктестік арқылы жол ашылуда. Дегенмен кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – өндіріс көлемін жылына 1000 тоннаға дейін жеткізу. Осыған байланысты қазірдің өзінде жаңа зауыт құрылысының жобасы әзірленіп, оны жыл соңына дейін толықтай аяқтау көзделуде. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда кәсіпорынның өндірістік әлеуеті артып қана қоймай, еліміздің химия өнеркәсібіндегі орны да нығая түспек,– дейді бас инженер.

 

ОБЛЫСТА БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН БАСТАМА

БАҚ өкілдері келесі кезекте «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС-не қарасты «Сутегінің асқын тотығын өндіру» зауытының құрылыс алаңына бас сұқты. Қазіргі таңда мұнда қарқынды түрде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны шамамен 32 миллиард теңгені құрап, нысанның ауқымды екенін көрсетіп отыр. Зауыттың өндірістік кешені 16 гектар жерді қамтиды. Құрылыс алаңында қазірдің өзінде 150-ге жуық адам еңбек етуде. «AsiaGeoProjekt» ЖШС директорының орынбасары Бағдат Искендировтың мәлімдеуінше, зауыт толық қуатында іске қосылған соң шамамен қырықтан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

– Зауыттың құрылыс жұмыстарының толық аяқталуы биылғы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Осы мерзімге дейін барлық қажетті арнайы құрылғылар да түгелдей орнатылмақ. Алайда өндірістік үдеріс нақты келесі жылы ғана іске қосылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында атқарылған жұмыстардың қарқыны айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, бетондау жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Ал жер бетінен көтеріле бастайтын конструкциялық бөліктерге қажетті материалдардың 50 пайызы жеткізіліп, оның 30 пайызы игерілді, қалған бөлігі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Айта кетерлігі, өндіріс үшін қажетті құрылғылардың барлығы 100 пайыз көлемінде орнатылып біткен. Ендігі басты міндет құрылыс-монтаждау жұмыстарының қалған бөлігін уақытылы аяқтап, кәсіпорынды толық іске қосуға дайындау,– дейді Бағдат Искендиров.

Ал «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының инвестициялар тарту қызметінің жетекшісі Амангелді Аяғановтың айтуынша, «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС 5 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан компанияның бірі. Маманның дерегінше, аталған зауыт толық қуатында іске қосылған жағдайда оның жылдық өндірістік әлеуеті 30 мың тонна өнім шығаруға жететін болады. Бұл өнімдер металлургия, химия өнеркәсібі, тоқыма өндірісі, сондай-ақ су тазалау саласында кеңінен қолданыс табады деп күтілуде. Техникалық жағдайы да толық автоматтандырылған жүйеге көшеді.

 

ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖИЫРМАДАН АСА НЫСАНЫ БАР

Тілшілер қауымы келесі кезекте «SHENGTAI BIOTECH CO.,LTD» ЖШС-не тиесілі жүгері өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда алып кәсіпорынның негізі қаланып, өндірістік нысандардың бой көтеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«SHENGTAI BIOTECH CO.,LTD» компаниясы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағына ең ірі көлемде қаржы құйып отырған инвесторлардың бірі саналады. Жалпы инвестиция көлемі 407 миллиард теңгеге тең болса, оның ішінде тек жүгері өңдеу зауытын салуға бағытталған қаржының өзі 200 миллиард теңгені құрайды. Аталған жоба аймақтың ғана емес, тұтас еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы аса ауқымды жобаларының бірі болып отыр. Былтыр басталған зауыт құрылысы жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін толық аяқталуы тиіс. Жоба жүзеге асқан жағдайда жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи өндіріс іске қосылады. Мұнда жүгеріден биологиялық қоспалар, крахмал өнімдері, глюкоза мен басқа да қосалқы өнімдер өндірілмек.

Компанияның әкімшілік хатшысы Сун Джа Шин зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған сәтте 1500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын сөз етті. Жоба іске асқанда аймақтың экономикалық келбеті айтарлықтай өзгереді деп күтілуде.

– Қазіргі таңда қарқынды жүріп жатқан зауыт құрылысының басты мақсаты жүгеріні терең өңдеу арқылы ел экономикасына қосымша серпін беру. Жобаның жалпы инвестициялық құны 800 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұндай көлемдегі қаржының салынуы компанияның әлеуетін ғана емес, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі мүмкіндіктерінің де жоғары екенін көрсетіп отыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін зауыттың бірнеше нысандары пайдалануға берілмек. Сонымен қатар бұл жобаның ауқымы Қазақстан аумағымен ғана шектелмей, бүкіл Орталық Азиядағы ірі өнеркәсіп орындарының біріне айналмақ. Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде еңбек ететін қызметкерлердің басым көпшілігі Қазақстан азаматтары болады. Себебі жергілікті халықтың тұрақты жұмыс орындарымен қамтылуы бірінші орында. Сонымен қатар жаңа өндірістік мәдениет қалыптастыру, білікті мамандар даярлау, отандық кадрлардың әлеуетін арттыру аясында да қосымша жұмыстар жүргізілетін болады. Зауыттың негізгі өнімдері – амин қышқылы, тағамдық қоспалар және арнайы мал азығына арналған қоспалар,–дейді Сун Джа Шин.

Компания өкілдерінің айтуынша, зауыттың биылғы жоспарлы жұмысына шамамен 1 миллион тонна жүгері қажет болады. Ал зауыт толық жұмыс істей бастағанда, жылына 5 миллион тоннаға дейін жүгері қабылдау мүмкіндігі пайда болады. Жүгері өндірісіне деген сұраныстың артуы жергілікті шаруаларға жаңа мүмкіндік береді. Компания өкілдері дәнді дақылдың басым бөлігін дәл осы өңірдің өзінен сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар компания басшылығы халықты жүгері егіншілігімен көбірек айналысуға ынталандыруға ниетті. Себебі жүгері тек мал азығы ретінде ғана емес, қайта өңдеу арқылы тағамдық, өнеркәсіптік және медициналық мақсаттарға арналған құнды өнімге айналатыны белгілі.

Айта кетейік, Сун Джа Шиннің дерегінше Қытай Халық Республикасында дәл осындай алты алып өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанда мұндай өндіріс орны алғаш рет іске қосылып отыр.

Жалпы алғанда жүгеріні терең өңдеуге бағытталған бұл зауыт тек бір кәсіпорын ретінде ғана емес, тұтас аймақтың аграрлық-индустриялық дамуына серпін беретін стратегиялық нысан болмақ. Оның іске қосылуы арқылы Қазақстан халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде жаңа дәуірді бастайды.

Баспасөз туры аясында аймақтағы инвестициялық жұмыстармен танысып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жатқан нысандарды көзбен көріп қайттық. Жоғарыда айтылған жүйелі жоспарлар толық жүзеге асатын болса, Әулиеата өңірінде экономикаға серпін беретін бірқатар мәселелердің шешімі табылмақ.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар