Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар қауіпсіздігі-басты назарда

Балалар қауіпсіздігі-басты назарда
Алтынбек Қартабай
Бала қауіпсіздігі – қай кезде де өзекті мәселе. Өрендеріміз – елдің ертеңі, болашақта елге адал қызмет ететін білімді азаматтар. Сондықтан олардың бүгінгі күні алаңсыз, аман-есен өтуі аса маңызды. Ал санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылы да балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдайда ұйымдастырылуы тиіс.

Осы мақсатта кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар әлеуметтік, құқықтық және тәрбиелік бағыттағы мәселелер қаралды.

Алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков «Мектепке жол» акциясы бойынша баяндама жасады. Жалпы акция барлық ауданда ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Алайда Меркі, Шу, Жамбыл, Жуалы аудандарында акция жұмысын күшейту қажет.

– Мойынқұм, Жуалы аудандарында жеңілдетілген бағада жәрмеңкелер ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ акцияның басталуы туралы Қордай ауданы әкімдігінің ғана сайтында жарияланған. Ал Тараз қаласы мен басқа аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында «Мектепке жол» акциясы туралы жарияланым жоқ, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Баяндамашы есебінен кейін Серік Жақсылықұлы әлеуметтік көмек көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан өрендердің қажетті оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілуіне назар аударды. Сонымен қатар санаулы күндерден соң есігін айқара ашатын мектептердің қауіпсіздігі қай деңгейде екеніне алаңдаушылық білдірді. Білім ошақтарында турникеттердің, ішкі-сыртқы бейнебақылау камераларының, күзет қызметінің жұмысын ерекше қадағалау қажеттігін айтты. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясында белсенділік танытпай отырған аудандағы жауаптыларды сынға алды.

Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков түсініктеме берді. Басқарма басшысының  айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік көмек орталығында 15 бала бар. Оның 11-іне тиесілі қаражат бөлініп, көмек көрсетілген. Қалған 4 балаға қажетті қаражат тамыздың 25-іне дейін толықтай төленбек. Орталықтағы балалардың қозғалысы жиі болатындықтан, кейбірі өз аудандарына қайтқанда қаражат дер кезінде жеткізіледі.

Ал мектептердің қауіпсіздігіне келсек, облыс бойынша 500 мемлекеттік және 229 жекеменшік білім беру мекемесі терроризм тұрғысынан осал нысандар санатына жатады екен. Оның ішінде мемлекеттік мекемелердің 66 пайызы (354 мекеме) бүгінде қажетті қауіпсіздік техникаларымен, құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Турникеттер, дабыл түймелері мен күзет жүйесін орнату жұмыстары осы аптаның соңына дейін 100 пайызға орындалмақ.

Жекеменшік мектептер арасында 229 мекеменің 122-сі барлық талап бойынша толық қамтылған. Қалғандарында әлі де шешімін күткен мәселелер бар екен. Басқарма басшысы бұл сұрақтар Үкімет деңгейінде кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Сол секілді қазіргі таңда Қордай ауданындағы 25 мектепте турникет орнату жұмыстары аяқталуға жақын, алдағы апта соңына дейін толық іске қосылады. Мойынқұм ауданында да кейбір білім ошақтарында күзетке қатысты сұрақтар туындағанымен, ол мәселелер де шешімін тауып жатқан көрінеді.

Жиында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Юсупов баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 29 қылмыстық іс қозғалған.

– Қылмыстық істің 13-і жыныстық қолсұғушылыққа байланысты тіркелді. Талдау көрсеткендей, мұндай қылмыстардың бір бөлігі жәбірленушінің туыстары (ағасы, өгей әкесі), бір бөлігі таныстары тарапынан, ал кейбірі кездейсоқ адамдар мен такси жүргізушілері тарапынан жасалған. Қазіргі таңда 29 істің 12-сі сотқа жолданып, қалғандары тергеу сатысында тұр.

Сонымен қатар өңірде педофилия қылмыстарының алдын алу бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстық полиция департаментінің есебінде 157 адам тұр. Оның 80-і қамауда, бір бөлігі диспансерлік ем алуда, ал 72-сі жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Бұл тұлғаларға қатысты учаскелік полиция қызметкерлері және әкімдік өкілдері бірлесіп тұрақты бақылау жүргізеді. Әсіресе олардың мектептер мен балалар шоғырланатын орындарға жақындығы ескеріледі, – деген Мақсат Мүсрепбекұлы соңғы бес жылда осындай ауыр қылмыс қайта жасалмағанын атап өтті.

Алайда биыл 26 шілдеде Шу ауданында жазасын өтеп, 2022 жылы бостандыққа шыққан бұрынғы сотталған азамат қайта қылмыс жасаған. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының ерекше назарында екен.

Полиция полковнигінің сөзіне сүйенсек, бостандыққа шыққан азаматтар сегіз жылға дейінгі мерзімде әкімшілік қадағалауға алынады. Оларға белгілі шектеулер қойылып, тұрғылықты жерінен тысқары шығу немесе орын ауыстыруы сот шешімімен реттеледі. Дегенмен конституциялық құқықтарына байланысты кейбір шектеулер заң аясында ғана жүзеге асады.

Жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылық мәселесіне байланысты жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Серік Жақсылықұлы құзырлы органдарға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әлі де оқшауланбаған 72 педофилге қатысты нақты шара қолдану қажеттігін атап өтті. Әсіресе ата-анасымен бірге тұратын, бірақ әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы балаларға ерекше қамқорлық қажет екендігі баса айтылды. Олардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – қоғамның да, мемлекеттік құрылымдардың да ортақ міндеті.

Өзекті тақырыптар талқыланған басқосуда Талас ауданы, Көктал ауылында орын алған мәселеге қатысты жүргізілген зерделеу қорытындысы және «Қауіпсіз терезе» акциясының орындалуы жөнінде облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Қарлығаш Салықбаева баяндама жасады. Қарлығаш Әшірбайқызының сөзіне сүйенсек, Талас ауданында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жергілікті білім бөлімінде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің, Қаратау технология және бизнес колледжінің және Талас аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының жұмыстарын зерделеу барысында бірқатар мән-жайлар анықталған.

– Зерделеу барысында, Талас ауданы, Көктал ауылы, Қазыбек би көшесі №1 үйдің тұрғыны Н.Нурмуханбетованың кәмелетке толмаған 6 баласы бар екендігі анықталды. Балаларға мектеп әкімшілігі тарапынан зерделеу жұмыстары осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында жүргізілген, қалған уақыттарда балалардың тұрғылықты жері бойынша тұрмыстық жағдайлары зерделенбеген.

Жеткіншектердің бірі – кәмелетке толмаған Ерсін Нурмуханбетов биыл 24 сәуірде Алматы облысы, Талғар ауданы, И.Ф.Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептен Қаратау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 4-сыныбына ауысып келген. Бірақ Ерсінге оқу-жазу, санауды меңгеру қиынға соққан көрінеді. Осыдан кейін анасы Н.Нурмуханбетованың 28 сәуір күнгі өтініші мен педагогтер отырысының хаттамасы негізінде ол бірден 2-сыныпқа ауыстырылған. Ерсін Нурмуханбетотің психологиялық-педагогикалық жағдайы зерделенбей, мектеп әкімшілігі тарапынан заң бұзушылыққа жол берілген және аудандық білім бөліміне хабарланбаған.

Сондай-ақ осы отбасындағы Ерсұлтан Төлен және Нұрсұлтан Төлен 2024-2025 оқу жылына «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы оқуға қабылданған. Тексеріс кезінде екі жігіттің сабаққа қатысу деректерінде сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, электрондық және қағаз жүзіндегі журналда 116 сағаттық айырмашылық бар. Ерсұлтан Төленнің 4 күн (8 сағат) сабақтан қалғаны тіркелсе, Нұрсұлтанның сабақтан қалмағаны көрсетілген.

Өзіндік жұмыстар бойынша да алшақтық байқалды. Нұрсұлтан Төленнің тапсырмалары колледжде сақталған, ал Ерсұлтанға қатысты құжаттар ұсынылмаған.

Сонымен бірге тексеріс барысында курстастарынан да пікір алынды, – деген Қ.Салықбаева кәмелетке толмаған Н. Төлен бұған дейін осы жылдың 12 шілдесінде де үйінен өз бетімен кетіп қалып, кейін қайта табылғандығы анықталғанын жеткізді.

Бұл жағдайды ауылдық учаскелік инспектор, аудандық ювеналды полиция инспекторы және Көктал ауылының әкімі білген. Отбасындағы тұрақсыз жағдай сол кезден анық байқалғанымен, учаскелік полиция қызметкері, ауыл әкімі бұл мәселені аудандық комиссияның қарауына ұсынбаған.

Күн тәртібіне сәйкес кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары  Ұлана Сламбекова мен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары  Рүстем Қасымов баяндама жасады.

Серік Жақсылықұлы облысымыз республика бойынша суицид көрсеткіші жағынан бірінші орынға шығып отырғанын атап өтіп, мәселені шешу үшін кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. С.Сәлемов ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін себептердің бірі – қуаныш гормонының төмендігі екенін айтты. Оның пікірінше, бұл гормон ең алдымен спортпен шұғылдану кезінде бөлінеді.

– Сондықтан өскелең ұрпақты спорттық және мәдени-көпшілік шараларға белсенді тарту қажет. Өйткені жасөспірімдердің планшетке телміріп, жаман ойдың шырмауына түсуіне жол беруге болмайды, – деді С.Жақсылықұлы.

Жиын соңында Қаратау технология және бизнес колледжі директорының тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы колледж құрылтайшысына ұсыныс енгізу, Талас ауданының әкіміне әлеуметтік салаға жауапты орынбасарының және Көктал ауылы әкімінің, облыстық полиция департаментіне аудандық полиция қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізілді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар