
Аида – ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша білім алып жүрген санаулы қыздардың бірі. Техникалық бағыттағы мамандықты игеріп жүрген бойжеткен бұл саланың нәзік жанды аруларға да қолайлы әрі қызықты екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
2008 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген Аида тоғызыншы сыныпты 2024 жылы тәмамдайды. Мектепті бітірген соң, көп ойланбастан, кәсіби білім алуды жөн көреді. Таңдауы – ауыл шаруашылығы саласына түсіп, механизация бағытын игеру. Бұл шешімі көпшілікті таң қалдырғанымен, Аида үшін саналы таңдау еді.
- Алғаш тракторға деген қызығушылығым атаммен бірге егістікке барған сәттен басталды. Сол кезде техниканың ірілігі, гүрілдеген дауысы, жұмыс барысы мені қатты қызықтырды. Балалық шағымда сол машиналарды бір күні өзім жүргіземін деп армандайтынмын. Қазір сол арманым орындалды, – дейді Аида.
Кейіпкеріміз колледжге алғаш қадам басқан сәттен өз мамандығының маңызын түсінеді. Алғашында үлкен техниканы тізгіндеуге жүрексінгенімен, оқытушылардың қолдауы мен сенімінің арқасында ол бұл саланы толық игеруге бел буады.
-Алғашқы кезде өзіме сенімсіз болдым. Бірақ колледждегі ағайларым маған үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Түсіндіріп, үйретіп, сенім артты. Сол үшін ұстаздарыма алғысым шексіз. Әсіресе, Бағдат және Алмаз ағайларға ерекше рахмет айтамын, – дейді Аида ризашылықпен.
Ұстаздарының айтуынша, Аида-білімге құштар, ізденімпаз студенттердің бірі. Теориялық білімге де, тәжірибеге де ерекше ынтамен қарайды. Оқу үлгерімі жақсы, тапсырмаларды мұқият орындайды.
-Аида-өте ынталы, жауапкершілігі жоғары студент. Трактор жүргізуге алғаш келгенде қорқақтап тұрғанымен, қызығушылығы басым болды. Уақыт өте келе өзіне сенімді, нақты шешім қабылдай алатын маман ретінде қалыптасты. Біз оның бұл жолда табандылық танытып, шынымен берілгенін көріп қуандық, – дейді жетекші оқытушысы Алмаз Рахманбердіұлы.
Аида Мақсатқызы трактор жүргізуді меңгеріп қана қоймай, оны өмір салтына айналдырып келеді. Қазір ол техниканың түр-түрін тізгіндеп, күнделікті оқу тәжірибесін жетілдіру үстінде. Тіпті ауылдастары арасында техниканы игерген батыл қыз ретінде танылып үлгерген.
-«Қыздың қырық жаны бар» дейді ғой. Сол сөздің шындығына көзім жетті. Алғашқы кезде бәрі қиын көрінетін. Бірақ үйрене келе бәрі реттелді. Қазір трактор жүргізу мен үшін үйреншікті жұмыс. Ең бастысы – ниет пен табандылық болса, қыздар да бұл саланы толық меңгере алады, – дейді ол.
Талапты жас болашақта ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, оны заман талабына сай жаңғыртқысы келеді. Ол тек өзі ғана үйреніп қоймай, ауыл жастарына да бағыт-бағдар беруді армандайды.
-Жеріміз кең, мүмкіндігіміз мол. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдалансақ, ауылдар да көркейеді. Мен болашағымды ауылмен байланыстырамын. Себебі ауыл – менің жүрегімнің төрінде. Өз арманымды ауыл игілігіне арнап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлесімді қосқым келеді, – дейді студент қыз.
Аиданың жетістігі тек техниканы меңгерумен шектелмейді. Ол шығармашылық, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. 2024 жылы өткен «Екі жұлдыз» байқауында екінші орынды иеленсе, облыстық «Абай оқулары» байқауында жүлделі үшінші орынға ие болған. Сонымен қатар, колледж ішіндегі студенттік парламент ұйымында «Өнер» фракциясының мүшесі ретінде түрлі мәдени іс-шараларға атсалысып келеді.
-Бос уақытымда өлең оқимын, домбыра тартып, ән айтамын. Өнер – адамның жан дүниесін байытады. Техникалық салада оқығанмен, рухани жағың да мықты болуы керек деп есептеймін, – дейді ол.
Қазірдің өзінде трактор тізгіндеп, кәсіби білімін шыңдап жүрген Аида – бұл мамандықтың қыздарға да қолайлы екенін дәлелдеп жүрген жастардың бірі. Оның табандылығы, жауапкершілігі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі ауыл қыздарына үлгі бола алады.
Мамандық таңдау – өмірлік маңызды шешім. Аида бұл таңдауды жүрек қалауымен жасаған. Оқуға деген ынтасы, техникаға деген қызығушылығы, еңбекке деген адалдығы оның кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Бақытжан БЕКБОЛАТ
журналист,
Жуалы ауданы