Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жастар практикасы»- жақсы мүмкіндік

«Жастар практикасы»- жақсы мүмкіндік
Автор
Бүгінде жастарды қолдау -ел дамуының басты басымдығы. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынған маңызды бастамалардың бірі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл бастама оқу орнын енді аяқтаған, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ жас түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған. Жоба аясында жас мамандар өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинап, болашақта тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы 1 тамыздағы мәліметіне сүйенсек, «Жастар практикасы»  бойынша 9,1 мың жас маман жұмысқа орналасыпты. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама аясында жалпы 38,9 мың жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.

Жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасқан жастардың ең көп бөлігі Түркістан (2,1 мың адам),   Жамбыл (802 адам),  Қызылорда (775 адам) облыстары мен Шымкент қаласында (665 адам) тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіштер бағдарлама аясындағы жұмыстардың нәтижелі жүріп жатқанын айғақтайды.

Бағдарламаға қатысушы жастардың 62,7 пайызын әйелдер (5,4 мың адам), ал 58,1 пайызын ауыл тұрғындары (5 мың адам) құрап отыр.

Айта кету керек, «Жастар практикасы» бағдарламасына 35 жасқа дейінгі, жұмыссыз, кәсіби білімі бар түлектер қатыса алады. Олар мамандығына сай алғашқы жұмыс тәжірибесін алу үшін мансап орталықтарына өтініш береді. Жұмыс беруші тарапынан әр қатысушыға арнайы тәлімгер бекітіледі, ол жас маманға бағыт-бағдар беріп, кәсіби тәжірибесін бөліседі.

Республика бойынша «Жастар практикасы» бойынша төленетін орташа жалақы – 109,5 мың теңге.  Бұл қаражат Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қатысушылардың банктік шотына ай сайын аударылып отырады.

Бағдарлама аясында сұранысқа ие мамандықтардың көшін мейіргерлер (654 адам) бастап тұр. Сонымен қатар заңгер (367), бастауыш сынып мұғалімі (309), тәрбиеші (292) және шет тілі мұғалімі (282) мамандықтары да жоғары сұранысқа ие.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар