
Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен құрылған арнайы жұмысшы топтар ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Соның бірі Кеңес ауылдық округінде өтті. Кездесуге «Меркі медиа» орталығының басшысы Қазыбек Камал, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ерғали Қалысбаев, ауыл әкімі Бек Қойшыбеков, учаскелік полиция қызметкерлері, жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді қоғам мүшелері қатысты.
Кездесу барысында ішімдіктің отбасы мен қоғам тыныштығына тигізер зияны, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа жол ашатын фактор ретіндегі кері әсері кеңінен түсіндірілді. Топ мүшелері ауыл тұрғындарын «Ішімдіксіз ауыл» жобасын бірлесе қолдауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндеді.
– Бұл бастама – ұрпақ амандығы үшін қолға алынған жоба. Жасөспірімдер ішімдік атаулыны дүкен сөресінде көрмесе, олардың таңдау еркіндігі де салауатты жолмен өрбитіні анық. Ал ауыл – қазақы рухтың ошағы. Егер ауылдарымыз ішімдік атаулыдан арылса, бұл – тұтас ұлттың рухани серпілуіне бастар жол болмақ, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Ерғали Қалысбаев.
Кездесу нәтижесінде ауылдағы бірнеше дүкен иелері жобаны қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартуға ниет білдіріп, арнайы меморандумға қол қойды. Мұндай қоғамдық келісім – тек қағаз жүзіндегі міндеттеме емес, бұл – ортақ сенімнің, ішкі ұстанымның белгісі. Ауыл жұрты болып бірлесе әрекет еткенде ғана ішімдік секілді әлеуметтік кеселдің алдын алуға болады.
Келесі кездесу Аспара ауылдық округінде жалғасып, топ мүшелері ішімдіктің тек денсаулыққа ғана емес, тұтас ұрпақ тәрбиесіне, отбасылардың берекесіне, ауыл тыныштығына тигізер кері әсері жайлы сөз қозғады. Бұл жоба құқықбұзушылықтың алдын алып, жастарды жат қылықтардан сақтауға бағытталған нақты әрекет екені айтылды. Бұл басқосуда да дүкен иелері жобаны бірауыздан қолдап, ішімдік өнімдерін сатудан бас тартуға дайын екендерін жеткізді.
Қоғамның тазалығы – адамның ішкі мәдениетінен басталады. Ал ауыл – қазақ қоғамының алтын діңгегі. Ішімдіксіз ауыл салауатты, өрелі ортаның қалыптасуына жол ашады. Сол себепті аудандық жұмысшы топ алдағы уақытта өзге ауылдық округтерде де кездесу өткізуді жалғастырады.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ