
Аудандық мансап орталығының директоры Ербол Дүйсебаевтың айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4120 адамды тарту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 2121-і қамтылып отыр. Жұмысқа орналастыру жоспары 3355 адамды құраған болса, бүгінде оның 1610-ы тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылған. Бұл ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық. Сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 30 адам жіберіліп, 264 адам онлайн оқудан өтіп, оның 258-і тиісті сертификатқа ие болған. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды игеріп, өз өмірін өзгерткісі келетін азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Бұдан бөлек, биыл 91 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланса, оның 45-і қолдауға ие болып, жеке кәсібін бастауға жол ашқан.
Жиында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жауаптыларға халықты жұмыспен қамтуда босаңсуға болмайтынын ұқтырды. Әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтардың еңбек нарығына араласуына нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Қысқа мерзімді оқыту курстарының тиімділігін арттырып, мемлекеттік грант иегерлерін тек бастапқы кезеңде ғана емес, жобалары табысты іске асқанға дейін жүйелі түрде сүйемелдеу қажеттігін атап өтті.
Кеңесте аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жағдайына қатысты аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Әкек баяндама жасады. Оның мәліметінше, қазіргі таңда аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 844,3 шақырымды құрайды. Аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл аудан бойынша 24 көшенің 24,4 шақырым жолын жөндеуге 726,5 миллион теңге бөлініп, бүгінде Меркі ауылындағы Асқаров, Ахтамбердиев, Мусабекова көшелері, Интернациональная ауылындағы Новая, Бұлқышев, Арна көшелері және Андас батыр ауылындағы Қызыл Еңбек көшесінде асфальт төсеу жұмыстары 90 пайызға дейін орындалған. Қалған көшелерде жол негізін нығайту, су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2026 жылға арналған жаңа жобаларға қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан өткізу жұмыстары басталған.
Аудан әкімі жол жөндеу жұмыстарының сапасын жіті бақылауда ұстау мәселесіне де баса назар аударды. Жыл соңына дейін жоспарланған барлық көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды және келер жылға ұсынылатын жобалар бойынша барлық құжаттарды уақтылы сараптамадан өткізіп, тиісті мемлекеттік бағдарламаларға ұсынуға дайын болуды жүктеді.
Келесі кезекті аппарат жиынында жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берді. Оның айтуынша, Меркі ауданында 58 мемлекеттік білім беру ұйымы, 3 жекеменшік мектеп және 17 жекеменшік балабақша бар. Алдағы жаңа оқу жылында 35 мектепте 16 850 оқушы білім алады, олардың ішінде 1 350 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
– Бүгінде аудан бойынша білім сапасы 71 пайызға жетіп, ҰБТ-ның орташа балы 80,1-ге көтерілді. Мектептер 100 пайыз интернетпен қамтылған, оқулықтар толық жеткізілді. Төрт мектепке заманауи «STARLINK» спутниктік интернеті қосылған. Сондай-ақ 6 850 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады, – деді А. Алтынбаева.
Биылғы жазда бірқатар мектептер мен балабақшаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім нысандары бейнебақылау және дабыл жүйесімен толық жабдықталған екен.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі тиісті бөлімдерге жаңа оқу жылына дайындықты кешенді түрде аяқтауды тапсырды. Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуда санитарлық талаптарды қатаң сақтау, білім мекемелерінің маңындағы жол белгілерін ретке келтіру, мектеп базасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту міндеттелді. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды белгіленген мерзімде толық аяқтау, мектеп жанындағы қосалқы электр стансаларында қауіпсіздік талаптарын сақтау, ал жылыту маусымына дейін барлық білім ұйымдарының қазандықтарын толық дайындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде: «Жаңа оқу жылы – тек білім беру үдерісінің басталуы ғана емес, бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі мен жайлы білім алуы үшін үлкен жауапкершілік кезеңі. Әр мектеп пен балабақшаның дайындығы мінсіз болуы тиіс», – деді.
Назерке ҒАЛЫМ,
журналист
Меркі ауданы