Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Автор
«Өз үйім – өлең төсегім» дейді қазақ. Пәтерден пәтерге көшіп жүру азаптан бөлек, қалтаға айтарлықтай салмақ салып, баспанасы жоқтарды қажытатыны белгілі. Одан бөлек, бірде болмаса бірде қожайын жоқ жерден қоқаңдаса, біреудің босағасында отырғаны үшін әлгі адам өзін қор сезінуі әбден мүмкін. Сондықтан да баспана мәселесі қай кезде де өзекті тақырып болып қала береді.

Дегенмен соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны күшейе түскенін айта кетуіміз керек. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік... Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш», – деген еді.

Өз облысымызда да сәт сайын жаңа шағынаудандар ашылып, сәулеттік келбеті көз тартатын тұрғын үйлер көптеп салынуда. Талай отбасы қоныс той тойлап, кеудесін шаттық кернегеніне де куә болып жүрміз. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялар және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дәулет Дайрабаевтың айтуынша, халықты баспанамен қамтуда бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді екен. Әулиеаталықтардың ішінде пәтерге қол жеткізе алмай жүргендердің біртіндеп болса да баспаналы болуына аталған басқарманың жоспарлы жұмыстары септігін тигізуде.

– Тұрғын үй кезегінде тізімде тұрған азаматтарды рет-ретімен баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркелген. Оның 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Өткен жылдың қорытындысымен облыс аумағында 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Соның есебінен, бұрнағы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 104,5 пайызға артты. Биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 100,8 пайызға орындап, меже бойынша 765 мың шаршы метр тұрғын үйді беру жоспарланған-ды. Оның 33 пайызын бюджет қаражаты есебінен, 67 пайызын жеке меншік қаражаты есебінен орындап, аталған межеге жеткізу күтілуде. Қаңтар-маусым айының қорытындысымен 317,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 102,2 пайызға орындалды. Жалпы құрылыс саласына 365,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемін 109 пайызға асыра орындау көзделген. Қаңтар-маусым айларының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 111,5 пайызға орындалды. Бұл қаржылай есептегенде – 138,7 миллиард теңге.

Биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджетен жалпы 36 миллиард тенге қарастырылып, нәтижесінде 3 445 тұрғын баспаналы болады. Оның 1 505-і әлеуметтік осал топтағылар.

Осы жылы жұртшылықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі облыста бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалға беру бағыты бойынша 90 пәтерлік 1 үй салынып, оған 1,7 миллиард теңге бөлінді. Жалпы 1 940 пәтерден тұратын 43 үйді несиеге беру қарастырылып, оған 12,8 миллиард теңге бағытталды. Ал 1 415 пәтер үшін 21,5 миллиард теңге сатып алу құқығымен берілуде. Сонымен қатар биыл жалпы құны 14,5 миллиард теңгелік барлығы 2 190 пәтерден тұратын 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,8 миллиард теңгесі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тартылған мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен, ал 1,7 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Оның ішінде 2 030 пәтерді құрайтын 44 тұрғын үйдің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады, – дейді Дәулет Анабекұлы.

Жоғарыда сөз етілген тұрғын үйлердің 960 пәтерлі 17 үйі Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында, 180 пәтерлі 4 үй Асқаров көшесінің соңғы жағындағы жер телімінде, 800 пәтерлі 22 үй 14 шағынауданда, 90 пәтерлі 1 үй Сарысу ауданында салынып жатыр екен. Бүгінгі күнге бюджет қаражаты есебінен 420 пәтерлі 8 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Оның біреуі 60 пәтерлі арендалық, жетеуі 360 пәтерлі кредиттік үйлер көрінеді. Бұдан бөлек, Асқаров көшесінің соңындағы алапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің жалпы құны 39,3 миллиард теңге тұратын жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Бюджеттік өтінімдегі жалпы соманың мөлшеріне келсек, мемлекеттік бағдарлама аясындағы құны 25,8 миллиард теңге болса, 7,7 миллиард теңгесі құрылысын осы жылы бастау үшін қажет көрінеді.

– 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алынады. Атап айтсақ, Тараз қаласында 1 миллиард 921,6 миллион теңгеге 140 пәтер сатып алынса, Байзақ ауданында 549 миллион теңгеге 40 пәтерге қол жеткізу жоспарланып отыр. Ал Жамбыл ауданына 30 пәтер үшін 411,8 миллион теңге бөлінді. Қордай ауданы 356,9 миллион теңгеге 26 пәтер сатып алатын болса, Меркіге де осы көлемдегі қаржы бөлініп, 30 пәтер алынады. Мойынқұм ауданында 137,3 миллион теңгеге 10 пәтер алуға мүмкіндік берілсе, Т.Рысқұлов ауданында 274,5 миллион теңге 20 пәтерге бағытталған. Таластықтар 470,7 миллион теңгенің 35 пәтеріне ие болса, Шу ауданына 411,8 миллион теңге бөлініп, 30 пәтер сатып алу көзделген. Осылайша, республикалық бюджет есебінен жалпы 4,9 миллиард теңгеге 361 пәтер сатып алынады.

Облигациялық қарызға келер болсақ, 16 миллиард 533,5 миллион теңгеге 1 054 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде Таразға 1 миллиард 882,4 миллион теңгеге 120 пәтер, Байзаққа 2 миллиард 823,5 миллион теңгеге 180 пәтер, Жамбыл ауданына 2 миллиард 196,1 миллион теңгеге 140 пәтер бөлініп отыр. Қордайға 1 миллиард 474,5 миллион теңгеге 94 пәтер, Меркіге 941,2 миллион теңгеге 60 пәтер, ал Мойынқұмға 156,7 миллион теңгеге 10 пәтер көзделген. Сонымен қатар Сарысуда 1 миллиард 882,4 миллион теңгеге 120 пәтер, Т.Рысқұлов ауданында  1 миллиард 568,6 миллион теңгеге 100 пәтер, Талас ауданына 1 миллиард 882,4 миллион теңгеге 120 пәтер, ал Шу ауданында 1 миллиард 725,5 миллион теңгеге 110 пәтер сатып алу қарастырылған, – дейді Д.Дайрабаев.

Қазіргі таңда өңір азаматтары «Бақытты отбасы», «Наурыз», «7-20-25», «Шаңырақ», «Нұрлы жер», «Ұмай» секілді бірнеше мемлекеттік және банктің өз бағдарламалары арқылы баспана алуда. Тараз қаласының тұрғыны Салима Бекиева «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, пәтер алу қамымен жүр.

– Ұзақ жыл пәтер жалдап күн көріп келеміз. Негізінде «Алатау» шағынауданында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Жақында «Отбасы» банкінен 12 миллион теңгеге мақұлдау алдым. Екі-үш күн бұрын «Ұлы дала» шағынауданына барып, бізге тиесілі екі бөлмелі пәтерді өз көзімізбен көріп қайттық. Соңғы уақытта жалға берілетін пәтер бағасы күрт өсіп, ай сайынғы жалдау ақысы қалтаға ауыр соғып жатқан еді, Енді міне, бұйыртса өз үйіме де қолым жетті.

Біздің отбасымызда алты бала бар. Үлкені жоғары сыныпта оқыса, кенжеміз балабақшаға барып жүр. Перзенттерімнің болашағы үшін баспаналы болу ең үлкен арманымның бірі еді. Соған қолымыз жеткеніне қуаныштымын. Ай сайын төлейтін төлемақысы да, пайыздық мөлшерлемесі де ыңғайлы. Алғашқы жарна мемлекет есебінен төленді, – деді ол.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдікте кезекте тұрған белгілі бір әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған. Атап айтқанда, бұл бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар, яғни жалғызбасты аналар мен әкелер, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар қатыса алады. Ипотекалық несиелеу шарттары жеңілдетілген. Бастапқы жарна 10 пайыз болса, сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызды құрайды және несие 20 жылға дейін беріледі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар