
Осы бағытта облыста атқарылып жатқан шаруаға келсек, бұл іспен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті айналысуда. Аталған департаменттің негізгі қызметі табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеуге, табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған.
Сонымен қатар табиғи монополиялар заңнамасы аясында департаменттің негізгі мақсаттары – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету негізгі мақсаттардың бірі саналады.
– Департаменттің тарифтік саясаты – тұрақты түрде табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтерімен бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті жұмыс жүргізу. Біздің мекеме- облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген қызметтерінің 59 түрін көрсететін 39 табиғи монополия субъектісін реттейтін орган. Оның ішінде сумен жабдықтау кызметі бойынша 20, сарқынды суларды бұруға қатысты 10, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау жөнінде 18, кірме темір жолдары қызметтеріне қатысты 8, табиғи газды тасымалдау, суды арналар арқылы беру, электр энергиясын беру және бөлу қызметі бойынша бір-бірден табиғи монополия субъектісі бар.
2025 жылдың басынан бері департаментке 19 табиғи монополиялар субъектілерінен 50 тарифті бекітуге 50 өтінім және 2 қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен бағаларының шекті бағадан жоғары көтерілуі тұралы 2 хабарлама келіп түсті. Түскен өтінімдер мен хабарламаларды қарау нәтижесінде 50 өтінім бойынша 17 тариф бекітілді. 2 өтінім бойынша қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен бағаларының шекті бағасы келісілсе, 9 өтінім бойынша қараудан бас тартылды. 20 өтінім субъектінің өз еркімен бас тартуынан кері қайтарылса, 7 өтінім қаралу үстінде.
Бекітілген инвестициялық бағдарламаның және тарифтік сметаның орындалуын талдау қорытындысы бойынша қайта қаржыландыру ставкасын ескере отырып, 2024 жылы 2 табиғи монополия субъектісінің негізсіз табыс сомасы 346 344,96 мың теңгені құрады. олар «Қазфосфат» ЖШС-на тиесілі 185 787,52 мың теңге мен «Жамбыл су» мекемесінің 160 557,44 мың теңгесі. Сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өзгерістер енгізілді.
Жоғарыда айтылғандай, департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау.
Бұл бағытта 2025 жылдың 6 айында департамент тарапынан 4 табиғи монополия субъектісіне қатысты 4 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша жалпы сомасы 9 830 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, ол мемлекет пайдасына өңдірілді. Жамбыл облысының жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 1 табиғи монополия субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп, одан 1 заңбұзушылық анықталды. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 1 нұсқама енгізілсе, қазіргі таңда ол орындалу барысында, – дейді аталған департамент басшысы Алмат Абдрайхан.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» сәйкес, департамент арқылы 4 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетіні белгілі. Бұл қызметтер тұрғындар мен табиғи монополия субъектілері үшін айтарлықтай маңызға ие. Атап айтқанда, олардың қатарында «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру» қызметі бар. Бұл – электр энергиясын өндіру, тарату және жеткізу ісімен айналысатын кәсіпорындар үшін міндетті рәсімдердің бірі. Сонымен бірге, табиғи монополия субъектілеріне қатысты ірі мәмілелер жасау кезінде де департаменттің келісімі талап етіледі. Яғни, егер мәміле жасалатын мүліктің құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста көрсетілген жалпы активтердің 0,05 пайызынан асатын болса, мұндай мәмілеге рұқсат алу міндеттеледі. Бұл талап табиғи монополия субъектілерінің мүлкіне қатысты заңдылықты сақтау және артық тәуекелдердің алдын алу үшін қажет.
Сондай-ақ «Табиғи монополия субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру» қызметі де осы тізілімде қарастырылған. Бұл қызмет арқылы ірі кәсіпорындардың құрылымдық өзгерістері немесе таратылу рәсімдері мемлекеттік деңгейде бақылауға алынады. Бұған қоса, «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополия субъектілерін енгізу және одан шығару» қызметі де бар. Яғни, кез келген мекеме табиғи монополия субъектісі мәртебесін иелену немесе одан шығу үшін құжатты департамент арқылы рәсімдеуі тиіс. Осы қызметтердің барлығы жоғарыда аталған бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 5 маусымдағы №47 бұйрығымен бекітілген «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары» және 2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрығымен бекітілген «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары» да департамент жұмысының негізгі құқықтық базасын құрайды. Осылайша, департамент мемлекеттік қызметтерді уақытылы әрі сапалы орындап қана қоймай, тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің заңды құқықтарын қорғауға, нарықтағы тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.
– 2025 жылдың алғашқы алты айында біздің департамент азаматтар мен кәсіпорындарға барлығы 11 мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш мекеменің ашықтықты қамтамасыз ету, халық пен табиғи монополия субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін айғақтайды. Тарқатып айтсақ, есепті кезеңде «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру» және «Егер мәміле жасалатын мүліктің ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, табиғи монополия субъектісінің мүлкіне қатысты өзге мәмілелер жасасуға келісім беру» қызметтері бойынша өтініш түспеді. Бұл өз кезегінде аталған бағыттарда кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеп жатқанын, қосымша келісім рәсімдеріне қажеттілік туындамағанын көрсетеді. Ал «Табиғи монополиялар субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру» бойынша бір мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қызмет түрі ірі кәсіпорындардың құрылымдық өзгерістерін заң шеңберінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан шығару» мәселесіне қатысты 10 мемлекеттік қызмет көрсетілгені айрықша атап өтуге тұрарлық. Бұл көрсеткіш аталған саладағы қозғалыстың, яғни жаңа субъектілердің тіркеліп, кейбірінің тізілімнен шығарылып жатқанынан хабар береді.
Тағы бір айта кетер жайт, есепті кезеңде бірде-бір өтінішке мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту дерегі тіркелген жоқ. Барлық қызметтер белгіленген мерзімде және заң талаптарына сәйкес орындалуда. Бұл департаменттің мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтық, қолжетімділік және сапа қағидаттарын мүлтіксіз сақтап отырғанының нақты дәлелі.
Бүгінгі күнге атқарып жатқан ен маңызды жұмыстың бірі – табиғи монополиялар субъектілерінің атқарып жатқан жұмыстарын тұтынушылардың назарына жеткізу, инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралардың орындалуын қадағалау. Осы жұмыстардың нәтижесін көрсету және департамент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері депутаттардың, «Amanat» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, облыстық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұтынушылардың қатысуымен 52 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 6 тұтынушылардың қоғамдық қабылдауы, азаматтарды қабылдау орталығында алты жеке қабылдау, 13 жария тыңдау, 10 семинар, 2 «дөңгелек үстел» отырысы, 2 брифинг өткізілді. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 13 отырысы өтті.
Бұдан бөлек, тұтынушыларды атқарылып жатқан жұмыс және қабылданған шешімдер бойынша хабардар ету мақсатында департамент қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірқатар жұмыс жүргізді. Барлығы 245 материал жарияланып, сұхбаттар берілді. Оның ішінде газеттерде 21, комитеттің сайтында 90, облыстық «Jambyl» телеарнасында – 3 және радиода 13 сұхбат жарыққа шықты. «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 118 жазба жарияланды.
2025 жылдың басынан бері департаментке 739 құжат келіп түсті. Оның 182-сі бақылауға алынған. Шығыс құжаттың саны – 658, барлығы белгіленген мерзімде орындалды, – дейді Алмат Абылайханұлы .
Осы жылдың алғашқы алты айында департаментке барлығы 110 жеке және заңды тұлғалардың өтініші түсіпті. Оның ішінде жеке тұлғалардан 79 өтініш (72 пайыз), ал заңды тұлғалардан 31 өтініш (28 пайыз) тіркелген екен. Осы өтініштердің басым бөлігі қарапайым өтініштер болса, олардың саны 85-ті (77 пайыз) құраған. Бұдан бөлек, 1 шағым (1 пайыз) және өзге сипаттағы 24 өтініш (22 пайыз) қабылданыпты.
Түскен өтініштердің нәтижелеріне тоқталсақ, 61-і толық қаралып, шешімі табылды. Ал 26 өтініштің қаралуы тоқтатылған, 21-і құзыреттілігіне байланысты өзге мемлекеттік органдарға жолданған. Қазіргі уақытта 2 өтініш қаралу үстінде. Ең бастысы, барлық өтініштер белгіленген мерзімде қаралып, мерзімдік тәртіп бұзылған немесе қайталанып түскен жағдайлар орын алмапты. Департамент мұнымен шектеліп қалмай, табиғи монополия субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, тарифтік саясатты одан әрі жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізе береді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ