Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дебат оқушыны тұлға ретінде қалыптастыра ала ма?

Дебат оқушыны тұлға ретінде қалыптастыра ала ма?
Автор
Жастайынан түрлі дебатқа қатысып, белсенділік танытқан оқушылар өз-өзін жан-жақты дамытып, ойлау қабілетін арттыратыны сөзсіз. Мұндай додалар оқушының тұлға ретінде қалыптасуына да айтарлықтай ықпал етеді. Бұл үрдіс жеткіншекке тек пікірталас мәдениетін үйретіп қана қоймай, баланы ашық ойлауға, өз көзқарасын дәлелді түрде жеткізуге, қарсы пікірді құрметтеуге баулиды.

Дебат арқылы оқушы шешендік қабілетін дамытады, аудитория алдында еркін сөйлеуді, сын тұрғысынан ойлауды, тез шешім қабылдауды және сауатты аргументтер құруды меңгереді. Сонымен қатар ол командамен жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды, сенімділік пен табандылықты бойына сіңіреді.

– 2022 жылы Тараз инновациялық көпсалалы колледжінде құрылған «Күлтөбе» дебат клубы  жастардың зияткерлік және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Клубтың басты мақсаты – заман талабына сай, азаматтық ұстанымы берік, мәдениетті, интеллектуалды, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын жаңа буын өкілдерін тәрбиелеу. Пікірсайыс алаңында жастар өз ойларын еркін жеткізіп, логикалық, сыни тұрғыда ойлау қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар бұл орта – студенттерге шешендік өнерді меңгеруге, топ алдында өз ойын сенімді айтуға, тыңдалуға және қарсы пікірлермен сауатты түрде жұмыс істеуге үйрететін таптырмас мектеп. Сондай-ақ тек колледж студенттерін ғана емес, мектеп жасындағы жасөспірімдерді пікірсайыс өнеріне баулып, ішкі турнирлер арқылы дарынды жастарды анықтап, оларды ынталандыру – клубтың басты бағыттарының бірі. Клуб өз мүшелерін колледжаралық, қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық пікірсайыс алаңдарына қатыстырып, тәжірибе алмасу арқылы биік нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етеді, – дейді клуб басшысы Айдос Жунисов.

Дебат барысында қатысушы тез шешім қабылдауға, қысылтаяңда дұрыс ой қорытып, тиімді әрекет етуге машықтанады. Ол уақытты тиімді пайдалануға, ойды жинақы әрі нақты жеткізуге бейімделеді. Мұндай қабілеттер жоғары оқу орындарында, мансап жолында және қоғамдық ортада да аса қажет.

– Қазіргі таңда «Күлтөбе» дебат клубында оннан астам белсенді қатысушы бар. Бұл  клуб жұмысының жүйелі жүріп жатқандығының көрінісі деп білемін. Дебатқа қатысушы оқушылар, студенттер мен жасөспірімдер өз ойларын еркін әрі дәлелді түрде жеткізуді үйреніп, шешендік өнерін дамытып келеді. Олар қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерді терең талдап, әртүрлі көзқарасты тыңдап, құрметтеуге дағдылануда. Бұл олардың тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Клуб мүшелері ойлау қабілеті дамыған, сыни тұрғыда пайымдай алатын, көпшілік алдында өз пікірін қорғай алатын белсенді жастарға айналуда. Сонымен қатар пікірталас арқылы олар өз бетімен ізденуге, түрлі ақпарат көздерінен білім алуға машықтанады. Бұл дағды олардың кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсерін тигізуде. Клуб жұмысы студенттердің өзара пікір алмасуына, диалог құруына, жаңа достар тауып, ынтымақтастық орнатуына үлкен септігін тигізіп отыр.

2023 жылы Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттері Халықаралық бизнес академиясының колледжі ұйымдастыруымен  Алматы қаласында өткен «Мен-кәсіпкермін» атты республикалық деңгейдегі дебат турниріне қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Ауқымды және беделді бұл турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген жас пікірсайысшылар жиналды. Турнир аясында кәсіпкерлік, экономикалық сауаттылық, бизнестегі заманауи трендтер сынды өзекті тақырыптар қозғалып, қатысушылар түрлі бағыттарда пікір таластырды. Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің намысын қорғаған студенттер жоғары дайындық деңгейін, шешендік қабілетін, логикалық ойлау мен нақты дәлелдер келтіру шеберлігін танытып, әділ қазылар алқасының оң бағасын алды. Нәтижесінде, ерекше көзге түсіп, «Арнайы республикалық грамота» иегерлері атанды. Бұл жетістік – студенттің жеке қабілетімен қатар, колледжде жүргізіліп жатқан білім беру мен тәрбиелеу жұмыстарының да жемісі. Аталмыш марапат жас пікірсайысшының болашағына жол ашып, кәсіби және тұлғалық дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Дебаттың тағы бір артықшылығы – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруы. Олар елдегі әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерге бейжай қарамай, өз көзқарасын ашық білдіре алатын азамат ретінде қалыптасады. Сондықтан дебат-заманауи ойлайтын, белсенді де білімді буынды тәрбиелеудің тиімді жолы, – дейді А.Жүнісов

Сонымен қатар дебат- білім мен тәрбие қатар жүретін алаң. Мұнда әрбір жастың логикалық ойлауы, тіл байлығы, сенімділігі мен көшбасшылық қабілеті артады. Командалық қарым-қатынас орнатып, өзара сыйластық пен тыңдай білуді меңгереді. Дебаттың тағы бір артықшылығы – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруы. Олар елдегі әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерге бейжай қарамай, өз көзқарасын ашық білдіре алатын азамат ретінде қалыптасады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар