Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балабақша – білім баспалдағы

Балабақша – білім баспалдағы
Автор
Үздіксіз әрі сапалы берілген білім жас ұрпақтың жарқын болашағына кепіл болады. Зейінді де зерек жеткіншектер– ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Осы орайда білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек қателеспейміз.

Тәрбие мен білім қашанда егіз үғым. Баланың ішкі дүниесі мен қарым-қабілеті, болмысы неге бейім екенін анықтап және дамуына бүлдіршін кезінен жағдай жасау – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысы. Бүлдіршіндердің жан-жақты дамып, лайықты тәрбие алуы, сапалы біліммен сусындауы мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жасалатын реформаларға тікелей байланысты. Осы ретте біз «Балабақша бағдардамасына енген өзгерістер бүлдіршіндерді қандай жетістікке жетелеуде?» деген оймен облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаеваға хабарластық. Оның айтуынша, облыстағы 621 мектепке дейінгі ұйымда 63 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. Өткен жылдың шілде айынан бастап өңірімізде мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы жүргізіліп, мекемелер ваучерлік қаржыландыруға кезең-кезеңімен енгізілуде. Балабақшалар арқылы мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 96,1 пайызы, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз қамтылыпты.

– Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту үлесін арттыру мақсатында былтыр 3459 орындық 33 жекеменшік ұйым ашылса, биыл жыл соңына дейін 1628 орындық 18 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр. Мектеп жасына дейінгі барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін экологиялық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жобалар оң нәтижесін беруде. Биыл сәуір айында «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ұлттық дамытушы ойындар мен ойыншықтардың рөлі» тақырыбында өткен республикалық семинарда облысымыздың үздік нәтижесі жайлы айтылды. Бұл жеткіншектерді мектепке дейінгі даярлық барысында өңіріміздің алда келе жатқанын айқындайды, – дейді Айдын Досыбаева.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиешілердің ұстанымы балаларға білім беруден бөлек, сөйлеу қабілетін жетілдіріп, логикалық ойлауды, дүниетанымын кеңейтуді қалыптастыруға және өзге де мүмкіндіктер беретін дамытушы орта құруға септігін тигізеді. Тараз қаласындағы №7 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмира Айтқұловааның айтуынша, балабақшаға енгізілген жаңартылған оқу-тәрбие бағдарламалары балалардың жан-жақты дамуына нәтижелі үлес қосуда.

– Назар салып қарайтын болсақ, бірінші кезекте енгізіліп жатқан жаңа бағдарлама қазақи құндылыққа бағытталған. Бүлдіршіннің бойына адамгершілік, патриоттық сезімдер мен ұлттық рухани құндылықтарды сіңіруге бала күнінен жағдай жасалады. Саладағы реформаларға тоқталар болсақ, интеграциялық тәсіл енгізілді. Пәндер жеке-жеке емес, бір-бірімен байланыста, кіріктірілген түрде өтіледі. Мысалы, тіл дамыту сабағында экология, математика және өнер элементтері қатар қамтылуы мүмкін және баланың жас ерекшелігіне сай білім беру, ойын, қимыл, іс-әрекет арқылы жүзеге асырылады. Дәстүрлі әдістердің орнына белсенді оқыту стратегиялары, яғни сұрақ-жауап, топтық жұмыс, тәжірибе жасау сынды әдістер қолданылады. Сонымен қатар бағалау жүйесі де өзгерді. Енді баланың жетістігі баға қою арқылы емес, бағалау парағы, портфолио және кері байланыс негізінде бағаланады.

Балабақша жүйесіне енгізіліп жатқан реформаларды бала санасына сіңіру үшін тәрбиешілеріміз де арнайы дайындық курстарынан, тренингтерден өтеді. Біліктілікті арттыру курстарында жаңартылған бағдарламаны меңгеріп, мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеретін болады. Сондай-ақ инклюзивті білім беру және құндылыққа негізделген тәрбие бойынша да оқиды.

Сонымен қатар бала мен ата-ана арасындағы арақатынасты жақсарту – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Ата-ана, бала мен жұмыс барысында балабақшамызда бірнеше тиімді әдістер қолданылады. «Ашық есік күндері» барысында ата-аналар балаларының күнделікті тәрбиесін көріп, тәрбиешілердің жұмысымен таныса алады. Сондай-ақ балалардың сабақтағы белсенділігін, оқу үлгерімін хабардар ету үшін «WhatsApp», «Telegram» месенджері мен «Zoom» платформасы пайдаланылады. Ата-аналарға фото және видео есептер жіберіп, кері байланыс орнатамыз, – дейді Г.Айтқұлова.

Балабақша барша баланың алғашқы білім алып, тәрбиеленетін өнегелі ортасы. Сондықтан болашақты ойласақ, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие беруінде балабақшалардың жұмысында мін болмауы керек. Балабақшаның балаға берер тәрбиесі ұшан-теңіз екенін ата-аналар да сезінеді.

– Балаларымызды кішкентай кезінен білімге баулып, түрлі ойын, әдіс-тәсілдермен қабілеттерін ашатын балабақша десем, артық айтқандық емес. Бір жолы 4 жасар Ғазиз есімді ұлым кешкі астан кейін үстел үстінде отырып алып, 1 мен 10 аралығында мүдірмей санады. Санауды қайдан үйренгенін білу маған қызық болды. Балаларды бірінші сыныпқа дайын қылып, партада қалай отыруды, 1 мен 10 аралығында санауды үйрететінін тәрбиешілерден естідім. 4 жастағы баламның әндетіп санап жүргенін көргеннен кейін-ақ, балабақшада тек балаларды ойнатып қана қоймай, сабақ өтіп, әріп танытып жүргенінен хабардар болдым, – дейді Эльмира Аманғали есімді тараздық ата-ана.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар