
Ажырасу бүгінгі қоғамның көлеңкелі шындығы. Бір кездері махаббатпен басталып, үмітпен өрілген отбасылардың тағдыры екі айыр жолға түскен сәтте ең көп жапа шегетін бала екені анық. Екі ересек адам арасындағы келіспеушілік, реніш, өкпе мен ашу баланың бақытын тартып алмауы керек еді. Бірақ, шындық басқа. Әкесі мен шешесінің ортасындағы дау-дамай, мүлік бөлісі, жауапкершіліктен жалтару секілді тартыстардың ішінде көбіне елеусіз қалатыны тағы да осы бейкүнә періштелер екені жанға батады.
Балалар зардап шекпеуі керек
Ерлі-зайыпты екі жаққа айырылысып кеткен соң, бала көбіне анасымен қалады. Сөйтіп нәзікжандылар жалғыз өзі тіршіліктің қамытын киіп, жетіспеушілікке ұрынады. Сол сәт баланың қамы үшін әкелер алимент төлеуі тиіс. Бұл баланың өмір сүруге, білім алуға, тамақтанып, киінуге, ең бастысы өзін керексіз сезінбеуге деген құқығының қорғалуы. Әке немесе ана өзара келісімге келе алмаса, заң сөйлеуге мәжбүр. Заңмен белгіленген алимент біреудің жомарттығы емес, бала алдындағы заңды міндет. Бұл қаражат баланың шырағы сөнбеуі үшін жағылған алау, болашағы көмескі тартпау үшін берілетін үміт сәулесі.
Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұл жауапкершіліктен қашуды ар санамайды. Алимент төлемей, өз ұрпағының тағдырына салғырт қарап жүргендердің саны аз емес. Олар үшін өткен өмір ескі естеліктің еншісі ғана. Бірақ бала үшін бұл өмір қатал, қала берді оның жүрегінде мәңгілік өшпейтін дақ пайда болуы мүмкін. Әкесінің немесе анасының көлеңкесін де көрмей өсіп жатқан баланың жанарында үміт оты емес, жаутаңдаған мұң тұнып тұрады.
Қоғамда бұл мәселені тек заң арқылы шешу жеткіліксіз. Ең алдымен ата-аналық жауапкершілік пен ар-ұятты ояту керек. Бала ертеңгі елдің тұтқасы. Егер біз бүгін сол баланың тағдырын аяққа таптасақ, ертеңгі болашағымызды өзіміз көмескі етеміз. Сондықтан алимент тек қаражат емес – парыз, балаға деген сүйіспеншіліктің, қамқорлықтың заңмен мөрленген көрінісі.
Бала үшін әке мен шеше құстың қос қанатындай егіз ұғым. Өміріндегі ең жақын екі жанның бірін жоғалту, оларға оңай соқпайды. Бір қанатынан айырылған құстай биіктеп ұша алмай, күйзеліске түсіп кетеді. Сөйтіп қиындықпен бетпе-бет келген балғындар тез есейеді. Жастықтың бал дәуренін сезінбей, өмірдің ащы дәмін ерте татқан балалардың көзіндегі мұң, жанарындағы жас көп нәрседен хабар береді. Бірде ауызекі тілде «Балалар колониясы» аталып кеткен балаларға арналған түзеу мекемесіне барып, тағдыр тәлкегіне ерте ұшыраған жеткіншектермен жүздесудің сәті түсті. Темір тор мен төрт қабырғаға қамалған сол бүлдіршіндердің ішкі дүниесі ерте сөнген жұлдыздай қараңғы еді.
Әке салғырттығы тағдырын бұзған Бауыржан
Қылмыс әлемінің құрсауына ерте түскен балғындар арасында Бауыржан есімді бала да бар екен. Жасы небары он бесте. Бірақ көзі тұңғиыққа толы, жүзі балаға тән балғындықтан алыстап кеткен. Оның қарапайым амандасуының өзінде мұң бар еді. Үні тым баяу көрінді. Басын көтеріп, адамға тік қарауға да батылы жетпейді. Көкірегін кернеген қайғыны арқалап жүргені анық еді.
Жүрегім шым ете түсті. Ол маған қарап үнсіз тұрды да, кенеттен алға ұмтылып келіп, құшағыма тығыла кетті. Қатты құшақтады. Баяу ғана дірілдеп жылай бастады. Бұл сырт көзге бұзақы атанған жасөспірімнің жан айқайы еді. Сол сәтте мен өзімді журналист емес, аналық мейірімге зәру балаға пана болуға барған жандай сезіндім. Маңдайынан сипап, арқасынан қақтым, көзіндегі жасын сүрттім. Бала өксіп тұрып сөйледі. Жылап тұрып күрсінді. Жүрегінің түбіндегі жара біртіндеп сыртқа төгілді. Ол ұрлық жасағысы келмегенін айтып ақталды. «Мен тек ініме қыста киетін етік алып бергім келген еді» деді ол, жарықшақтанып шыққан үнімен.
– Әке-шешем ажырасқанда 9 жаста едім. Әкем бізді тастап кеткен соң, анам күні-түні жұмыс істейтін болды. Бізді асырау үшін үш жерде жұмыс істейтін. Әкем алимент төлемеді. Ешқашан не ақша, не хабарлама жібермеді. Біздің бар екенімізді ұмытқандай болды. Бауырларымды жетектеп, дүкеннің алдында нан сұрайтынмын.
Сыныптастарым жаңа телефонмен келетін, ал мен мектепке анамның көнерген күртешесімен баратынмын. Сондай күндердің бірінде өзім сияқты жағдайы төмен екі балаға еріп, ұрлық жасадым. Үшеуміз бір байдың үйіне терезеден кіріп, алтын бұйымдарын, ақшасын алып шықтық. Үйінде жасырын камера бар екенін білмедік. Ақыры осында түстім, – деді ол, әр сөзін күрсініспен аяқтап.
Оның тағдырын тыңдай отырып, жүрегім тілім-тілім болды. Ол айтқан оқиға жай ғана бір баланың хикаясы емес, бүтін бір қоғамның көлеңкелі беті екенін ұқтым. Егер әкесі жауапкершіліктен қашпағанда, алимент тұрақты төленіп тұрған болса, бұл бала қылмыскер емес, бәлкім, үздік оқушы, өнерлі ұлан болып өсер ме еді? Кейде бір адамның салғырттығы бүтін бір тағдырды бұзады.
Алимент жай ғана ақша емес, ол баланың болашағына салынған инвестиция. Қоштасарда ол маған қарап: «Менің інілерім мен қарындастарым да осы жолмен кетпесе екен деп тілеймін», – деді.
Әр ата-ана өз баласының тағдырына жауапты. Ал Бауыржан сынды балалардың жанайқайы тек түзеу мекемесінің қабырғасында емес, біздің қоғамның әр бұрышында жаңғырып тұрғаны жанға батады.
Бала өміріндегі ең күрделі кезеңдегі оқиғаны айтып болғанда, көкірегіме бір ащы өксік келіп тығылды. Жеткіншектің ішіне сыймаған мұң жанарынан, жан дауысынан, әрбір сөзінің арасынан сезіліп тұрды. Ол көмектен, мейірімнен, қолдаудан айырылғаны қатты сезілді. Адам болуға талпынған, бірақ тағдыр соқпағынан адасқан жасөспірімнің кеудесіндегі үміт ұшқыны сөнгендей болды. Мейірімге шөлдеп, жылуға мұқтаж болған бұл балғын біз көзге ілмей жүрген болашақ емес пе? Заң алдындағы жауапкершіліктен жалтарған ата-аналар тек қаржыны емес, өз баласының болашағын ұрлап жатқанын сезе ме екен?
Бауыржан тәрізді балалар үшін үлкендердің бейжай қалуы үлкен қиянат. Олардың қылмыс жасап, колония қабырғасында отырғанына жағдайын жасай алмаған үйіндегілермен қатар әр отбасы, әр азамат жауапты. Расында балалықтың балғын шағын көз жасы шайып кеткен балаларға біз не бере алдық? Бір ғана алимент бала болашағының құлдырамауына кедергі болар қарапайым көпір ғой. Бірақ ол көпірден өтетін бала жалғыз Бауыржан емес, тағы да дәл сондай ішерге ас, киерге киім таппай керексіз қалған мың нәркес тағдырдың бар екені қынжылтады.
Балалығы жоқшылықпен ұрланған Аяжан
Түзеу мекемесіндегі келесі кейіпкер – Аяжан. Ол 14 жастағы нәзік те жанары мұңға толы қыз. Өзі қарапайым, ауылдық жерде туып-өскен, жеті бауырдың бірі. Бірақ тағдыр олардың балалық шағын аяусыз ұрлағаны сонша, «әке» деген сөздің өзінен үркіп жүреді. «12 жасымда бәрі өзгерді», – деді ол жай ғана. Дауысы бәсең, бірақ ішкі дірілі мен жан жарасы сөзінен анық сезіліп тұрды.
– Әкем ішіп кетті. Ішіп қана қойған жоқ, анамды ұрып, үйді айналдыра қуатын. Көршілер естіп тұрады, бірақ ешкім араласпайды. Қараңғы бұрышта жетеуміз құшақтасып, тығылып отыратынбыз, – деп көзіне жас алды.
Бүкіл ауыл оның үй жағында не болып жатқанын білетін. Бірақ жанашыр ешкімімі жоқ. Тіпті сыныптастарым да мазақтап, «маскүнемнің қызы» деп келемеждейтін.
– Менің жан дүниемді ең қатты жаралаған адамдардың қатыгездігі. Жеті балалы жалғызбасты анаға ешкім көмектеспейді, ешкім жылу бөлмейді. Көршілер өсектейді, мұғалімдер ескерту жасайды, ауыл балалары күлкі етеді. Бірақ ешкім бір үзім наны да бөліп бермейді. Жылап, жалбарынып жүріп, бауырларыма бір тілім нан тауып берген күндерім есімде. Ештеңе жеместен, аш ішегіміздің шұрылын естіп, ұйықтайтын түндер де өте көп болған.
Алиментке бере алмадық. Берсек те, оны тыңдайтын, түсінетін әке жоқ. Ол үшін бала ауыртпалық. Тапқанын араққа жұмсап, балаларды аш қалдырып, үйге лағынет алып келетін. Бір күні осы өмірден қашып кеткім келді. Ауылдың лас сөздерінен, әкемнің көлеңкесінен, аштықтан, мазақтан бәрінен шаршадым. Сөйтіп, сыныптағы бір қыздан ақша сұрап алып, ешкімге айтпастан қалаға кетіп қалдым.
Үлкен қала еркіндікке жол ашқандай көрінді. Бірақ шындық мүлде басқа еді. Қала мені бірден құшағына алған жоқ. Бейтаныс, беймаза, суық шаһарда алғашқы күндерде вокзал мен базардың арасын мекен етіп, дүкендердің артында түнейтінмін. Сосын бір күні тағдыр өзімнен үлкен, әдемі киінген қыздармен жолықтырды. Олар жарқырап күліп, жүргеніне қарап, өмірлері ертегі секілді көрінді. Қу қыздар алғаш көргенде-ақ көзімнің мұңын, үмітімнің әлсіздігін байқаса керек, бірден «Жұмыс керек пе?» деп сұрады.
Қуанып кеттім. Жұмыс істеп, ақша тапқым келетінін айттым. Бастапқыда қандай жұмыс деп ойлап, қорыққанымды айтып көріп едім. «Үйреніп кетесің» деп бір ауыз сөзбен ғана жауап қайырды. Бауырларымның аш жүргені, анамның шаршаған бейнесі көз алдыма келе берген соң, бірден келістім. Сонда әлгі қыздардың бірі «Қыз болу жұмыс қой. Тек денеңді ғана емес, тағдырыңды да сатасың» деп күліп еді. Сол күлкінің астарында ащы шындық жылап тұрғанын бала жүрекпен сезініп те үлгермедім. Ірі денелі болғандықтан кәмелет жасындағы қыз сияқты, өз жасымнан үлкен көрінетінмін.
Түк түсінбестен басталып кеткен алғашқы тән саудасына айналған түн бала көңіліме түскен мәңгі қаяу, жазылмас жара еді. Жылай-жылай көзім құрғап, ар-ұятыммен алысып, үнсіз көндіктім. Өйткені өзімді ғана емес, бауырларымды ойладым. Уақыт өте келе бұл өмірге де үйреніп кеттім. Жылтырақ киім, қымбат иіссу, сәнді бұйымдар бәрі ұнағанымен, ішім бос күйікке айналды. Тапқан табысымды үйге жіберіп отырдым. «Бауырларым аш жатпасыншы» деген жалғыз тілекпен өмір сүрдім. Сөйтіп балалығымның арманы орындалмады, – деді ол жай ғана.
Оның жанарындағы мұң басынан өткен шындықты айғақтап тұрды. Сұлулықпен бірге сатылған арман, көз жасымен жуылған балалық шақ, бәрі жүрегінде сайрап тұрды. Қоғам Аяжанды «жаман қыз» деп қабылдайды. Бірақ ешкім оның не себепті сол жолға түскенін білгісі келмейді. Ол өз баласының тағдырын күрделендірген тасжүрек әкенің тастанды қызы. Қазір ол түзеу мекемесінің қабырғасында отырған «бұзылған қыз». Аяжанның жүрегінде шексіз мұң мен жара. Біз осындай қыздарды құтқару үшін тым кеш әрекет етеміз. Бірақ кім білсін, Аяжан үшін бәрі енді басталатын шығар...
Арманы әкесімен бірге кеткен Алтыншаш
Ал Алтыншаш туралы ойласам, көкірегім қарс айырылады. Ол менің бала күнгі құрбым болатын. Кейін екеуміз бір университетке түсіп, құстың қос қанатындай жұбымыз жазылмады. Жүзіне күн түскен мөлдір бұлақтай жарқын қыз еді. Әкесі «КамАЗ» жүк көлігін жүргізетін. Қызына деген махаббаты шексіз әкенің жүрегі кең, қабағы ашық, айналасына мейіріммен қарайтын азамат болатын. Алтыншаш үнемі әкесін мақтап отыратын. Оның әңгімелерінен әлемдегі ең мейірімді әке Алтыншашта ғана бардай ерекше күй кешетінбіз.
Ол кішкентайынан «КамАЗ»-дың биік кабинасында әкесімен бірге көп жерді шарлады. Оқудан босай салысымен, жүк тасып жүрген әкесінің жанына ілесіп, ауылдан-ауылға, қаладан-қалаға сапар шегетін. Екеуі бірге ән тыңдап, жол бойы емен-жарқын сырласатын. Қыз үшін бұл сапар өмірінің ең жарқын күндері болатын.
Бірақ уақыт ешкімге бағынбайды. Жылдар зымырап өте шықты. Ол енді үлкен өмірге қадам басқан, армандары асқақ, болашағынан үміт күттіретін студент болғалы, кесіне еріп кететін уақыты болмады. Енді оның күндері дәрісхана мен жатақхананың арасында өтіп жатты. Ал әкесі бұрынғыдай емес, сапарға жалғыз шығатын болды. Кейін тіпті үйге сирек келетінді шығарды. Алтыншаш бастапқыда түсінуге тырысты. «Әкем шаршаған болар» деп өз-өзін жұбататын. Алайда араға бірнеше ай салып, әкесі мүлде келмейтін болды. Телефон шалып, хат жазатын баяғы әке үнсіз күн кешіп жатты. Бірде анасы үйге жылап келіп: «Әкең ажырасуға арыз беріпті» дегенде, Алтыншаш талып қалған еді. Ол анасының көзіндегі шарасыздықты, бауырларының үприген түрінен қорқынышты анық көрді. Үйдің үлкені ретінде «енді не болмақ?» деген сауал оған маза бермеді.
Көңіліндегі әке бейнесі сынып бара жатты. Бірақ үміті үзілмеді. Әкесі қайтып келеді деп сенді. Бірақ сенім көзіне жас болып тұнды. Анасы жұмыссыз қалды, екі інісі мектеп жасында. Үйге табыс түсіретін ешкім жоқ. Қайта-қайта есіктің сықырын тыңдап, «әкем келіп қалар» деп үміттенетін. Бірақ сол есік бірде-бір рет сағынышын басар жан үшін қайта ашылмады.
Ақыры ол әкесін алиментке берді. Бұл шешім оның жүрегін қақ айырып түскендей еді. Бұл қадамға амалсыздан барды. Әкесі бір тиын да төлемеді. Ал үйдің несиесін жабу үшін анасы жылдар бойы маңдай терімен тұрғызған үйін сатуға мәжбүр болды. Олар жалдамалы бір бөлмеге көшіп, өмірді қайта бастағандай күй кешті. Алтыншаштың армандары біртіндеп сөне бастады. Университетке оқу ақысын төлеу мүмкін болмай қалды. Ол күн сайын ішіндегі алапат күшпен арпалысты. Әкесіне деген өкпесі мен сағынышы екі жақтан қыспаққа алып, жаны жаншылды. Бір күні құрбым мені шетке шығарып алып, көзіне жас толып: «Мен универге енді бара алмаймын. Інім мен сіңілім де оқи алмайтын болды. Үйде ақша жоқ. Әкем алимент төлемеген соң, қатты қиналып жатырмыз. Бұрын табыс сол кісіден келуші еді ғой. Білмеймін, қалайша бізді ойламайды? Неге қаражат жіберіп, ең құрығанда тиесілі алиментті төлемейді? Қалайша аяқ астынан біз керексіз болып қалдық. Әкемді қатты сағындым. Білесің бе, мен героин иіскеймін. Маған сол ғана көмектеседі. Мен жай ғана жақсы көргім келді. Әкемнің иісін, даусын, мейірімін аңсаймын. Сағынышымды қалай басатынымды енді біліп жүр, – деді.
Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Құлағым керең тартып, жүрегім шаншып кетті. Қалайша? Осы бір жайдары, жарқын қыздың өмірі осыншама күйреп кетуі мүмкін бе?! Ол мұны бейшаралықтан емес, үмітсіздіктен жасап жүргенін түсіндім. Героин жұбаныш емес, өмірдің бос кеңістігін толтыруға тырысып жатқан әрекеті еді. Беймәлім есірткі оның балалық шағын жұтып, болашағын тұмшалап бара жатты. Оның көзінен әлі де жылылық көргім келді. Бірақ ол көз шексіз сағыныштың, күйзелістің, сатқындықтың көз жасы тұнған терең құдыққа айналғандай сыр бермеді.
Дәл осындай оқиға Алтыншаштың ғана емес, өмірден жылу таппаған талай қыздың трагедиясы. Әке қызы үшін қамал болуы керек еді. Сол қамал құлады, орнына сағыныштың үйіндісі қалды. Есірткінің кесірінен университеттің есігі ол үшін жабылды. Өмір есігі де солай еді. Енді оны қайтадан бұрынғы қалпына келтіретін ешкім жоқ. Біз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.Алимент туралы дінімізде не айтылған?
Ислам дініндегі деректерге сүйенсек, алимент яғни нәпақа мәселесіне үлкен мән беріледі. Бұл тек материалдық міндет емес, рухани, адамгершілік пен жауапкершілік. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадистерінде әке мен отбасы асыраушысының мойнындағы міндеті анық әрі нақты баяндалған.
Әкенің балаларына нәпақа беруі – парыз. Құранда Алла Тағала: «Балалар әкелеріне тән. Ал әкесі олардың киінуі мен тамағын өз жағдайына қарай қамтамасыз етуі керек» (Бақара сүресі, 233-аят).
Бұл аятта баланың қажеттілігін өтеу әкенің міндеті екені нақты көрсетілген. Тіпті анасы мен әкесі ажырасқан күннің өзінде, әке балаларының күнкөрісін қамтамасыз етуі тиіс.
Нәпақа баланың хақысы болғандықтан, баланың өмір сүруіне қажет нәрсені беру әкенің мойнындағы аманат. Егер әке одан жалтарса, баланың хақысын жеу, зұлымдық жасау болып есептеледі. Құранда: «Әркім жағдайына қарай қамтамасыз етсін. Алла ешкімге шамасынан тыс жүк артпайды» делінген (Талақ сүресі, 7-аят).
Демек шама-шарқына қарай баланың тамағы, киімі, білімі мен қажеттіліктеріне әкесі қаражат жұмсауы керек. Бұл ниет пен ықыласқа байланысты. Негізінде нәпақаны бермеу – үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім өзіне тәуелді адамдарды (әйелі, баласы) асырамаса, ол күнәһар», – деген (Әбу Дауд, Зәкәт ).
Бала кішкентай болса да немесе әкеден бөлек тұрса да оның нәпақасын қамтамасыз етпеу жауапкершіліктен қашу болып саналады. Исламда егер әке өз еркімен баласының нәпақасын төлемесе, шариғат соты (қазір бұл – мемлекет заңымен үйлеседі) оны мәжбүрлей алады. Өйткені бұл – баланың құқығы, ол өз еркімен кешірілмейінше, әке бұл дүниеде де, ақыретте де жауап береді.
Шариғат заңы бойынша әкенің баласына алимент төлеуі – парыз. Бұл міндет ажырасқаннан кейін де сақталады. Ал алимент төлемеу – күнә және зұлымдық. Баланың хақысы бұзылған жағдайда оны қайтару үшін құқықтық жолмен өндіріп алу құпталады.
Суыған жүрек жауапкершіліктен алыстайды
Осы орайда психологтардың да сөзіне құлақ түріп көрдік. Жалпы ажырасқан әкелер неге баласына алимент төлегісі келмейді әлде жалғыз анасымен қалған балаларды асырап-бағу қиындық тудыратынын білмей ме? Мүмкін отбасынан ажыраған әкенің махаббаты сөнетін шығар.
Ажырасқаннан кейінгі әкенің ішкі күйі өте күрделі кезеңнен өтеді. Психолог ретінде жүздеген ер-азаматпен сөйлестім. Сырттай суық көрінгенімен, ішкі әлемі қираған қамалдай бос қалған әкелер бар. Олар баласынан алыстап кеткен сайын, өзін әке емес, бөтен адамдай сезіне бастайды және бұл қауіпті кезең. Ал кейбір әкелер алиментті «жаза» деп қабылдайды. Өйткені олар үшін ажырасу тек жұбайымен емес, тұтас отбасымен ажырасу сияқты. Өз баласына «қонақ» болып қалған еркек өзін керек емес сезінеді. Қажетсіздік сезімі еркекті суытады, ал суыған жүрек жауапкершіліктен алыстайды.
«Менің ақшамды ол дұрыс жолда жұмсамайды» деген сылтаумен талайы жалтарады. Әйеліне ренжігенімен, балаға деген реніш қалыптаспау керек қой. Бірақ өкінішке қарай, кей әкелер баласын бұрынғы жұбайының «жалғасы» ретінде көреді. Бұл балаға жасалған үлкен әділетсіздік. Әкенің балаға деген махаббаты өшпейді. Ол тек көмескі тартады. Алайда махаббат жауапкершілікпен ғана сақталады. Күн сайын баласының бетінен сүймесе де, соған арналған бір түйір нанды жеткізу шынайы сүйіспеншілік емес пе? Ақша құр қағаз емес, баланың киімі, дәптері, жүрек жылуы.
Кейбір ер адамдар алимент төлеуді әлсіздік деп қабылдайды. Қоғамдағы «күшті еркек өзі үшін өмір сүруі керек» деген жалған ұғым оларды адастырады. Олар ақша төлеу арқылы баласына деген рөлінен айырылып қалудан қорқады. Асылында, нағыз әке алыста жүріп те баласының қорғаушысы бола білген жан.
– Балаға төленетін қаражатты ол әке не анасы болсын заң мәжбүрлеген іс емес, өз міндеті санауы қажет. Егер бала аш жатса, оқуға бара алмаса, жаңа аяқ киім сұрап жылап отырса, бұл бір ананың ғана емес, қос адамның ортақ қасіреті. Өкінішке қарай, көптеген ер-азамат мұндай жағдайды естігісі де келмейді. Ал кейде әкелер өздерін кешіре алмайды. Кінәсін жасыру үшін алшақтайды. Бірақ бұл өз-өзіңнен де, баладан да қашу. Қашқан сайын махаббат мұзға айналады. Ал мұз ерігенде, кеш болып кетуі мүмкін, – дейді психолог Алуа Жаңбырбек.
Баладан ажыраған күннен бастап, әр әке өз ойымен күресе бастайды. Бұл күресте жеңіске жету үшін іс-әрекетімен көрінуі тиіс. Баласын шын сүйген әке оның болашағына тас қалап, жоқ кезде де жанынан табылуға тырысады.
Мейлі, айырылысқан болсын. Бірақ әке атауы ешқашан өшпеуі керек. Әке болу уақытша міндет емес, өмірлік миссия. Ал миссияның құны – махаббат пен жауапкершілікте.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ