
«Бір жылдың ішінде адам танымастай байып кетесің». Иә, бұған сенуге болады. Дегенмен сөздің жалғандығы жасырын қалып, алдау фактісі орын алып жатқанын ақшадан қысылып жүрген жандардың байқамайтыны анық. Құлаққа жағымды естілген бұл сөздің жетегіне еріп, бар ақшасынан айырылған адам көп. Әлі қанша адамның ауызы күйетіні де белгісіз.
Қазіргі таңда қаржы пирамидалары ашық жұмыс істеуде. Өздерін арнайы кәсіпорын ретінде таныстырып, алғашында белгілі бір айлық беруге уәде етіп, екі-үш кездесуден кейін көп табыс табу жолын үйрететіндерін айтады. Бұл барлық қаржы пирамидаларының басты қаруларының бірі. Яғни келушілердің осал тұсын, қаржыға деген қиыншылық деңгейін біліп, айтқандарына көндіріп алады.
Елімізде Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидаларының қызметін анықтау және тоқтату бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Мәселен, жыл басынан бері жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайттың жұмысын тоқтатып, бұғаттаған. Сонымен қатар жалпы аудиториясы 276 мың адамды құраған «Instagram» және «Telegram» желілеріндегі 43 заңсыз чат жабылған. 86 мыңнан астам азаматты тартқан 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Бүгінде 19 қаржы пирамидасына қатысты 46 сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 12,5 миллиард теңге сомасына мүлікке тыйым салу арқылы келтірілген шығынды өтеу қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, 2021 жылдан бері 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. 227 ұйымдастырушы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Мысалы, осы жылы Бас прокуратураның үйлестіруімен және Қаржы мониторингі агенттігінің жүргізген тергеу шаралары нәтижесінде «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырын жұмыс істеп, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 миллиард теңге жинаған. Салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін пайда уәде етілгенімен, шын мәнінде нақты бизнес жүргізілмеген. Барлық төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асқан.
Тергеу барысында пирамида ұйымдастырушылары «Құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын ашу және тұрмыстық, медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп жатыр» деген жалған ақпарат таратқаны анықталған. Шынтуайтына келгенде, тауарлар үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.
2024 жылдың желтоқсанынан бастап салымшылардың сенімі азая бастағанда, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деп хабарлаған. Алайда көліктер салымшылардың ақшасына алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген. Қызметі әшкерелене бастаған сәтте ұйым жетекшісі сайтты «техникалық режимге» ауыстырған. Дегенмен серверлік деректер қалпына келтіріліп, «Gold» деңгейіндегі 15,5 мың салымшының тек біреуі ғана пәтер алғаны, ал «Platina» бағдарламасындағы 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілгені белгілі болған.
2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің үйінде тінту жүргізіліп, 1,1 миллиард теңге, сондай-ақ «Toyota Land Cruiser 300» және «Lexus 570» сынды 10 премиум-класс автокөлігі тәркіленген. Сонымен қатар 1,2 миллиард теңгеден астам қаражатқа шоттарға тыйым салынған. 2025 жылғы 11 ақпанда пирамида жетекшілеріне қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған.
Міне, барлық қаржы пирамидаларының алдау схемасы бір жүйе бойынша жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандай басты қару «көп табыс табу» деген жалған сөз. Сондай-ақ алаяқтар өз-өздерін жасырын ұстау арқылы қылмыс жазасынан жалтарып кетіп, өзге қаржы пирамидасының іргесін қалайды. Бұл елімізде қаржы пирамидаларының көбеюіне сеп болуда.
Өз өңірімізде де қаржы пирамидаларымен күрес қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025 жылдың алғашқы алты айында қаржы пирамидасын және заңсыз ойын-сауық бизнесті ұйымдастыру деректері бойынша 6 қылмыстық іс тіркеген. Аталған департамент басшысы Руслан Касимовтың айтуынша, қаржылық пирамиданы құру және оған аумақтық жерлерде басшылық ету құқықбұзушылығы үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсе, қаржылық пирамида қызметін жарнамалау әрекеттері үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
– Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл шеңберінде департамент тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда. Қаржы пирамидасын құру және оны басқару – бұл халықтың мүдделері мен құқықтарына әсер ететін ең күрделі экономикалық қылмыстардың бірі. Соған қарамастан көптеген адамдар қаржы пирамидаларына сеніп, қаражаттарын салуын тоқтатар емес. Мұның соңы жеке қаражатынан айырылумен аяқталып, әлеуметтік шиеліністерге алып келуде. Қаржылық пирамидаларды құрғандар, оның қызметін жүзеге асырып және жарнамалағандар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 және 217-1-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыны біле-тұра кейбіреулер мұндай былыққа саналы түрде барады. Көптеген адамдар үлкен тәуекелге баратынын түсіне отырып, өздерінің салған қаражатын бірнеше есе өсіммен қайтарып алуға үміттенеді.
Ақша қаражаттың өсуі тез жүретінін ескере отырып, кез-келген пирамиданың өмір сүру ұзақтығы шартты түрде бірнеше аптадан бастап 2-3 жылға дейін болады. Айта кету керек, бір ғана пирамиданың өзі бірнеше жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдарды тартуы мүмкін, ақыр аяғында олардың көбі зардап шегіп қалады.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі және біздің департаменттің жұмыс барысы – қаржы пирамидалары қызметтерінің жолын кесу, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, жүйелі проблемаларды шешу жөніндегі тапсырмаларды орындауға бағытталған шаралар жүргізеді,– дейді Руслан Мұратұлы.
Сонымен қатар департамент басшысы қаржы пирамидалары аясында тіркелген қылмыстық істерге де тоқталды. Ол департаментке облыс азаматтары тарапынан күмәнді қаржы ұйымдарына салынған ақша қаражаттарын қайтара алмауы фактілері бойынша арыздар-шағымдар көптеп келіп түсетінін айтады.
– Мұндай арыздарды қарау барысында көптеген азаматтардың қаржы пирамидасының құрбаны болғаны анықталуда. Соңғы үш жылда облыста қаржы пирамидаларынан 200-ден астам азамат зардап шекті. Бұл экономикалық тергеп-тексеру қызметіне өтінішпен жүгінген азаматтар саны.
2024 жылы заңсыз контенті бар сайттардың сілтемесі 3014 бұғатталды. Ал 2025 жылдың 6 айында департамент арқылы 2000-нан аса заңсыз контенті бар сілтеме бұғатталып, олардың барлығының құқыққа қайшылығы расталды. Сонымен қатар, «Күнделікті табыс», «Жұмыс тобы» атты 2 «WhatsApp» чаты (792 қатысушы) жабылды.
Департамент мамандары мұндай қылмыстың алдын алу іс-шараларына ерекше көңіл бөлуде. Превенциялық іс-шаралар шеңберінде, қаржы пирамидалары мен «дропперлік» негативтік құбылысқа қарсы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен департамент биыл екі кең ауқымды форум және қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада ұйымдастырды. Бірінші форум студенттер арасында өткізілсе, екінші форум бюджет саласындағы еңбек ұжымдарының қызметкерлеріне арналды.
Аталған кең ауқымды іс-шараларда және бірқатар теледидар мен радио бағдарламаларда дропперліктің қауіптілігі туралы облыс азаматтарына ескертілді. Яғни, дропперлік дегеніміз қылмыскерлер заңсыз жолмен тапқан қаражаттарды азаматтардың жеке банктік карточкаларын пайдаланып, қолма-қол ақшаға айналдыруы,– дейді Р.Мұратұлы.
Қаржы мониторингі агенттігінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, кез-келген компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар-жоғын «Baiqa, piramida!» атты «Telegram»-ның боты арқылы оңай тексеруге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, «оңай олжаға кенелемін» деген үмітпен ақшасынан айырылып, сан соғып қалған азаматтар аз емес. Сондықтан егер сіз осындай алаяқтықтың белгілерін байқасаңыз немесе естісеңіз, бірден экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласыңыз. Бұл өзіңізді ғана емес, жақындарыңызды да қаржылық қылмыстың қақпанына түсуден қорғаудың ең сенімді жолы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ