Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Электр желілері жаңғырса – елге пайда

Электр желілері жаңғырса – елге пайда
Автор
Өңірде жұртшылықты сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы электр инфрақұрылымын жаңғыртуға, желілердің қуаттылығын арттыруға баса мән беріп отыр. Өткен жылы және биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарды электрмен жабдықтау сапасы жақсара түсіпті. Мәселен, соңғы жылдарда ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа техникалар мен заманауи технологиялар қолданысқа енгізілуде.

Цифрлық жүйе үдеріске енуде

Аталған серіктестікте жалпы 2 526 адам еңбек етіп жүрсе, оның 198-і – әкімшілік қызметкер, қалғаны өндірістік персонал. Серіктестік директоры Жұмағали Сабалақовтың айтуынша, кәсіпорын қолданыстағы заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектісі және сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі ретінде электр энергиясын беру және электрмен жабдықтау қызметін жүзеге асырады. Бүгінде оған қарасты облыс аумағында кернеуі 0,4-220 кВ-ты құрайтын 13 421,93 шақырым электр желілері және жалпы қуаты 1 918,8 МВА болатын трансформаторлық қосалқы стансалар жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын құрамында 11 орталық өндірістік қызмет, 1 қалалық бөлім және 11 аудандық құрылымдық бөлім бар екен. Олардың әрқайсысы бокс, шеберхана және басқа да әкімшілік және өндірістік жайлармен жабдықталыпты. Анығын айтқанда, жеке жөндеу-өндірістік базалары бар, автокөлік, арнайы механизмдермен, қажетті материал және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Электрмен жабдықтау қызметін ұсыну саласында үдерістерді цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда келеміз. Атап айтқанда, бүгінгі таңда электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесі жобасы мен Қазақстанда жасалған көпфункционалды карточкалық есептеуіштерді қолданысқа енгізу аймақтағы электр тұтынушыларының 48,8 пайызын қамтып отыр. Қазіргі уақытта облыста электр энергиясын есептеудің 145 мыңнан астам «ақылды» абоненттік есептеуіш құралы және трансформаторлық пункттерде 800-ге жуық концентратор (дерек жинақтаушы) орнатылып іске қосылған. Ай сайынғы электр энергиясын тұтынуға қатысты ақпарат серіктестіктің орталық серверіне абоненттік есептеуіш құралы арқылы беріледі. Сондай-ақ байланыс арналары арқылы есепке алу құралының теңгерімін толықтыру үшін ақпарат беріледі. Өйткені есептеуіш құрал тұтынушыға төлем құжатын ұсынбастан тұтынылған электр энергиясының көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Осы жүйені енгізу нәтижесінде электр энергиясы ұрлығы немесе кем есепке алу мәселелері 45 пайыздан 15 пайызға дейін қысқарып, бүгінгі күні басқа өңірлерде басты мәселе болып отырған тұрғындардың дебиторлық қарызы барынша азайды.

Тағы бір айта кетер жайт, шешім қабылдаудағы жеделдік пен дәлдік кәсіпорындардағы үйлесімді жұмыстың кепілі болып саналады. Қазіргі жағдайда орталықтандырылған дерек қорының жұмыс залында орнатылған бейнеқабырғаны жаңғырту жөнінде шешім қабылданды. Негізінде бейнеқабырға дегеніміз – электр желілері, қосалқы стансалар мен желі қосылыстарының схемасын көрсететін үлкен монитор. Диспетчер нақты уақыт режимінде экран арқылы желі қосылымы жағдайына қатысты барлық ақпаратты көреді. Бұл оған құрылымдық бөлімдерге, оның ішінде төтенше жағдайлар мен апаттың алдын алу жөнінде тиісті командалар беруге көмектеседі.

Біздің кәсіпорын облыс тұтынушыларын электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз – 300 мыңнан астам жеке шот. Биллинг жүйесі енгізілгенге дейін тұтынуды, қарыз сомасын және ағымдағы төлемдерді есепке алу қарапайым түрде жүргізілетін. Бүгінгі таңда бұл – әрбір жеке шот бойынша шарт жасасу құқығын айқындау құжаттарынан бастап тұтыну көлемі, сондай-ақ тұтынушыларға қатысты шығарылған бұзушылықтар актісі туралы барлық ақпаратты сақтауға мүмкіндік беретін толыққанды бағдарлама.

Кәсіпорын жұмысында еңбек қауіпсіздігін болдырмау және құнды жабдықтардың қолды болуына жол бермеу мәселесі маңызды. Осы мақсатта кәсіпорын IT-компаниямен бірлесіп, біздің 150-ден астам нысанда бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеп, енгізді. Бұл бағдарламаға сәйкес әр нысанда дабыл жүйесі (есіктерді ашу датчиктері, сиреналық дабыл, фото-бейнетіркеу және деректерді беру) орнатылды. Жүйе жұмысы іске қосылған кезде жауапты қызметкердің (құрылымдық бөлім басқарушысы және бас инженер) телефонына нысан фотосуреті мен көрсетілімі бар хабарлама келеді. Мұндай ақпарат операторлық орталыққа да жолданады. Бұл жүйе кез келген рұқсатсыз қосылуды қадағалап қана қоймай, сонымен қатар нысандардағы қауіпсіздікті бақылауға да мүмкіндік береді. Оператор нақты уақыт режимінде нысанға бейнебақылау жасап, көре алады және кәсіпорын қызметкерлері қауіпсіздік техникасын бұзған жағдайда тікелей бастығымен хабарласу мүмкіндігі жасалған, – дейді серіктестіктің  бас директоры Жұмағали Бекенұлы.

Инвестициялық бағдарлама орындалуда

Инвестициялық бағдарламаның уақытылы орындалуы серіктестік үшін де, облыс үшін де аса маңызды. Өйткені аймақтың энергетикалық инфрақұрылымын жетілдіру осындай бағдарлама арқылы жүзеге асатыны анық. Бұл ретте жоспарланған ауқымды жобалар уақытылы орындалып, электр желілерінің қуаты айтарлықтай артқан. Мәселен, электр беру желілері (ЭБЖ) және қосалқы стансалар (ҚС) салынып, реконструкцияланған. Сондай-ақ облыстың электр тұтынушыларының бір фазалы есептеуіш құралдары тұрмыстық деңгейдегі электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) бағдарламасы бойынша жаңа типтегі ddz 1513 құралдарына ауыстырылыпты. Тарқата айтқанда, 2021 жылы 31,311 шақырым 6/10 кВ әуе желісі, 9,582 шақырым 0,4 кВ әуе желісі және 0,983 шақырым 6/10 кВ кабель желісі тартылған. Сонымен қатар 200 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті орнатылған. Тұрмыстық деңгейде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мақсатында дерек жинақтағыш 200 концентратор және 7 858 дана бір фазалы (DDZ 1513) көпфункциялы есептеуіш қойылыпты. 2022 жылы 17,82 шақырым 6/10 кВ әуе желісі мен 63,599 шақырым 0,4 кВ әуе желісі жүргізілген. Бұған қоса 10 концентратор және 7 282 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш орнатылыпты. Бұрнағы жылы 81,23 шақырым 0,4 кВ әуе желісі тартылып, 100 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті іске қосылған. Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі аясында дерек жинақтағыш 8 концентратор және 6 662 дана бір фазалы есептеуіш пайдалануға берілген. Өткен жылы 101,48 шақырым 0,4 кВ әуе желісі жаңартылып, 60 дана комплектілі трансформаторлық қосалқы станса және тарату пункті орнатылыпты. Сонымен қатар 200 концентратор және 13 933 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш қолданысқа енгізілген.

Осы жылы 250 шақырым 0,4 кВ әуе желісін тарту, 200 концентратор және 14 750 дана бір фазалы көпфункциялы есептеуіш орнату жоспарланыпты.

– Бекітілген инвестициялық бағдарлама және тарифтік смета аясында соңғы 5 жылда жалпы сомасы 193 084 мың теңгеден астам қаржыға ұзындығы 52,6 шақырым болатын 110 кВ әуе желісі салынып, 6-10-35-110-220кВ қосалқы станса мен 0,4-6-10-35-110-220кВ электр желісіне жалпы сомасы 3 867 711,37 мың теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қордай ауданында кернеуі 110 кВ әуе желісімен 110/35/10 кВ «Георгиевка» қосалқы стансасы және 110/35/10 кВ «Благовещенка» қосалқы стансасы қайта жаңартылды. Сонымен бірге 110/35/10 кВ «Рысбек» қосалқы стансасы, 110/35/10 кВ «Северная» қосалқы стансасы және жалпы ұзындығы 612,945 шақырым электр беру желісі жалпы сомасы 2 381 580,14 мың теңге қаржыға жаңартылды. Облыстың елді мекендерінде 183-тен астам комплектілі қосалқы станса жаңасына ауыстырылды. Облыс тұтынушыларын электрмен жабдықтау сапасын жақсарту үшін «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС жыл сайын электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансаларға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Соңғы 5 жылда айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Салада проблемалық мәселелер де жоқ емес. Дегенмен түйткілдердің түйінін тарқатуға күш салынуда. Мысалы, Қордай ауданын электрмен жабдықтауда ескерерлік маңызды жайттар бар. 150 мың тұрғын мекен еткен бұл аудан аумағында 191 әлеуметтік және 644 кәсіпкерлік нысан бар. Қырғыз Республикасымен шекаралас жатқан Қордай ауданы бүгінде қарқынды дамып келеді. Десе де аталған аудан Қырғыз Республикасының желілері арқылы берілетін электр энергиясына тәуелді болып отыр. Қордай ауданының халқын электрмен жабдықтау мәселесін шешу үшін, оның ішінде Қырғыз Республикасының электр энергиясы жүйесінен энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергияға тәуелділікті болдырмау үшін, сондай-ақ Қордай ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенді және басқа да әлеуметтік және кәсіпкерлік қызмет объектілерін желіге қосу нүктесі мәселесін шешу үшін 220/110/10кВ қосалқы станса құрылысын салу қажет. Жұмыс істеп тұрған қосалқы стансалармен байланыстыра отырып, 110кВ қосалқы станса құрылысын бастап, Масанчи және Сортөбе ауылдарының электр жүктемелік орталығына дейін 110кВ әуе желісін салу қажеттігі туындап отыр. Бұл мәселе қазір облыс әкімдігінің бақылауында.

Сондай-ақ Жамбыл ауданын электрмен жабдықтау да маңызды мәселенің бірі. Тараз қаласының аумағы ұлғайып, қала құрамына Жамбыл ауданы елді мекендерінің қосылуына байланысты және электр қуатының тапшылығы мен сенімділігі мәселесін шешу үшін Жамбыл ауданында 220кВ қосалқы станса салу қажет.

Жуалы ауданын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мәселесі де аса маңызды. Қазіргі уақытта ауданды электрмен жабдықтау транзиттік 220кВ Л-2819 («Ванновка» қосалқы стансасы – күн электр стансасы ) желісі арқылы жүзеге асырылуда. Сенімділігі шамалы бұл желі электр қуатынан ажыратылған жағдайда аудан халқының электр қуатынсыз қалу қаупі зор. Сондықтан 110/35/10кВ «Пригородная» қосалқы стансасынан «Ақтөбе» қосалқы стансасына дейін 110кВ әуе желісін салып, осы қосалқы стансада 110кВ шиналар жүйесін құру қажет. Бұл мәселе де облыс әкімдігінің бақылауында тұр.

Сонымен қатар «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС келісімінсіз электр беру желілерінің күзет аймақтарында жер учаскелерін бөлу жалғасуда. Ведомстволық және иесіз электр энергетикалық нысандарды техникалық күтімге алу жұмыстары жүргізілмейтінін айта кеткім келеді. Табиғи монополия субъектісіне «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 24-бабы, 10-6-тармағына сәйкес құрылыс жобасының табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарға сәйкестігіне келісуді талап етуге тыйым салынады. Осыған байланысты жобалау ұйымдары күзет аймақтарын бұзып, қондырғылар мен жабдықтарды таңдау үшін есептеулерді дұрыс жүргізбейді. Бізде әлі күнге дейін бюджет қаражаты есебінен салынып, пайдалануға берілетін жаңа электр энергетикасы объектілеріне техникалық қызмет көрсету мәселесі шешілмеген, – дейді Ж.Сабалақов.

Көппәтерлі үйдің жалпы қажеттіліктері үшін есептеуіш құралдарды орнату кезінде жиі кездесетін мәселелер бар көрінеді. Атап айтқанда, энергия беруші ұйым есебінен орнатылатын (бұрын орнатылған) есептеуіштердің жұмысын қадағалап, мерзімінде күтім жасайтын пәтер иелері кооперативі немесе мүлік иелерінің бірлестіктері секілді жауапты тұлғалардың болмауы жұмыс жүргізуге кедергі келтіруде.

Тараптардың пайдалану жауапкершілігі шекарасында электр қуатын есептеу құралын орнату үшін көппәтерлі үй жертөлелерінде орналасқан электр қондырғыларына жетуді (кіру-тарату құрылғылары, кернеуі 0,4 кВ кіру шкафтары) қамтамасыз ету де қиындық тудырады. Мысалы, тұрғындардың болмауы немесе жертөле кілтін бермеуі осындай жағдайға себеп болады екен.

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданы көппәтерлі үйлерінің жылыту жүйесіндегі циркуляциялық сорғы тұтынатын (бұрын тұтынылған) электр энергиясы үшін төлем жасауға қатысты шешілмеген мәселелер де бар. «Ұлы дала» шағынауданында барлығы 93 үй тұрғындарының бір бөлігі (шамамен 33 пайыз) қолдан мәселе тудырып жатқан сыңайлы. Нақты айтқанда, сорғының электр энергиясын тұтыну көрсеткішінің жоғарылығы, сондай-ақ кейбір пәтер иелерінің циркуляциялық сорғы тұтынған электр энергиясы үшін төлем жасаудан бас тартуы көп іске кедергі келтіріп тұр. Бір циркуляциялық сорғы қуатына байланысты айына 500-750 кВт сағ. шамасында электр энергиясын тұтынады. Жылыту кезеңінде сорғылар жылыту жүйесінде тиісті температура мен қысымды сақтап тұру үшін тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Арыз-шағымдардың көптеп түсуі, сондай-ақ әлеуметтік шиеленістің орын алуына жол бермеу мақсатында жылу беру кезеңінде (2024-2025ж.ж.) кейбір үйлерде (үйлердің жалпы санының 33 пайызы) орнатылған циркуляциялық сорғылар үйдің жалпы қажетіне жұмсалған электр қуатын есептеу құралдарынан уақытша ажыратылыпты.

Бүгінгі таңда үйішілік электр желілерінің монтажы және тұтынушылармен өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын есептеуіш құралдарды орнату жұмыстары «Астана» шағынауданының көппәтерлі үйлерінде жүргізіліп жатыр екен.

Автокөлік паркі мен аспаптар жаңаруда

Бекітілген тарифтік смета және инвестициялық бағдарлама аясында 2021-2025 жылдары «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС автопаркі 30 пайызға жаңартылыпты. Қызметтер мен құрылымдық бөлімдер үшін 1 165 848,1 мың теңгеден астам арнайы мақсаттағы автокөлік сатып алынған. Атап айтқанда, 12 экскаватор-тиегіш, 11 манипулятор, 8 автомұнара (оның ішінде төртеуі – 16 метрлік), 1 фронталды тиегіш, оперативтік персоналға арналған 12 жеңіл автокөлік, 1 өтімділік деңгейі жоғары автомұнара алынған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 48 000,00 мың теңгеге 2 эксковатор, 71,428 мың теңгеге 25 тонналық 1 жүккөтергіш, жалпы сомасы 200,000 мың теңгеге 2 тягач және 2 жартылай тіркеме, жөндеу бригадалары мен қызметтері облысымыздың адам аяғы жетуі қиын өңірлеріне баруы үшін 15 пикап көлігі сатып алыныпты. Осы жылдың соңына дейін автокөлік паркін одан әрі жаңарту және облыстың қарлы аудандары үшін «снегоход» көліктерін сатып алу жоспарланған екен.

Тиісті қызметтер тапсырмаларды жедел орындауы үшін жалпы сомасы 7 764,304 мың теңгеге түрлі жабдықтар мен аспаптар алынған. Тарқата айтқанда, сандық UT512 мегаомметрі, сандық ut620в тұрақты ток микроомметрі, сандық UT521 жерге тұйықтау құрылғыларының өлшеуіші және облыстың жету қиын жерлерінде орналасқан электр желілерін бақылауға арналған квадрокоптер. Сондай-ақ қолданыстағы техниканы күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

– Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында да атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне кәсіпорынның өндіріс озаттарының жұмыс барысындағы фотосуреттері ұсынылды. Негізінде қала көшелері бойындағы баннерлерге жұмысшылардың фотосуреттері орналастырылса, бұл еңбек адамына деген құрметтің үлкен белгісі. Сондай-ақ бұл жұмысшы мамандығын жұрт арасында дәріптеудің,  әрі өзгеге үлгі етудің бір жолы. Биыл Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай дәріс өткізіліп, «Еңбекті қорғау үздік техникалық инспекторы» атану үшін конкурс ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта «Электр монтерлерінің үздік бригадасы» атағы үшін аудандағы электр жүйелері (АЭЖ) және Тараз қалалық электр жүйесі (ТҚЭЖ) электр монтерлері бригадалары арасында кәсіби жарысты ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша дәстүрлі түрде 22 желтоқсан -Энергетиктер күні кәсіби мерекесіне орай бірінші-үшінші орын алған құрылымдық бөлім анықталып, АЭЖ мен ТҚЭЖ үш үздік қызметкері және кәсіпорынның әкімшілік-өндірістік базасы орталық қызметтері мен бөлімдерінің 3 үздік қызметкеріне екі адамға арналған туристік жолдама беріледі.

Жалпы қызметкерлерге жасалатын жағдайды сөз етсек, жыл сайын 100 адам емдеу-сауықтыру орталығында 9 миллион теңге мөлшеріндегі сомаға жеңілдетілген жолдама бойынша сауықтырудан өтеді, зейнеткерлерге жолдама тегін. Қарттар күніне орай зейнет демалысындағы еңбек ардагерлеріне материалдық көмек бөлінеді. Кәсіпорындағы жұмыс өтіліне қарай 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қызметкерлер 50, 60, 70 жылдық мерейтойына орай ақшалай сыйақымен көтермеленеді. Жұмысшыларды жұмыс орындарына жеткізу және кері қайту үшін арнайы автокөлік беріледі.

Кәсіподақ комитеті жұмысшылардың балаларына арналған балалар сауықтыру лагерьлеріне жолдама құнының кемінде 50 пайызын өтейді. Жылдық жұмыс қорытындысы бойынша Құрмет тақтасына суретін ілу құрметіне ие болған 20 қызметкерге бір айлық еңбекақымөлшерінде ақшалай сыйлықақы төленеді. Жыл сайын Энергетиктер күні мерекесіне орай энергетика саласында 25 жыл жұмыс істеген қызметкерлер «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС еңбек ардагері» атағын иеленіп, кәсіподақ комитетінен ақшалай сыйақымен марапатталады. Ауғанстандағы соғысқа қатысқан қызметкерлерге жыл сайын Кеңес әскері Ауған демократиялық республикасы аумағынан шығарылған күн құрметіне, сондай-ақ 9-мамыр Жеңіс күні меркесінде ақшалай сыйақы бөлінеді. Кәсіподақ комитетінің мүшелерімен бірге «Жеңіс» саябағындағы ауған соғысының  жауынгерлері ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады. Қызметкерлер үшін кәсіпорын асханасында кәсіпорын тарапынан дотацияланатын ыстық тамақ ұйымдастырылады және арнайы киімді жуу орны жұмыс істейді.

Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен жұмыс орындары тұрақты түрде жақсартылуда. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру және практикалық дағдыларын дамыту үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған заманауи оқу орталығы салынды. Жыл сайын балаларды қорғау күніне орай кәсіподақ комитеті қызметкерлердің балалары мен немерелері арасында балалар суреті байқауын ұйымдастырып, А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрға балаларға арналған қойылымдарды тамашалауға апарады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар, басқа қатысушыларға жұбаныш сыйлықтары табысталады. Серіктестікте балалар футбол мектебі жұмыс істейді, қызметкерлердің балалары мен немерелері, сондай-ақ Тараз қаласының аз қамтылған отбасыларының балалары мекеменің өз алаңында футболмен тегін айналысады, – дейді Ж.Сабалақов.

«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС 2025 жылы бірқатар іс-шараларды орындауды жоспарлапты. Тарқата айтсақ, 220/110/6кВ «Маханов» қосалқы стансасы, 110/35/10кВ «КС-5» қосалқы стансасы, 35/6кВ «Сахзавод» қосалқы стансасы, 220/35/10кВ «Бурное» қосалқы стансалары реконструкцияланады. Сондай-ақ Сарысу, Жуалы, Байзақ аудандарындағы ғимараттар мен құрылыстар күрделі жөндеуден өтеді, Шу АЭЖ жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы салынады. Кейінгі жылдары 2 дана 110/35/10кВ қосалқы станса, 4 дана 35/10кВ қосалқы стансаны қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ АЭЖ ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.

Бұдан өзге, Қордай ауданында «Қордай-220» ҚС-нан 110кВ қосалқы стансаға дейін электр әуе желісін тартып, «Қордай-220/110/10кВ» қосалқы станса құрылысының жобасы іске асырылады. Оның ішінде Қордай ауылына дейін ӘЖ-110кВ құрылысы және қосалқы станса құрылысын салу көзделіпті. Жобаның сметалық құны – 12 082,203 миллион теңгені құрайды екен.

«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарып отырған жұмысы көңілден шығарлық. Электр беру желілері жаңартылып, заманауи трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылуда, есептеу жүйелері толық автоматтандыруға көшірілуде. Болашаққа құрған жоспар да ауқымды. Облыстың барлық ауданын тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, жүйені цифрландыру және қуат көздерін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар