Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қорғалған мүліктік құқықтар құны қандай?

Қорғалған мүліктік құқықтар құны қандай?
Автор
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын нәтижелі жұмыс атқарып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Мәселен, осы жылдың 6 айы ішінде қорғалған мүліктік құқықтар 877 миллион 968 мың 969 теңгені құраған. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндаған болатын.

Биылғы жартыжылдықта облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-қорғау желісі арқылы 62 өтініш қабылданыпты. Спикер берген мәліметке сүйенсек, аталған өтініштердің тек 10-ы ғана оң шешімін тауып, бұл жалпы өтініштер көлемінің 16 пайызын құраған. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлер тарапынан түскен шағымдар мен өтініштер саны 46,7 пайызға артып, яғни 33-ке көбейген. Бұл көрсеткіш аймақтағы бизнес субъектілерінің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында аталған палатаға жүгіну белсенділігінің айтарлықтай өскенін көрсетеді.

– 2025 жылдың алғашқы алты айында облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуымен қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы құны 877 968 969 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 712 531 031 теңгеге төмен. Өткен жылы бірінші жартыжылдықта қорғалған мүліктік құқықтардың көлемі 1 миллиард 590 миллион 500 мың теңгені құраған еді. Сол кезеңде мектепке дейінгі білім беру саласындағы жеке қаржыландыру бағытына басымдық берілген. 2025 жылы палатаға түскен өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары, мемлекеттік сатып алулар, білім беру саласы (оның ішінде мектепке дейінгі білім беру), сондай-ақ ауы шаруашылығы мәселелеріне қатысты болды. Жарты жылда жергілікті атқарушы органдардың құқықтық актілерінің жобалары бойынша палатаға 51 хабарлама жолданды. Оның ішінде 19 құжат ескертусіз қайтарылды, 17 жоба бойынша ескертулер мен қорытындылар беріліп, 15 жоба бизнес субъектілерінің мүдделерін қозғамады.

Келіссөздер алаңындағы жұмыс та жалғасуда. 2024 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан 7 келіссөздер комиссиясында барлық кәсіпкерлердің мүддесін көздейтін оң шешімдер қабылданды. Ал 2025 жылдың алты айында өткен 6 комиссия отырысының нәтижесінде 5 кәсіпкердің мәселесі оң шешімін тауып, тек 1 кәсіпкердің ісі бойынша шешім қабылданбады.

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында 10 сот процесіне қатысты. Оның ішінде 4 іс бойынша кәсіпкерлердің мүддесі қорғалып, жалпы сомасы 200 809 964 теңгені құрады. Мәселен, наурыз айында облыстық мамандандырылған экономикалық сот «Мейірім Меркі» сауықтыру орталығы» ЖШС, «Мейірім» медициналық орталығы және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ұлттық акционерлік қоғамының филиалы арасындағы дауды қарады. Сот шешімімен аталған қор филиалының мониторинг қорытындысы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сондай-ақ қор филиалының «Мейірім Меркі» және «Мейірім» орталықтарынан 197 901 548 теңге көлемінде қаражат өндіру жөніндегі талап арызы қанағаттандырылмады. Салыстырмалы түрде айта кетейін, 2024 жылдың алғашқы жартысында 8 сот процесі өткен болатын. Оның екеуі бойынша талап арыздар қанағаттандырылмай, төртеуінде кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарылды. Бұл істер бойынша қорғалған сома 845 816 теңгені құрады. Қалған екі процессте мәселелер қаралу кезеңінде болды. Жалпы өткен жылы барлығы 12 сот процесі өтіп, нәтижесінде 6 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, жалпы көлемі 1 483 516 теңге сомасында қаржылық мүдде сақталған болатын,– деді Нұралы Баянбайұлы.

Палатаның ұйымдастыруымен жылдың бірінші жартыжылдығында 5 кеңес отырысы өтіп, 7 мәселе қаралған. 9 ұсыныс енгізіліп, 5 мәселе оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлер палатасында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен өзара іс-қимыл шеңберінде 2022 жылдан бастап келісімшартқа сәйкес кәсіпкерлердің өтініштерін қарау үшін жұмыс тобы құрылған. 2023 жылдан бастап департамент басшысы ай сайын палата алаңында қабылдау өткізеді екен. Нұралы Баянбайұлы палатаның алдағы жоспарлары мен орын алған кемшіліктерге де тоқталды.

– 2025–2028 жылдарға арналған өңірлік даму жоспарында жалпы құны 3,6 триллион теңгені құрайтын 82 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобалар 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған. Қазіргі таңда белсенді құрылыс кезеңінде тұрған 62 жоба бар. Олардың жалпы құны 3,1 триллион теңге, ал жоспарланған жұмыс орындарының саны – 5,5 мың. 82 жобаның 52-сі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының интерактивті инвестициялық картасына (ИИК) енгізілген. Бұл жобалардың жалпы құны 1,27 триллион теңгені құраса, осы арқылы 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Инвестициялық жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық палата бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

Инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату мақсатында палата алаңында екі мәрте дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында дауларды шешу тетіктері мен бейбіт келісімге келу жолдары талқыланды. Оған облыс прокуратурасы мен салалық департаменттердің өкілдері қатысты.

Сондай-ақ облыс прокуратурасының, облыстық экология департаментінің, «KORCEM» (цемент зауыты, құны – 50 млрд теңге) және «Qazaq Soda» (кальцинирленген сода зауыты, құны – 200 миллиард теңге) ЖШС өкілдерінің  қатысуымен арнайы кездесу өтті. Жиында жобаларды іске асыру үшін қажетті экологиялық рұқсаттарды алу мәселелері талқыланды. Кездесу нәтижесінде экология департаменті мен облыс прокуратурасы инвесторларға экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді, – деді Н.Баянбайұлы.

Облыс прокуратурасы мен инвесторлармен бірлескен сапар барысында инвесторлардың жобаларын қарау кезінде техникалық шарттар бойынша мәселелер туындапты. Оның ішінде электр энергиясын және табиғи газды ұлғайту бойынша техникалық шарттар, инженерлік инфрақұрылымды объектілерге жеткізу және инженерлік инфрақұрылымды салуға қаржыландырудың болмауы секілді мәселелер бар. Осы түйткілдердің түйінін тарқату үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы әрбір жоба аясында тиісті жұмыстарды жалғастыратын болады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар