
Бүгінгі таңда облыс орталығына инватакси қызметіне бар-жоғы 3 көлік бөлінген. Үш-ақ көлік арбада отыратын барлық бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға тым аздық етіп тұр. Көліктің жетіспеушілігінің салдарынан көп тіршілікке қол жеткізе алмай жүрген жайымыз бар.
Инватакси дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат 8:00-ден кешкі 17:00- ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Ал сенбі және жексенбі күндері бұл қызмет ақылы. Яғни бір рет шақыру құны 5000 теңгені құрайды. Онсыз да аз ғана жәрдемақыға қарап, әрі мүгедектер арбасына таңылған жандар үшін бұл өте ауыр сома. Себебі мұндай жандардың басым бөлігінің табыс көзі тек мемлекеттік жәрдемақы.
Сонымен қатар инватакси тек мемлекеттік мекемелерге ғана апарады. Яғни емхана, әкімдік, әлеуметтік қорғау бөлімдері сынды жерлерге ғана баруға болады. Бірақ моншаға, дүкенге, базарға шығу немесе туған-туыстарға қонаққа бару үшін бұл қызметті пайдалануға рұқсат жоқ. Ал таксидің дәл осы ережесі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шеттеп қалуына, тұрмыстық оқшаулануына себеп болып отыр.
Тапсырыс беру тәртібі де өте қатаң, мәселен, инватакси шақырту үшін бір күн бұрын таңғы сағат 9:00-ден 9:30-ға дейін ғана хабарласып үлгеру қажет. Егер бұл уақыттан кешігіп қалсаңыз, көлікке тапсырыс беруге мүмкіндік жоқ. Себебі жоғарыда айтылғандай, инватакси қызметінде тек 3-ақ көлік бар. Бірақ ең алдымен ескеретін жайт, инватакси жүргізушілері өте сыпайы, жанашыр, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағынан көмектесуге тырысады. Сондай-ақ тапсырыс қабылдайтын оператор қыз да кәсіби деңгейде жұмыс істейді, әр өтінішті мұқият қарап, жанашырлық танытады. Алайда бұл қызметті ұйымдастыруда жергілікті әкімдіктің тарапынан қолдаудың аздығы сезіледі. Қалада инватакси қызметінің мүмкіндігі шектеулі жандардың толық қажеттілігін өтей алмай отырғанына қынжыламыз.
Қазақстанның басқа облыстарында бұл бағытта оң өзгерістер бар екенін байқадық. Түнгі уақытқа дейін жұмыс істейтін инватакси сенбі-жексенбіде де тегін қызмет көрсетіп, дүкенге, базарға, қонаққа бару мүмкіндігі де қарастырылған екен.
Инватакси – арбада отырған азаматтар үшін еркіндіктің, тең мүмкіндіктің, қоғамға араласудың бірден-бір жолы. Сондықтан бұл қызметке немқұрайды қарауға болмайды. Тараз қаласында да инватакси санын арттырып, қызмет уақытын ұзарту, бағыттарын кеңейту және демалыс күндері де тегін қызмет көрсету сияқты мәселелер оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жұмабек ҚОРАМСАҚҰЛЫ,
Тараз қаласының тұрғыны