Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қандай болса да қадірлеуге лайық

Қандай болса да қадірлеуге лайық
Ашық дереккөз
Ешқашан ауру бала табамын деп, тағдырдан мұндай сынақ күткен емеспін. «Бала – Алланың сыйы» дейтінбіз. Бірақ сол сыйдың артында осыншама күрес боларын білмеппін. Алғашында бәрі жақсы болды. Тілі кеш шығады-ау деп аса алаңдамадық. «Балалар әртүрлі дамиды ғой» деп жұбаттық өзімізді. Кішкентайынан қиқар мінезі болды, бірақ ерке шығар деп ойладым.

Балабақшаға бергенімізде бәрі анық байқала бастады. Тәрбиешілері «Бұл бала бір өзі он балаға татиды» деп жиі ескертіп жүрді. Біресе тыныш отырмайды, біресе басқа балаларға жоламайды. Кенеттен айқайлап кетеді, кейде бәрінен жасырынып қалады. Түрлі ерекше қылық танытатын. Бір күні балам балабақшадан қашып кетіпті. «Таппай қаламын ба?» деп жүрегім аузыма тығылды. Абырой болғанда, балабақша үйдің түбінде еді. Таныстар көріп қалып, дереу маған қоңырау шалып, жағдайдан хабардар етті. Сол күннен бойымды үрей билей бастады.

«Балам тағы да қашып кете ме, бір нәрсеге ұшырап қала ма?» деп үнемі қорқынышпен жүрдім. Баламның қатары сөйлеп жүргенде ұлым ештеңе айта алмады. Дәрігерлерге апардық. Сол кезде аутизм деген диагноз қойылды. Бұл диагнозды естігенде төбемнен жай түскендей болды. «Емделмейді» деді. Бұл сөзге бірден сенгім келмеді. Қалайша балам сөйлей алмайды? Қалайша ол өз қатары секілді күле алмайды, ойнай алмайды? Қанша жыладық, неше түн ұйықтамай шықтық, бір Құдайға аян. Үміт пен үрейдің арасында күндер өте берді. Қарапайым ата-аналар баласының сабағын, табысын уайымдайды. Ал мен балам өзі жей алса екен, өзі киіне білсе екен деп тілеймін. Өз есімін жазып, өз атын таныса екен деген арманым өмірлік мақсатқа айналды. Бүгінде әрбір ұсақ жетістік – біз үшін үлкен жеңіс. Басқа балалар «Анашым!» деп еркелегенде мен де сол сөзді күтіп тұрамын. Кей аналар мазасын алғанын айтып баласына ренжіп жатады. Ал біз тек бірауыз жылы сөзге зәру болдық. Балам көзіме қарап күлсе, ең үлкен марапат. Үнсіз отырса да жүрегіндегі дауылды сеземін. Ол да әр демімді, әр тілегімді сезеді. Бірақ айта алмайды. Айта алмаған сайын ішімнен тынып, жүрегім ауырады.

«Қайтсін, мүгедек қой» деген сыбыстар жанымды тырнап өтеді. Бірақ ешқашан ұлымнан бас тартпадым. Ол менің сынағым, әрі бақытым. Түн ортасында шошып оянса да, күндіз жер тепкілесе де оны жақсы көремін. Ешкім сүймесе де, мен сүйемін. Өйткені ол балам, өмірімнің өлшемі. Алайда қатты шаршатады. Далаға шықса, суға қарай қашып кете береді. Суға батып кету қорқынышы жоқ. Жолда машина келе жатса да қаймықпайды. Саусақтары ыстық суға күйсе, сезбейді.

Қазір арнайы мектеп іздеп жүрміз. Қаражат жағы да қиын, құжат та оңай емес. Бірақ күресіп келеміз. Балам адам болып кетеді деп емес, тек бәрін түсінсе екен деп тілеймін. Өз өміріне өзі ие болар күнге жеткізсе екен деймін. Қоғам оны қабылдай ма, жоқ па, білмеймін. Кейде «Осындай баланы маған не үшін берді екен?» деп ойлаймын. Бірақ ойлана келе, жауап та тауып алдым. Баланы жақсы көре алатын, төзе алатын, жүрегі жұмсақ ана болғаным үшін берді деп ойлаймын. Құдай ешкімге көтере алмайтын жүк бермейді дейді. Сол рас болса, осы жүкті лайықты арқалап келе жатқан шығармын. Күндердің бір күнінде ұлым маған «Ана!» десе, сол бірауыз сөз үшін бұл өмірдегі барлық ауырлықты ұмытар едім. Қазақта кейбір балалар кеш сөйлейді деп аса мән бермейді ғой. «Бала кеш сөйлесе, ештеңе етпейді» деп ойламау керек екен. Әр ана өз баласын ішкі әлемімен сезеді. Айтарым, әр отбасы баласының жағдайына ерте назар аударса екен. Дер кезінде дәрігерге апарып, толық тексерістен өткізу қажет. Бүгінде жұмыс істей алмай қалдым. Себебі балам үнемі менімен бірге жүруі керек. Балабақша да, мектеп те біздің баланы қабылдамайды. Бұл біз үшін үлкен ауыртпалық. Бірақ баламның денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан мойымаймын, күресемін.

Әр ана баласының бір қимылынан-ақ қандай екеніне көз жеткізеді. Егер бала «ата, апа» деген сөздерді айта алмаса, өз есімін білмесе немесе қоғамдық көлікте, адам көп жерде шыңғырып, тыныштық бермесе, баланың ауытқуы бар деген сөз, яғни ең үлкен белгі берілді деп түсіну қажет. Мұндай сәтте кешікпей дәрігерге бару керек. Баланың проблемасын ерте анықтап, көмектескен дұрыс. Бұл – ақыл-есі кем, сөйлей алмайтын бала бағып отырған барша аналардың жанайқайы.

Бала – отбасының тірегі. Оның жанында болу, оған қамқорлық жасау – біздің парызымыз. Қиындық көп болса да үмітімді үзбеймін. Өйткені әрбір кішігірім жетістік үлкен қуанышқа алып барады. Баланың жүрегін түсіну үшін оның сөзін күтіп, сабырлы болу керек. Күндердің бір күнінде ол сөйлеп, өз ойын жеткізеді деп сенемін. Осы үмітпен күн көріп келемін. Ана болу үлкен жауапкершілікті, үлкен күш пен шыдамдылықты талап етеді. Менің сөзім барлық аналарға арналған. Балаларыңыздың құнын біліп, оларды қадірлеңіздер. Оның диагнозын құрсағымда жатқанда білсем де өмірін қимас едім.

Әсел ҚОҢЫРАТБАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар