Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерекше қажеттілігі бар бала сынақ па, сый ма?

Ерекше қажеттілігі бар бала сынақ па, сый ма?
Ашық дереккөз
Анасының құрсағында жатқанда-ақ денсаулығында ақауы бар екені анықталған баладан қандай ата-ана бас тартады? Тумай жатып тағдыр тәлкегіне ұшыраған нәресте туралы ойлауға ауыр, жүрекке салмақ, санаға сынақ болатын сауалға жауап беру қиын. Осы сұрақтың шешімін табу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Әдетте мұндай баладан бас тартатындар қорқақ, үміті әлсіз, болашағына сенімсіз жандар. Негізі бұл шартты үкім емес, шындық.

Ата-ана атану дүниеге тек бала әкелу ғана емес. Құрсағындағы шақалақ Алладан берілген сынақпен туылатыны белгілі болса, тағдырдың маңдайына жазғанын қабылдап, соған мойынсынып, қандай жағдай болмасын мейірімділікпен өмірін жалғау әке-шешенің міндеті. Бірақ барлық адамның жүрегі бірдей кең емес. Кез келген ата-ананың арманы – мінсіз баланы өмірге әкелу. Нәрестесінің тағдыры сынаққа түссе көзін тарс жұмып, теріс бұрылып кететіндер бар. Ал негізі ата-ананың міндеті – мұндай балаға мейіріммен қарап, перзентіне деген кіршіксіз махаббатын кеудесінен жаны шыққанша өшірмеу.

Құрсағындағы баланың денсаулығында ауытқуы бар екенін естігенде болашақ әкешеше қатты күйзеліске түсетіні анық. Әр отбасы үшін дені сау баланың қымбат екені белгілі ғой. Бірақ құрсағын жарып шыққан ұрпағын жамандыққа қимайтын ана жүрегі мүгедектігі бар нәрестеден бас тартатыны қалай? «Қалай өсіреміз? Болашағынан не күтеміз? Қоғам не дейді, қалай қабылдайды? Ештеңені ұқпайтын бала кімге керек, бұл тек қолбайлау болады ғой» деп толғанады.

Бірақ тастап кетіп немесе жаңа өмірге талпынған нәрестенің жаңа соққан жүрегінің дүрсілін іште жатқанда-ақ тоқтатып, медицина көмегімен алдырып тастайтындар кездеседі. Олар өздерінің сол сәттегі жай-күйін әлсіздік емес, табиғи қорғаныс деп түсіндіреді. Өмірдің ауыртпашылығы мен бала болашағының белгісіздігі осылай шарасыздыққа итермелейді. Сөйтіп, олар өзінің әлсіздігін жеңе алмайды. «Бәлкім, қазір тоқтатсам, өзімді де, оны да қинай қоймаспын» деген оймен ішкі жанайқайын тұншықтырып, өз жүрегіне қарсы шығады.

КЕМБАҒАЛ ПЕРЗЕНТ КІМГЕ КЕРЕК?

Жалпы мүгедектігі бар бала ата-анаға керек пе? Өз жақындары баласының болашағына сенбесе, ол баланың өмірі кім үшін құнды? Сенім болмаған жерде өмірдің мәні сақталмайды ғой. Мүгедек бала тағдыр ма, әлде ата-ананың таңдауы ма? Өмірге сондай баланы әкелуді бірі ерлік санаса, енді бірі өзімшілдік деп ойлайды. Жалпы ерекше баладан бас тартқан ата-ананың жүрегі әлсіз бе, әлде шынайы шындықпен санаса білген жандар ма? Іште жатқан шақалақта кемшілік барын білген соң, түсік жасаған күнә ма, әлде солай әділетті бола ма?

Ерекше балалар адамдардың мейіріміне мұқтаж ба, әлде тек әке-шешесінің құшағына ғана зәру ме? Кейде үлкендер мүгедектігі бар баланы өз арманынан айырылғаны үшін қабылдай алмаса, кейде өзгелердің көзқарасынан қорқатындықтан қаламайды. Жалпы ерекше жандар өмірдің қателігі деген түсінік бар. Алайда олар қоршаған ортаға басқа көзбен қарауға үйрететін ұстаз сияқты. Іште жатқан нәрестенің ерекше екенін білгеннен кейін баланы қорлықтан арашалап алу мақсатында анасы түсік жасатқаны дұрыс па? Әлдеқандай жағдай болса да дүниеге алып келуі шарт па? Осы орайда ислам дінінде мүгедектігі бар балалар туралы не айтылғанына назар аударған едік.

– Ана құрсағына жаңа біткен шақалақ жарық дүниенің есігін әлі ашпаса да Жаратқанның есебіне кіріп қояды. Оның әр демі, әр жүрек соғысы Раббының рұқсатымен іске асады. Жалпы түсік жасату зиян ба? Қасиетті Құранның «Хұд» сүресіндегі 6-аятта: «Күллі жан иесі өзінің несібесін арқалап дүниеге келеді» делінген. Кемістігі бар сәби де өз несібесімен, өз тағдырымен келеді. Ол Алланың қателігі емес, адамға берілген уақытша сынақ болып қабылданады екен.

Шариғат бойынша 120 күндік мерзімде құрсақтағы сәбиге жан бітеді. Түсік жасауға рұқсат берілуі мүмкін, егер дәрігерлер бір ауыздан «шақалақ ауыр дертпен дүниеге келмек» десе және сол сәт анасының денсаулығына қауіп төнсе ғана.

Алайда жан біткеннен кейін, яғни 120 күнге толып қойса, шақалақты алдыру тірі жанды өлтірумен тең. Яғни үлкен күнә. Егер анасы адасып, әлсіздіктен немесе зорлықпен осындай шешімге барған болса, Алла оның шынайы тәубесін қабыл етеді. Бір ғана ақиқат бар – өмір адамға емес, Аллаға тиесілі. Оның шеңберінен адам тек жүрегімен ғана шығып кетеді, үкіммен емес, – дейді Талас ауданы, Майтөбе ауылының имамы Мұхтар Шәдіман.

НӘЗІК ӘРІ АУЫР ТАҚЫРЫП

Қоғамның әлсіз мүшелері саналатын сәбилерге, қарттарға, ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген адамдардың көзқарасы қоғамның рухани деңгейінің көрсеткіші саналады. Сол себепті мүгедектігі бар баладан ата-ананың бас тартуы тек жеке отбасының емес, тұтас қоғамның жан жарасын көрсететін мәселе. Бала – ата-анаға берілген аманат. Ол қандай болып дүниеге келсе де сол қалпында қабылдау – ата-ананың моральдық әрі рухани жауапкершілігі. Дегенмен шындыққа тура қарасақ, өмірге ерекше қажеттіліктерімен келген баладан кейбір атааналар бас тартып жатады. Бұл санаға салмақ салатын құбылыс. Бірақ мұның астарында не жатыр? Осы орайда психологтардың сөзіне құлақ түргенді жөн көрдік.

– Біріншіден, психологиялық күйзелістің салдары. Баланың кембағал болып дүниеге келуі үй ішіндегілер үшін күтпеген, ауыр соққы. Арман мен үміттің әдірем қалып, болашаққа деген сенімнің шайқалуы, өзін кінәлі сезіну, осының бәрі ата-ананы тығырыққа тірейді. Мұндай күйде кейбірі өз шындығынан қашып, баладан бас тартуды жалғыз жол ретінде қарастырады.

Екіншіден, қоғамда қалыптасқан теріс көзқарас та өз әсерін тигізбей қоймайды. Кейде «мүгедектігі бар баланы туған ана – күнәсі бар әйел», «мұндай бала – қарғыстың белгісі» деген сияқты қате түсініктер әлі де кездеседі. Бұл білім мен сана деңгейінің төмендігінен туындайтын жаңсақ пікірлер. Мұндай көзқарастар ана мен әкенің ішкі күресін үдетіп, ұят пен қорқыныштың әсерінен олар баланы қабылдауға дайын болмай қалады.

Үшіншіден, экономикалық жағдай да әсер етеді. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеу үлкен материалдық, физикалық және эмоционалдық ресурсты талап етеді. Әсіресе тұрақты табысы жоқ, ауылдық жерде тұратын отбасылар үшін бұл тіптен қиын. Кейде ата-ана баланың болашағына сенбей, өз мүмкіндіктерін жеткіліксіз деп бағалап, баладан бас тартуға мәжбүр болады.

Төртіншіден, медициналық мекемелер мен мамандардың кейбір кеңестері де ата-ананың шешіміне ықпал етуі мүмкін. Көп жағдайда жүктілік кезінде диагноз қойылғанда дәрігерлер түсік жасатуды ұсынады. Бұл жерде ананың психологиялық күйі мен ақпараттануы шешуші рөл атқарады. Көбіне ата-анаға баланың болашағы туралы нақты әрі үміт ұялататын ақпарат берілмейді. Керісінше, қиындықтар мен шектеулерді ғана көрсету олардың үміт отын сөндіреді.

Сонымен қатар ата-ананың жеке тұлғалық ерекшеліктері мен өмірлік тәжірибесі де маңызды. Кейбірі балаға жанын беруге дайын болса, енді бірі қиындықтан қашып, жауапкершіліктен бас тартуы мүмкін. Адамның мықтылығы сынақта көрінеді десек, бұл ең ауыр сынақтардың бірі. Мүгедек бала тағдырдың жіберген сынағы ғана емес, сондай-ақ ерекше махаббат пен мейірімділіктің қайнар көзі. Мұндай балалар жүректі тазартады. Бірақ көп жағдайда бұл тереңдікті әр адам бірдей сезіне бермейді.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеу ұят емес. Қоғам оларға алғыс айтуы керек. Өкінішке қарай, кейде дәл осындай ата-аналар сөгіс, мазақ, мүсіркеу көреді. Бұл санасыздықтың белгісі. Мүгедектігі бар бала қоғамның кемшілігі емес, керісінше, оның махаббатқа, түсіністікке деген зәрулігін көрсететін белгі. Нәзік әрі ауыр тақырып. Көп ана бұл шешімді үлкен күйзеліс кезінде қабылдайды. Қоғам, медицина, отбасы тарапынан қолдаудың жоқтығы, қорқыныш пен шарасыздық оларды осы жолға итермелейді. Бұл әрекет салқынқандылықтың емес, керісінше, үмітсіздіктің көрінісі.

ҺБала – өмір. Оның кемшілігі болса да толыққанды сүюге лайық. Жанында анасы болса, мүгедектігі бар бала да гүлдейді, өседі, дамиды. Ата-ананың махаббаты ең күшті дәрі екені ғылыми дәлелденген шындық. Психолог ретінде айтарым, ата-аналар баланы қабылдай алмағаны үшін өзін айыптамауы керек. Көмек сұраудан ұялмағаны абзал. Қоғам, мемлекет, психологтар бәрі бірге болуы керек. Ешкім жалғыз емес.

Сондай-ақ қоғам болып мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Олар біздің арамызда, біздің қатарымызда тұруы шарт. Тек қолдау мен түсіністік керек. Қорыта келгенде, бұл жеке трагедия ғана емес, қоғамдық трагедия. Осы мәселені тек кінәлау арқылы емес, түсіністікпен, жанашырлықпен шешуге ұмтылуымыз керек. Әр бала шексіз махаббатқа лайық. Ал әр ата-ана сол махаббатты беруге міндетті. Тек сенім мен қолдау керек, – дейді психолог Мира Таласқызы.

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН

 

Бәлкім, анасына жүк болып көрінген сәбиі оның жұмаққа апарар жолы, ал кемістік кемелдікке бастар сынақ шығар, кім білсін?! Өмірлік ақиқат бойынша өзгеге өнеге беру мақсатында ойға оралған мына екі қарапайым оқиғаның артында терең мағына жатыр.

Бір жас әйел екінші баласына аяғы ауыр екенін біліп, күйеуінен қуанып тұрып сүйінші сұрайды. Бірақ уақыт өте келе дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу арқылы болашақ баланың бір мүшесі кем, яғни мүгедек болып туылуы мүмкін екенін айтады. Жас жұп уайымға батады. Достары мен кейбір туыстары «Баланың өмірі қиын болады, өздерің де қиналасыңдар, қазір-ақ түсік жасатқан дұрыс» деп үгіттейді. Бірақ ерлі-зайыпты екіойлы болады. Сол сәтте олар бір данышпан қариядан кеңес сұрауға барады. Қария үндемей отырып қалады да, қолына бір қисық ағашты алып: «Мына ағашты қараңдар. Ол түзу емес, бір жағына қисайып өскен. Бірақ дәл осы қисық бұтақты ағаштан ою ойған шеберлер керемет қасық, домбыра, бесік жасайды. Ал мүлдем түзу ағаштар кейде отынға ғана жарайды. Кейде бізге кем көрінген нәрсе Құдайдың ерекше сыйы болуы мүмкін. Әр жан өмірге өз жолымен келеді. Мүмкін, дәл осы баланың жүрегінде бүкіл адамзатқа жетерлік мейірім бар шығар», – деген екен.

Жас жұп үнсіз отырып қалады. Көздерінен жас шығып, қатты толқиды. Бірақ жүректері тынышталады. Сол күннен кейін олар баланы тағдырдың сыйы деп қабылдап, өмірге әкелуге шешім қабылдайды. Кейін сол бала ерекше суретші болып, өз еңбектерімен мыңдаған жанның жүрегіне үміт пен махаббат ұялатқан екен...

Мүгедектігі бар бала – Жаратушының аманаты. Мұндай баланы өмірге әкелу, оны бағып-қағып өсіру үлкен адамгершілік пен рухани кемелдіктің көрінісі. Өкінішке қарай, кейбір жандар мұндай сынақтан қорқып, баладан бас тартады немесе мүгедек екенін білген сәтте-ақ түсік жасатуға бел буады. Бұл әрекет сырттай түсінікті көрінгенімен, шын мәнінде, ар мен ұят таразысына тартылатын ұғым. Әрбір баланың өмірге келуге құқығы бар екенін ұмыту – адамдық болмыстан алыстау.

Кембағал баланы қабылдай алмау – қоғамдағы мейірімнің азайғанының белгісі. Мұндай балаға тек жанұя емес, бүкіл орта жауапты екенін түсінуіміз керек. Оған деген сүйіспеншілік, сабыр мен қамқорлық арқылы нағыз рухани байлыққа қол жеткізуге болады. Олар ерекше әлемнің иесі. Көпшілік ойлағандай, мұндай бала тек ауыртпалық емес, керісінше, өмірге мән беретін, жанды тазартатын рухани ұстаз. Олар арқылы адам өзінің шынайы болмысын, адамдық қасиетін қайта таниды.

Өмірге келген әрбір сәбидің тағдыры – Алланың қалауы. Ата-анаға берілген сынақ – тек ауыртпалық емес, сонымен қатар рухани биіктікке жетелейтін жол. Мүгедектігі бар баламен бірге өмір сүру сабырды, төзімді, шүкірді үйренудің жолы. Мұндай бала арқылы адам өзінің ішкі әлемін, жан тазалығын, қайырымдылық пен жанашырлықтың қадірін түсінеді.

Қоғамда мүгедектігі бар балаларды жатсыну үлкен қате. Біз оларды оқшауламай, керісінше, қолдап, дамуына жағдай жасауымыз керек. Инклюзивті білім беру, әлеуметтік қолдау, мейірімділікке негізделген тәрбие – мұның бәрі мүгедек баланың қоғамға етене араласуына жол ашады. Ешбір ата-ана мұндай баланы өмірден алыстатуға тырыспауы қажет. Себебі олар да өмірдің бір бөлшегі. Олар да қуанады, жылайды, армандайды, жақсы көреді.

Ата-ананың басты борышы – баланы жақсы көру. Жанын түсініп, тағдырын қабылдап, әр сәтте қолдау білдіру. Мүгедектігі бар балаға ерекше күтім ғана емес, ерекше мейірім қажет. Ондай бала өмірге бекер келмейді. Оның да бұл дүниеде өзіндік миссиясы бар. Кейде бір мүгедектігі бар баланың дүниеге келуі бүтін бір отбасының адамгершілік биігін арттырады. Қайта тірілткендей, рухани оятады. Осы арқылы адам баласы өз өмірінің шынайы мағынасын ұғына бастайды.

«Мүгедектігі бар бала кімге керек?» деген сұрақ теріс пайым. Ондай бала бәрімізге керек. Ол бізді тәрбиелейтін, сабыр мен мейірімді еске салатын, жүрегіміздегі ұйқыда жатқан шапағатты оятатын жан. Құрсақтағы баланың кемістігі үшін оны өмірден айыру – қайғыдан бұрын қатыгездік. Әрбір жан өз баласын жантәнімен қабылдай білсе, бұл дүниеде ешкім де артық болмайды. Қоғам да мүгедектігі бар балаға тек жанашырлықпен емес, тең құқылы азамат ретінде қарауды үйренуі керек.

Бала – ерекше нығмет. Оны түсіну үшін жүрек керек. Қайсарлық, мейірім, жауапкершілік сынды қасиеттерді бойына жиған адам ғана мұндай баланың қадірін ұғады. Әр бала – бір әлем. Әсіресе мүгедектігі бар бала терең, сырлы, ерекше әлем. Біз оны танып, қабылдауға, сүйе білуге тиіспіз. Ата-бабамыз ешқашан баладан безбеген. Ұрпағына үмітпен қараған. Бүгінгі ұрпақ та осы ұстанымнан айнымауы қажет. Өйткені нағыз адам болу тек өз қамыңды ойлау емес, өзгенің тағдырына ортақтаса білу.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар