Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тілім, сен өлмеші!

Тілім, сен өлмеші!
Ашық дереккөз
Тілі ортақ, тарихы терең, түбі бір егемен ел – тәуелсіз мемлекет. Басқаша айтсақ, ол да бір өз алдына дербес, көрші-қолаңымен тату, ағайынымен бауырластығы үзілмейтін үлкен бір отбасы. Жалпы отбасын адам өзі таңдай алмайтыны сияқты мемлекетті де бір үлкен отбасы деп санасақ, онда оның әр мүшесі бір-бірін сыйлап, қадірлеуі тиіс. Сол құрметтің қайнар көзі – ана тіліне деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Бүгінгі тақырыпта біз ана тілінің мәнін қозғап қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік тілдің маңызын талқылап, қандай мәселе бар екенін ашып көрсетуге тырысамыз.

ЮНЕСКО-ның сараптамасы бойынша, бүгінде әлемде 7000-нан астам тіл бар. Бірақ зерттеушілер XXI ғасырдың соңына қарай бұл сан 3000-нан да аз болуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Тілдің жойылуы – бұл жай ғана қарымқатынас құралының жоғалуы емес, бұл халықтың бірегейлігі мен тарихының жоғалып кетуіне әкеліп соқтыратын, бүтіндей мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтіретін дүние. 2021 жылғы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік тілдер есебіне сәйкес тілдердің нақты саны өзгеруі мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, кейбір тілдер әлі ашылмаған немесе тіркелмеген. Екіншіден, бұрын диалект саналған тілдер, шын мәнінде, жеке тіл болуы мүмкін (мысалы, Тайваньдағы байырғы халықтар тілдері). Үшіншіден, тілдер мен халықтар үнемі өзгеріп отырады, яғни көші-қон, апаттар, ассимиляция секілді факторлар әсер етеді.

ТІЛДІҢ ӨЛУІ МҮМКІН БЕ?

Иә. Егер де бірде-бір адам белгілі бір тілді ана тілі ретінде қолданбаса, ол тіл «өлі» тілге айналады. Солардың бірі – латын тілі. Ол оқытылады, бірақ ешкім ол тілде бала кезінен сөйлемейді. Тайваньда басай және кетангалан сияқты байырғы тілдер жойылып кеткен. Тайвань тілі мен хакка да жойылу қаупінде тұр. ЮНЕСКО тілдің жойылып кету қаупіне қарай алты деңгейге бөледі. Біріншісі – қауіпсіз деңгей. Яғни тіл барлық жаста, барлық ортада қолданылады. Екіншісі – осал. Мұнда тіл негізінен тек үй жағдайында қолданылады. Үшіншісі – қауіпті деңгей. Бұл тұрғыда балалар өз үйінде ана тілінде сөйлеспейді. Төртіншісі аса қатты қауіп төнген санатқа жатады. Нақты айтқанда, тілді тек егде тартқан кісілер қолданады, ал ата-аналар мүлдем қолданбайды. Бесіншісі қатерлі деңгей деп аталады. Бұл тілдің қолданылу аясы өте тар дегенді білдіреді. Ең соңғысы – жойылған деңгей. Яғни ол тілде ешкім сөйлемейді.

Халық саны көп болса да, егер жас ұрпақ тілді қолданбаса – ол тіл өледі. Қазірдің өзінде тайвань және хакка тілдері 3 немесе 4 деңгейдегі қауіпке тап болып отыр. Журналист Джеймс Гриффитс «Қытайша сөйлеңіз» атты кітабында жазғандай, Гуандун диалектісі (кантон) кең таралғанымен, Қытай үкіметінің мандарин тіліне басымдық беруі оны да жойылу шегіне әкеліп отыр. Танымал британдық лингвист Дэвид Кристалдың айтуынша, тілдерді сақтау үшін 5 негізгі себеп бар. Біріншіден – адамзат өркениетінің тұрақтылығы тілдің әралуандығына байланысты. Тілдер бір-бірімен байланысып, экожүйе түзеді. Биологиялық әртүрлілік табиғатқа қалай әсер етсе, тілдік әртүрлілік те мәдени тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Екіншіден, тіл – бұл ұлттың болмысы. Әр халықтың ұлттық кодын жеткізуші бірден-бір құрал – қызыл тіл. Ол жоғалса, этникалық бірегейлік пен ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Үшіншіден, тіл – тарих. Әрбір тіл халықтың дүниетанымымен астасып, өзіне тән ұлттық кодын, ерекшелігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, тарих қойнауынан сыр шертеді. Тілі жоғалған қоғам өз тарихынан да ажырайды. Төртіншіден, тіл – білім мен даналықтың сақтаушысы. Әр тіл – адамзаттың әлем туралы ерекше түсінігінің көрінісі. Тіл жоғалса, ізінше білім де кетеді.

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Жалпы алғанда көпэтносты ел болуымызға, әрі заңнама талаптарына сәйкес біз билингвист халықпыз. Яғни ұлтаралық қатынас тілі – мемлекеттік тілмен қатар жүреді. Конституциямыздың 7 – бабының 2 тармағында көрсетілгендей, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзінөзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Депутаттарымыз да екі тілге бірдей жағдай жасалуын сынға алып жатқаны рас.

Біріншіден, біз тілімізді жай сақтап қалуға тырысып қана қоймай, оны ағылшын, қытай тілі тәрізді танымал тілдермен теңестіруді мақсат тұтуға тиіспіз. Ол үшін тілге сұранысты арттыратын жағдай жасалуы ләзім. Оны үйретуде зорлыққа да жол бермей, мейлінше жаңадан қосылатын қолданушылар үшін тартымды ете түскеніміз абзал. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов «Abaylive» «Youtube» арнасына берген сұхбатында айтқан болатын. Депутаттың ойынша, бүгінде мемлекеттік тілді үйренемін дейтін өзге ұлт өкілдеріне барынша жағдай жасалуы маңызды. Сонымен қатар қазақ тілін мектептегі баланың санасына құйып жіберетін мұғалім жанжақты болғаны жөн. Осы тұрғыда ұстаздық жолға енді-енді қадам басқалы жатқан жас мамандар мен студенттерге де таптырмас дүние – «Youtubе» арнасында миллиондаған оқырмандары бар шетелдік оқытушылардың оқыту техникасын, оның ерекше әдістәсілдерін меңгеру өте өзекті деп санаймын. Яғни қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюі үшін керегі – менеджмент және маркетинг.

Мысал ретінде әлемге тек тілін емес, технологиясын, мәдениетін, адамның бүкіл өмірін үлгі етіп отырған Американы алып қарайық. Біріншіден, ол жаққа қоныс аударғысы келетін иммигранттарға ағылшын тілінің деңгейін тексеру мақсатында тестілеуден өту міндеттелген. Жалпы АҚШ тұрғындарының 80 пайызы ағылшынша сөйлейді. Бұған қоса жақында ғана қосылған өзгерістерге қарағанда денсаулық сақтау, жүргізуші куәлігін алу сынды мемлекеттік қызметтерде бұл талап маңызды рөл атқарады. «Көш жүре түзеледі» деген тәмсілді көп айтатын халықпыз ғой. Ендеше, сол көштің басында келе жатқан дамыған мемлекеттердің ұтымды шешімдерін саралап, қажетті озық ойларын түртіп алу – ел игілігі үшін айнымас міндет, орындалуы керек мақсат.

Келесі мәселе – кешегі Жұмабек Тәшенов тәрізді тау тұлғалардың тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай сақтап қалған теріскей төсін гүлдендіру. Менің айтпағым, Қазақстанның солтүстігіндегі ұлан-ғайыр далаға оңтүстік қазақтарын жоспарлы түрде көшіру турасында. Бір кездері Астанамыздың да аты Алматыдан Ақмолаға көшірілуі маңызды шешімдердің бірі болған. Дәл сол сияқты солтүстік өңірге көші-қон жұмысын ұтымды ұйымдастыру да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Көші-қонға қатысты жауапкершілігі мен адамгершілігі қатар жүктелетін бұл міндетті жуапты тұлғаларға қатаң қадағалауы тиіс деп санаймын. Әсіресе кәсіпкерлердің көшіп келуіне жағдай жасау және әрбір қоныс аударуға ниет білдірушілерге шынайы мемлекеттік қолдау көрсетілуі маңызды. Бұлай деп отырғаным, бұған дейін оңтүстіктен солтүстікке келушілерге біраз көмек берілетіні туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған еді. Соған сеніп, жуырда мен де жұмыс бабымен Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласына келген едім. Бірақ өкініштісі, әлгі ашық дереккөздерде айтылғандай, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан маған ешбір жәрдемақы төленбеді. Ал баспана мәселесіне тіпті де бастарын ауыртқан жоқ. Мұның барлығы кейбір жергілікті мемлекеттік органдардың ана тілін сүйетін, өз халқына қызмет еткісі келген жас буынға деген немқұрайдылықтың белгісі деп есептеймін. Жасыратыны жоқ, солтүстігіміздегі хал-ахуал өзге өңірлерге қарағанда мүлде басқа. Мұны тек теріскейге кемі бір келіп көрген жанға ғана түсінеді. Қазақтың басым көпшілігі өзге тілді жақсы меңгерген, оған еш шүбә келтірмейміз. Бірақ мәселе басқада. Тақырыбымыздың бас жағында қозғаған – тілдің жойылып кету мәселесінен қауіптенеміз. Себебі мұндағы бауырларымыз өз ана тілінен ажырап бара жатқандай көрінеді. Мысалы, «Nord Kazakh» лақап атымен белгілі Аслан Тулегеновтің контенті кім-кімді де бейжай қалдырмайтындығы сөзсіз. Күні кеше ғана қамауға алынған бұл жігіттің «YouTube» арнасы миллиондаған қаралым жинайды. Өкініштісі, ол өз сөзінде «Қазақ елінде орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» деуден тайынар емес.

Оның әрбір бейнежазбасын мұқият қарап, зерделесеңіз, анық арандатушы деп санауға болады. Бір ғана мысал, ол «О нелюдях» атты бейнежазбасында: «Кто такой нелюдь? Нелюдь – это тот который задаваемый на вопрос на русском языке и прекрасно понимая русский язык принципиально не желает ответить вам на русском», – дейді.

Бұдан бөлек ана тілі, қазақтың тарихы туралы пікірін айта бастаған журналистерге тіл тигізуі тіпті ақылға сыймайды. А.Тулегеновтің небәрі 2 жыл ішінде «YouTube» платформасында 31 миллион қаралым жинауының өзі көп ойға жетелейді. Оның бейнероликтері мемлекеттік тілдің маңызын түсіріп, ашық түрде өзге елдің тасасында қалдыруға бағытталған. Сондықтан да құрығы ұзын құзырлы органдар қазірден нақты шара қолданғаны абзал. Біз қазақ халқы ешқашан ешкімді алалап, кем көрген емеспіз. Алайда ұлттық кодымыздан айырылар жайымыз жоқ. Ал ана тіліміз – сол ұлттық кодтың алтын діңгегі. Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін біраз жұмыстар да жасалуда. Сонымен бірге әлемдік тілдер де қатар дамуда. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 6 айлық тіл курстары тегін өткізіледі. Онда кәріс, жапон, қытай, француз тілдерімен қатар, қазақ тіліне арналған сыныптар бар. Жас та, жасамыс та қатыса алатын мұндай курстар легін тек арттыра беру керек. Қамтылу аймағын кеңейтсе, бұл да бір өнімді іс болар еді.

Түйіндей келе, 7 мың тілдің ішінен қазақ тілі алдыңғы қатарға шықса, міне, сонда ғана біз өзгелерге үлгі бола аламыз. Сонда ғана мәдениетімізді, байырғы ғұрпымызды, тазалығымызды өзімізде сақтап қана қоймай, әлемдік деңгейде танытамыз. Капиталистік қоғамда тілімізді мойындату үшін техниканы да жетік меңгеріп, қарапайым жабыдқтардан бастап нанотехнологияларға дейін өз өндірісіміздің болуы да маңызды. Экономикасы, инфрақұрылымы дамыған ел ғана басқасымен терезесі тең. Ең бастысы, көтерген мәселеміз газетпен бірге архивке кетіп, ескерусіз қалмаса игі. Ал егер билікке жетіп, қажетті шаралар қабылданса, халық тарапынан да оң бағасын алатындығы сөзсіз. Тіліміз мәңгі жасасын!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,

журналист.

Көкшетау қалас

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар