Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапсыз үйлер ұстазсыз мектеп секілді

Кітапсыз үйлер ұстазсыз мектеп секілді
Ашық дереккөз
Жасыратыны жоқ, бұрындары қай үйдің де сәні мен мәні болып сөрелерінде алдымен кітаптар тұратын. Ал үлкен үстелде жаңа келген газет-журналдар жататын. Білім бұлағы аталатын мұндай құнды да киелі дүниеміз бөлмемізді сәнге бөлеп қана тұрмайтын. Сол үйдің адамдары қай салада еңбек етсе де осы газет-журналдардан бөлек, моншақтай тізілген кітаптарды шетінен алып оқып жүретін және оқығандарын керек жерде пайдалана да білетін. Одан қалса, қонақта отырғанда немесе жүрген жерлерінде бір-бірлеріне оқыған кітаптары жайлы да әңгіме ететін. Тіпті сол кезде білім мен ғылым саласында жүрген мамандар мен өзге де кітапқұмар жандардың үйлерінде шағын кітапханалары болған. Ал сол кезде бала болған біздер үйде қатты шулап кетсек, үйдің үлкендері: «Егер істейтін жұмыстарың болмаса сабақтарыңды оқыңдар. Оқып қойған болсаңдар, қосымша әдеби кітаптар оқыңдар. Білімдерің артып, ойсаналарың дами түседі» деп, жасымызға лайықты бір-бір кітаптан беретін. «Осы кітапты оқып болған соң не жайында екенін айтып бересіңдер» дейтін одан кейін. Біз ол кісілерді сыйласақ та, қорықсақ та кітаптарды мұқият оқып шығатынбыз.

Міне, бірте-бірте біздің де әдеби кітапқа деген қызығушылығымыз бен құштарлығымыз арта түсіп, әлі де кітап оқитынымыздың сыры осында жатыр. Ал қазір ше? Қазір көп үйде кітап түгіл, кітаптар тұратын сөрелері бар жиһаздар да жоқ. Әсіресе көпқабатты үйлерде. Себебі «қазіргі заманға сай» деп елдің бәрі бір-бірлерінен қалыспай үйлері мен пәтерлеріне еурожөндеу жүргізгенде артық дүниелерін сатып немесе сарайлары мен көлікжайларына апарып қойған. Тіпті кейбіреулері тозығы жеткендерін қоқысқа шығарып тастаған. Сол қоқыстарға түрлі заттармен қоса, асыл қазыналарымыздың бірі – кітап пен газет-журналдар да кетіп жатыр. Одан қалса, пештер мен ошақтардың тамызығына айналуда. Ал олардың көбісі дерлік енді ешкімге керексіз болып, әлгі айтқан сарайлар мен көлікжайларда шетінен шіріп жатыр. Жетімнің күйін кешіп жатқан есіл кітаптар-ай...

Осы орайда кітапқа байланысты өзім куә болған бір-екі оқиғаға тоқтала кеткенді жөн көрдім. Былтыр Мұхтар есімді бір таныс ағам қаладағы көпқабатты үйдегі пәтерінен Байзақ ауданындағы Құмжота ауылынан салған жеке тамына көшіп барғанда «Үйге сыймайды. Оның үстіне қазір кім кітап оқиды?» деп сарайына шығарып тастаған үш қап кітап пен журналдарын маған беремін деп уәде еткен болатын. Бір айдан кейін Мұхтар ағаға телефон соғып, «Қазір көлікпен барып, әлгі кітаптарды алып кетсем бола ма?» деп едім, ол кісі маған: «Ойбуу, інім, сен маған ренжімеші, өткен аптада монша жағып едік, отын аз қалған соң жеңгең маған айтпай кітаптарды пешке салып жіберіпті», – десе бола ма. Сол кітаптарды дер кезінде алып кетпегенім үшін сонда мен өз-өзіме ашуланып, іштей қынжылдым да: «Мұхтар аға, сол кітаптарды маған беруге қимасаңыз да, «Кітап сыйла» деген науқан бойынша кітапханаларға өткізбедіңіз бе?», – дедім әзіл-шыны аралас.

Одан кейін келесі бір барған кезімде Алматыда тұратын бақуатты бір жекжатым үйіне жаңа бұйымдар алғандықтан бұрынғы дүниелерінің жарайтындарын жақындары мен көршілеріне таратып, қалғандарын қоқысқа тастамақ болып «ГАЗель» жүк көлігіне тиеп жатыр екен. Көктем мезгілі болатын. Бір кезде олар жертөледегі заттарын да далаға шығарды. Солардың арасында қырықтан астам кітап бар екен. Бірақ өкінішке қарай, олар көп уақыт күн көрмеген соң ба, дым тартып, көгере бастапты. Сонда мен тағы да «құр қалмайын» деп сонша кітаптың арасынан оқуға жарайды деген он екіақ кітапты таңдап алдым. Қалғандары оқырмандарымен мәңгілікке қоштасты. Сол сәтте мен кітап оқымаса да, кітап дейтін баға жетпес байлыққа құрметпен қарамайтындықтары үшін жекжаттарыма іштей ренжідім. Ал ескі жүктерге толған көлік орнынан қозғалғанда ендігі мекендері – қоқыстың ордасына бара жатқан кітаптарды жанашырлықпен әрі қимастық көзбен шығарып салдым. Бұлар мен көрген бір-екі ғана келеңсіз көрініс. Әлі де мен көрмеген және өзгелер кездестірген кітап туралы осыған ұқсас жағымсыз жайттар жетіп артылады деп ойлаймын.

 Қазір ел-жұрттың үйі үлкейген сайын пейілдері тарылып бара жатқандай. Олай дейтінім, қаладағы кішігірім пәтерлерді айтпағанда, бөлмелері көп әрі даңғарадай жертамдардың бір бұрышынан кітап тұратын орын табылар еді ғой. Міне, осыдан да болар, яғни кітапсыз үйлердің көбейіп бара жатқандығының салдары ма, әйтеуір, кейінгі жылдары қонақта отырғанда немесе бір-бірінің үйіне барғанда жұрттың көбісі жібі түзу әңгіме қозғай бермейді. Себебі сөрелері өзге бұйымдармен көмкеріліп, көздеріне кітап көрінбеген соң ондай рухани әңгімелер қайдан бастау алсын? Керісінше, көбісі рухани емес, өзге байлықтар мен болмайтын бір мәнмағынасыз арзан әңгімелер айтып отырады. Одан қалса, балалар мен жастар түгіл, үлгі болар үлкендердің өздері телефонға үңіліп, болмаса таныстары мен жақындары енді естеріне түскендей соларға жазбаша немесе дыбыстық хабарлама жіберіп, ерсі қылықтарымен елдің мазасын алып отыратындардан көзіміздің де, құлағымыздың да күңгірт тартқан кездері аз емес.

Ал бұрын ше? Бұрындары кез келген үйде мектеп оқулықтарынан бөлек, әдеби кітаптар сөрелердің сәні мен сәулесі болып тұратын. Сол кездегі адамдар бір-бірінің үйінде бас қосқанда алдымен сол кітаптарға көздері түсіп, кітап жайлы әңгімемен қоса, оқығандары мен тоқығандарын да сөз ететін. Және бір-бірін кітап ішіндегі кейіпкерлерге теңеп, әзілдесіп отыратын. Сонымен қатар кітап алмасып тұратын. Одан қалса, келген қонақтың көзі түсіп, ұнатқан кітапты үй иесі «Қуыс үйден құр шықпа» деп, сыйға да тартып жататын. Сондықтан да болар, сол заманда кітап оқымайтындар кемдекем, ал білімсіз адамдар аз еді.

Шіркін, сол заман қайтып орала ма, оралмай ма, бір Аллаға ғана аян. Дегенмен кейде ауылдармен қоса, қалалардағы кейбір үйлерден кітап толы сөрелерді көргенде ішім жылып, сол отбасына ризашылығымды білдірген кездерім де болған. Сондықтан қазір ешкім мүлдем кітап оқымайды, ешкімнің үйінде кітап жоқ және кітап жинамайды десем жалған болар еді. Бірақ кітапсыз үйлердің басым екені рас. Сіздерге қайдам, маған кітапсыз үйлер ұстазсыз мектептей әрі жұпыны болып көрінеді. Өйткені кітап теңдессіз тәрбиеші, бәріне ұстаз, білім мен руханияттың қайнар көзі. Және кітап бар жерде әдемілік те, әдептілік те бар. «Адамға ой салатын дана кітаптарды көктен түскен төрт кітаптың ізгі ұрпақтары деп санаймын» деп еді оқығаны да, көргені де көп бір қария. Сондықтан қолдағы кітаптарымызды отқа жағып немесе сарайымызда сарғайтқанша оларға да құрметпен әрі мейіріммен қарап, үйімізді кітапқа, кеудемізді рухани байлыққа толтырғанға не жетсін! Облысымыздыі әкімі Ербол Қарашөкеев « Ә у л и е а т а – кітап оқитын өңір» деген бастама көтергені белгілі. Ең болмаса осы жоба аясында кітап оқып, үйімізге кітап сатып алмасақ немесе бір мезгіл кітапханаларға бас сұқпасақ ұят шығар, ағайын. Және осындай көңілге қонымды жобаны қоғам болып қолдап, кітапқа деген құштарлығымызды бір кісідей арттыра түссек, нұр үстіне нұр емес пе?

Мақтанғаным емес, біздің үйде кітаптан көп нәрсе жоқ. Олардың қатары көбеймесе, сиреген емес. Және солай бола да бермек. Ал сіздің үйіңіздің жиһаз сөрелерінен кітаптарға орын берілген бе? Солардың қаншасын оқып шықтыңыз? Және кітапқа деген құрметіңіз қалай, оқырман?

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Бөлшек сауда айналымы
Алдыңғы мақала
Бөлшек сауда айналымы

Ұқсас жаңалықтар