Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өнеркәсіп саласы өркен жаюда

Өнеркәсіп саласы өркен жаюда
Автор
Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда өнеркәсіп саласы жетекші орындардың бірін иеленетіні белгілі. Бұл сала аймақтың жалпы ішкі өнімінің артуына айтарлықтай үлес қосып, өңірдің өндірістік қуатын нығайтуға тікелей ықпал етіп отыр. Соңғы жылдары облыс кәсіпорындарының өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуы аймақ экономикасының тұрақты дамуына серпін беруде.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласының жалпы өңірлік өнім өндірудегі үлесі 16,5 пайызды құрапты. Қазіргі таңда бұл салада 894 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 18-і ірі, 25-і орта, қалғаны шағын кәсіпорындар. Өнеркәсіпте барлығы 44 мың 800 адам тұрақты жұмыс істейді екен. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 627 миллиард 600 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,6 пайызға артық көрсеткіш болып есептеледі. Ал нақты көлем индексі 120,6 пайыз болған. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде есепті кезеңде 98 миллиард 800 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 145,7 пайызға жеткен. Өңдеу өнеркәсібінде 401 миллиард 900 миллион теңгенің өнімі шығарылып, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 115,4 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімі көлемінің ұлғаюына бірқатар өндіріс салаларындағы өнім көлемінің артуы оң әсерін тигізіпті. Атап айтқанда, химия өнеркәсібінде биыл айтарлықтай өсім байқалған. Саладағы өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,4 пайызға артып, 183 миллиард 100 миллион теңгені құраған. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы химия саласының үлесі 45,5 пайызға жеткен. Мұндай өсім, ең алдымен, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар» зауытының өнім өндірісін 72,3 пайызға арттыруының нәтижесінде қамтамасыз етілген. Сондай-ақ «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде натрий цианиді өндірісінің 4,5 пайызға өсуі де айрықша әсер еткен. Құрылыс индустриясында да қарқынды даму байқалады. Бұл салада өндіріс көлемі 161,3 пайызға өсіп, 42 миллиард 500 миллион теңгеге жетіпті. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 10,6 пайызды құрап отыр. Өсім негізінен «Жамбылгипс» акционерлік қоғамында құрылыс гипсі өндірісінің 46,7 пайызға, құрылысқа арналған құрғақ қоспалар көлемінің 55,7 пайызға артуынан және «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде портландцемент өндірісінің 1,1 пайызға ұлғаюынан болған. – Тамақ өнеркәсібінде өсім 124,7 пайызға артып, 70,6 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 17,5 пайыз. Саладағы негізгі кәсіпорындар «Тараз қант зауыты», «Меркі қант зауыты», «Бурненская молочная компания», «Меркі ірімшік зауыты» серіктестіктері секілді сүт, макарон және кондитерлік өнім өндіретін шағын кәсіпорындар. Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында заттай мәнде 79 мың тонна қант (2024 жылы – 35 мың тонна), 1 684 тонна ірімшік және сүзбе (2024 жылы – 3 509 тонна) өндірілді. Мұнай өнімдерін өндіруде көрсеткіш 166,4 пайызды (18,9 миллиард теңге) көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 5,3 пайыз. Меже мұнай отынын, авиациялық бензин, мазут шығаратын «Амангелдинский ГПЗ» ЖШС-ның Жамбыл және Талас филиалдары арқылы орындалып отыр.

2025 жылдың қаңтар-маусымында заттай мәнде 97,1 мың тонна мұнай өнімдері өндірілді (2024 жылы – 53,7 мың тонна). Машина жасауда көрсеткіш – 151,7 пайыз (10,1 миллиард теңге). Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 2,5 пайыз. Саладағы өнім көлемі «ЖамбылРемСервис» ЖШС, «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалдарында жөндеу жұмыстарына көрсетілетін қызметтер есебінен қамтамасыз етілді. «Қамқор Локомотив» ЖШС «Шу локомотив жөндеу зауыты» филиалы арқылы көрсетілген қызмет көлемі 19,4 пайызға артты. Металлургия саласында «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС электродтық массаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттауда. Тамақ өндірісі саласында «Сауле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС Тәжікстанға, Грузияға, Қырғызстанға кондитерлік өнімдерін, «Мерке ет» ЖШС Иран, Бахрейнге ет, «Берсанукаев» ЖШС Ресейге шұжық өнімдерін, «Бурненская молочная компания» ЖШС Ресейге ірімшік өнімдерін жөнелтуде. Химия өндірісі саласында «Talas Investment Company» ЖШС Тәжікстанға натрий цианидін экспорттауда. Құрылыс индустриясы саласында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС Қырғызстанға цемент, ал «Ақтас» ЖШС әктас жіберуде. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 301,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 48,1 пайызға артты. Инвестициялар құрылымында жеке инвестициялар үлесі – 83 пайыз. Нақтырақ айтсақ, 251,1 миллиард теңгені құрап, өсім 54,6 пайызға артып отыр. Бюджеттік инвестициялар үлесі 17 пайыз болды. Бұдан бөлек 2025 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемін 86 миллион АҚШ долларына жеткізуге қатысты индикатор бекітілген болатын. Осы жылғы жоспар бойынша 115 миллион АҚШ долларына тең тікелей шетелдік инвестициялар тартылады деп күтілуде. Бұл индикаторлық көрсеткіштер бірқатар ірі инвестициялық жобалардың есебінен орындалады. Айталық, қытайлық «Fujian» металлургиялық зауыты 30 миллион АҚШ долларын, «Fufeng» жүгеріні терең өңдеу зауыты мен түркиялық «Qazaq Soda» компаниясы да осыншама қаржы көлемінде инвестиция салады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясының 10 миллион АҚШ доллары, франциялық «Total Eren» компаниясының да тура осы көлемде қаржысы тартылуда. Ал ресейлік «Еурохим» компаниясының үлесі 5 миллион АҚШ долларына тең. 2025 жылы жалпы құны 175,2 миллиард тенгенің 30 инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін құны 11,5 миллиард теңгеге 6 жоба іске асырылып, 148 жаңа жұмыс орны ашылды. Мысалы, «KazGeoEnergy» ЖШС әктас өндіреді. Жобаның құны – 900 миллион теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 80 мың тонна өнім өндіруге арналған. Осы арқылы 10 жаңа жұмыс орны ашылды. «Taraz Eko Fish» ЖШС форель өсіретін шаруашылық және консерві цехын салды. Құны 141,5 миллион теңгелік жобаның қуаттылығы жылына 67 тоннаға есептелген. 3 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ескермес» ЖШС кірпіш шығаруда. Жобаның құны – 2500 миллион теңге. Жылына 36 миллион дана өнім өндіру арқылы осы кірпіш зауыты 15 жаңа жұмыс орнын ашып отыр. «Аметист-2012 БР» ЖШС құрамында алтын бар кенді өндіруді қолға алды. Құны 2 500 миллион теңге болатын жоба аясында 50 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Айта кету керек, инвестор – Өзбекстаннан. «JS GLASS» ЖШС шыңдалған шыны зауытын іске қосты. Жобаның құны 470 миллион теңгені құрайды. Жылына 100 мың шаршы метр өнім өндіретін кәсіпорын 20 жаңа жұмыс орнын құрды. «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісімен айналысуда. Жобаның құны 5000 миллион теңгеге тең. Жобаның қуаттылығы жылына 250 бірлік өнім өндіруге арналған. Франциялық инвестор қазіргі таңда 50 жаңа жұмыс орнын ашты, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Облыста ірі жобалар да жүзеге асырылуда. «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндіру үшін құны 536 миллиард теңгеге тең жобаны іске қосуда. Бүгінгі күнге дейін 200 миллиард теңге инвестиция салыныпты. Осы жылға 50 миллиард теңге қаржы құю жоспарланып отырса керек. Жобаның қуаттылығы жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіріп, 1 200 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. «Qazaq Soda» ЖШС кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша 200 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін 80 миллиард теңге инвестиция құйылған. Биыл 100 миллиард теңге тарту жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы жылына 1 миллион тонна кальцийлендірілген сода өндіруге арналған. Осы арқылы 300 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өнімнің экспорттық бағыттары Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей (Батыс Сібір) және Батыс Қытай елдерін қамтиды. Экспорт көлемі жалпы өндірістің шамамен 50 пайызын құрайды. «Altynalmas Reagents» ЖШС натрий цианидін өндірумен айналысады. Жобаның құны 66,8 миллиард теңге болса, қазіргі күнге дейін 20 миллиард теңге инвестиция салынған. Осы жылға 22 миллиард теңге салу жоспарланыпты. Жобаның қуаттылығы жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіруді, 226 тұрақты жұмыс орындарын ашуды көздейді. Натрий цианидін өндіруге АҚШ Сауда министрлігінен экспорттық лицензияға рұқсат алыныпты. «Chemours/ Dupont» компаниясы арқылы лицензиялық келісім жасалған көрінеді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, технологиялық жобалау аяқталыпты. Қазір жабдықтарды жеткізу және жобалау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатса керек. «Шоқпар Гагаринское» ЖШС алтын өндірісі бойынша құны 40 миллиард теңгелік жобаны жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін 5 миллиард теңге инвестиция салыныпты. Биыл 12 миллиард теңге салу жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы бойынша жылына 500 мың тонна алтын кенін өндіріп, 400 тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда кен орындарын барлау жұмыстары және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. «Шағала Майнинг» ЖШС мыс өндіреді, жобаның құны – 30 миллиард теңге. Осы күнге дейін 10 миллиард теңге инвестиция салынған. 2025 жылға 10 миллиард теңге салу жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы жылына 9 мың тонна мыс өндіріп, 100 тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Жаңадан бастау алған ең ірі жобаларға келетін болсақ, «Yonggang Central Asia Iron And Steel» ЖШС құны 636 миллиард теңге болатын толық циклді металлургиялық жобамен айналысуда. Биыл 104 миллиард теңгеден астам инвестициялық қаржы құю жоспарлануда. Жоба қуаттылығы жылына 3 миллион тонна темір өндіруге, 1000 тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған. «Fufeng Group» ЖШС компаниясы жүгеріні терең өңдейді. Жобаның құны175 миллиард теңгеге тең. Компания әлемдегі ең ірі натрий глутаматы мен ксантан шайырын өндіруші саналады. Осы жылға 103 миллиард теңгеден астам инвестиция салу жоспарланыпты. Жоба жылына 1 миллион тонна жүгеріні терең өңдеу арқылы 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға арналған. «Mariam Gold» ЖШС-ның алтын өндірісі жобасы 133 миллиард теңгені құрайды. 2025 жылға 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салу қарастырылған. Жобаның қуаттылығы жылына 10 тонна алтын өндіруді, 400 тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. «Total Eren» компаниясы жел электр стансасын салуда. Жобаның жалпы құны 680 миллиард теңге болса, биыл 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салу мақсатты жұмыстың бірі. Жобаның қуаттылығы 1 Гвт энергия өндіруге, 200 тұрақты жұмыс орындарын ашуға жоспарланған. «Мasdar» жел электр стансасына келсек, жобаның жалпы құны 742 миллиард теңгені құрайды. Осы жылға 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салу көзделген. Жобаның қуаттылығы 1 Гвт энергия өндіріп, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға жоспарланған.

– Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 106 654-ті құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 1,3 пайызға артты. Шағын және орта бизнес субьектілерінің дамуының арқасында өткен жылдың төртінші тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 1522,6 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,2 пайызға өсті. Өткен жылдың соңында шағын және орта бизнес үлесі 25,9 пайызды, ал жалпы қосылған құн көлемі 837 962,4 миллион теңгені құрады. 2025 жылдың 1 шілдесіне облыста орналасқан қаржы институттары арқылы барлығы 18 098 кәсіпкерге 36,6 миллиард теңге несие қаражаты берілді. Бұл қаражаттың 47 пайызы, яғни 17 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 53 пайызы (19,4 миллиард теңгесі) микроқаржы ұйымдары арқылы үлестірілді. Берілген несиелердің 9,7 миллиард теңгені құрайтын 91 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды.

Биыл облыс бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 8,4 миллиард теңгені құрайтын 54 жоба қаржыландырылды. «Сыйақы мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша несие сомасы 7 978,8 миллион теңге болатын 40 жоба қаржыландырылды. «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы бойынша кепілдік сомасы 377,1 миллион теңгелік 19 жоба кепілдендірілді. Өткен жылы жалпы кепілдік сомасы 7,4 миллиард теңгені құрайтын 591 жоба жүзеге асқан еді. «Өндірістік ( и н д ус т р и я л д ы қ ) инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен инфрақұрылым құны 544,1 миллион теңгеге тең 2 жоба мақұлданып, 145,6 миллион теңгеге 2 жобаға қаражат бөлінді. Былтыр 1 305,3 миллион теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылған болатын. Жергілікті бюджет есебінен 2 жобаға 145,6 миллион теңге қаражат бөлінді. Мысалы, «Тілек» шаруа қожалығына сумен жабдықтауға 34,1 миллион теңге, газбен қамтамасыз етуге 53,7 миллион теңге берілсе, «ALIZA» ЖШС-не электрмен қамтамасыз етуге 49,9 миллион теңге, газбен қамтамасыз етуге 7,9 миллион теңге қаралды.

«Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша 2024 жылы 21 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде екеуі әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енген. 4 кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің финалистері болатын. Бұрнағы жылы 20 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылған еді. 2025 жылдың 1 шілдесіне облыс бойынша «Кепілдік қоры шеңберіндегі қолдау» бағдарламасы аясында несие сомасы 2,6 миллиард, кепілдік сомасы 1,2 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба қаржыландырылды. «Jambyl Business» өңірлік бағдарламасы аясында 45 жобаға 2 миллиард теңге берілді. Екінші деңгейлі банктерде қарастырылып жатқан жобаларды сөз етсек, «ForteBank» қаржыландырған 7 жобаның несие сомасы 400 миллион теңгені құрайды. «Қазақстан Халық Банкі» 10 жобаны қаржыландырған болса, несие сомасы 600 миллион теңгеге тең. «Банк Центр Кредит» 28 жобаға қолдау көрсетті. Бұл қаржы ұйымы 1 миллиард теңге несие үлестірді, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы. 

Мақалада сөз етілгендей, облыс кәсіпкерлері мен инвесторлардың атқарып жатқан жұмысы, мемлекеттік қолдау тетіктері мен облыста қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуы өңір экономикасын жаңа жетістіктерге жетелеуде. Соның арқасында облыста өнеркәсіп саласындағы қарқынды өсім мен ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, өңірдің экономикалық әлеуеті артып келеді. Өндіріс саласында жаңа технологиялар енгізіліп, өнім өндірісі ұлғайып, тұрақты және жоғары жалақыға лайықты жұмыс орындары көбеюде. Осындай тың бастамалар мен тиімді қолдау толастамаса, өңір экономикасы алға жылжи беретіні анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар