
Қазақ халқы талай қиындықты бастан өткерді ғой. Мүмкін тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қаржылық қиындық кезінде ұстаздар өз беделін өзі түсіріп алды ма екен? Әлде КСРО құрамындағы мемлекеттер ыдырап, әлем елдеріне шекара ашылғанда небір жат ағым мен жағымсыз үрдістер есігімізден ентелей еніп, есесіне ар-ұят, әдеп, кісілік, адамдық қасиеттермен бірге ұстазға деген құрмет те ортайды ма? Не болмаса бір кездері мектепті үшпен әзер оқығандар сырттай диплом алып, өз мектебіне мұғалім болып барғаннан кейін қоғам ұстазға деген көзқарасын өзгертуге мәжбүр болды ма? Мүмкін мұғалімдерді негізсіз жұмысқа жегу, сабақтан тыс міндеттер жүктеу, сайлау науқанында үй аралату, тазалықты желеу етіп сенбілікке шақыру ұстаз мәртебесінің төмендеуіне себеп болған шығар. Не десек те әйтеуір, ұстазға деген құрмет бәрібір бұрынғыдай емес. Егер мәселе біз сөз етіп отырғандай болмаса, елімізде 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданбас еді. Аталған заңның қабылдануына осы тектес көптеген мәселе түрткі болғаны анық. Соның бірі – мұғалімдерге оқушының қол көтеруі, ата-ана тарапынан қоқан-лоқы көрсетілуі. Бір кездері әлеуметтік желілерде мұғалімдерді әжуалаған бейнежазбалар да тараған болатын. Осындай жағдайлардан кейін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды деуге толық негіз бар. Ал дәл қазіргі жағдай қандай? Ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелейтін мұғалімнің құқығы лайықты қорғалып жатыр ма? Біз осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен тілдескен едік. Ол мұғалімге күш көрсету қоғамда әлі де бар екенін айтады. Сондықтан олардың құқығын қорғау, ұстазға қоқан-лоқы көрсеткендерді қатаң жазалау мәселесі Үкімет тарапынан талқыланып жатқан көрінеді.
– Дәл қазіргі уақытта қоғам сіз көтеріп отырған мәселеге қатысты дабыл қағуда, тиісті тарап мұғалімдердің құқығы мен абыройын қорғау жолында барлық қажетті шараларды қабылдауда және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақыруда. Жалпы қоғам дамуының басты көрсеткіші – білім мен тәрбие беру сапасы. Ал бұл тетік ұстаздардың қолында. Сондықтан педагогтің абыройын, беделін қорғау – әр азаматтың, тұтас қоғамның парызы. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруге бағытталған ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі – 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң, онда ұстаздың құқықтары, міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері нақты көрсетілген. Бұл заң педагогтің кәсіби қызметін қорғау мен оған қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болды. Алайда өкінішке қарай, педагогке тіл тигізу, тіпті қол көтеру сияқты өрескел әрекеттерге жол берілген жағдайлар әлі де бар. Бұл – тек бір адамды емес, бүкіл білім саласын, қоғамды алаңдататын мәселе. Сондықтан қоғамда бүгінде педагогке күш көрсету, қорлау немесе оның қызметіне кедергі келтіргендерге қатысты қатаң жаза қолдану мәселесі көтеріліп отыр. Бұл іс-әрекет өте орынды әрі уақыт талабына сай шешім деп есептеймін. Аталған бастама бүгінде Үкімет деңгейінде талқыланып жатыр. Жақын арада педагогтің құқықтарын нақты әрі тиімді қорғайтын заңнамалық түзетулер қабылданатынына сенімім мол. Тағы бір айта кетер жайт, өңірде ұстаздар қауымының құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мектептер мен білім беру ұйымдарында тәртіп сақтау, оқушылар мен ата-аналар арасындағы өзара түсіністікке негізделген байланыс орнату – басты назарда. Ұстаздың қадірін ұғыну ұлттың ұлылығын танытады. Біз барша қоғамды ұстаздарға құрметпен қарауға, білім беру жүйесінде әділеттілік пен қауіпсіз ортаны бірге қалыптастыруға шақырамыз, – дейді Нұрбек Әбубекұлы.
Қоғамда педагогтің мәртебесін көтеру арқылы ғана біз білім беру сапасын жақсартатынымыз ақиқат. Өйткені мұғалім өзін қауіпсіз әрі сыйлы сезінсе ғана ол өз міндетін шығармашылықпен, шын ықыласпен атқара алады. Мұғалімнің құқығын қорғауға ата-ананың белсенділігі, мектеп әкімшілігі әсер етеді.
Әріптестерін құрметтеп, құқығын қорғау мәселесімен айналысып жүрген ұстаздың бірі – Гүлбағира Наушабаева. Ол Меркі ауданындағы №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
– Бүгінгі таңда мұғалім мамандығының маңызы бұрынғыдан да артып келеді десек, артық айтқандық емес. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы- мұғалім беделін көтеруге бағытталған қадам. Бұл заң мұғалімнің құқықтарын қорғауға, жүктемесін азайтып, әлеуметтік мәртебесін нығайтуға ықпал еткені рас. Алайда қоғамдағы кейбір өзгерістер мен құндылықтардың алмасуы оқушы мен ата-ананың мұғалімге деген қарым-қатынасына әсер етуде. Бұрын ұстаз сөзі – заң, үкімі – төрелік еді. Қазір кей оқушылар мен ата-аналар тарапынан мұғалімді тыңдамау, тіпті қол көтеру жағдайлары тіркеліп жатыр. Бұл-тәрбиенің әлсіреуі мен қоғамдағы ұстаз еңбегінің қадірінің толық ескерілмеуінен туындайтын жағдай. Неге бұлай болып жатыр десек, біріншіден ата-ананың баланы шектен тыс еркелетуі, екіншіден, әлеуметтік желі арқылы мұғалімді мазақ етіп, мысқылдауы себеп. Ал енді осы жағдайға тап болуға ықпал еткен мәселеге келсек, мұғалімдердің сабақ өтуіне, өз-өзін дамытуға уақыттары аз. Өйткені жүйедегі қағазбастылық әлі жойылған жоқ. Мұғалімнің бір басында қаншама жинақ папкалар бар. Оларды толтырып отыру уақытты алады. Облыс, аудандарға есеп беру тыйылмай тұр. Одан қалса бейнеролик түсіру, оны әлеуметтік желілерге жүктеу деген мұғалімдерді мезі етуде. Ашығын айтқанда, қазір оқушымен толыққанды жұмыс жүргізуге уақыт жеткіліксіз. Себебі қай бағыт бойынша болса да көптеген тапсырмалар аяқасты келіп жатады. Олардың бәріне үлгереміз деп жүріп, бала тәрбиесі де, сабақ та жайына қалады. Мұның барлығы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне әсер етуде. Ата – анаға сөз қайтару, мұғалімді тыңдамау, достарын сыйламау – барлығы сол тәрбиенің жеткіліксіздігінен. Мектептегі мұғалімдер ата-анадан артық баланы уайымдамаса, кем уайымдамайды. Қазақта «қызым үйде, қылығы түзде» деген өте орынды айтылған сөз бар. Мектепте жасаған қылығын бала үйде көрсетпеуі мүмкін. Сол себепті ата-ана баласының теріс қылығын айтқанда ашуға булығады. Керісінше соны түзеуге тырысуымыз керек. Міне, бұл әрекеттер қазіргі кезде мұғалім өмірінде болып жатқан жайттар. Шешімі неде десек, мұғалімді моральдық және заң жүзінде нақты қорғау керек. Ата-ана, оқушы, мұғалім үштігінің үйлесімді байланысын нығайту қажет, – дейді Г.Наушабаева.
Ұстаз – ұлттың темірқазығы. Қоғам мұғалімді сыйлағанда ғана, сапалы ұрпақ өседі. Сондықтан ,қоғамды ойласақ, мұғалімдердің сапалы білім, саналы тәрбие беруіне қоғам болып атсалысқан жөн. Педагог мәртебесі жайлы өз ойын білдіруде ата-аналар да белсенді.
– Ұстаздардың құқықтары мен қадір-қасиетінің қорғалуын толықтай қолдаймын. Балаларымыздың білімді, тәрбиелі азамат болып шығуын осы жандардың қолына сеніп тапсырамыз. Сондықтан мұғалімге қол көтеру түгілі, бейәдеп ауыр сөз айту адамгершілікке жат қылық деп білемін. Мұндай әрекеттер тек тәртіп бұзушылық емес, ұстаздың ар-намысы мен азаматтық құқығына нұқсан келтіру болып саналады. Соңғы жылдары мұғалімдерге тіл тигізу, қысым көрсету, тіпті күш қолдану сияқты жағдайлар қоғамда бар екені жасырын емес. Мұндай әрекетке барғандар міндетті түрде жауапқа тартылып, заңмен жазалануы тиіс деп ойлаймын. Мұғалім бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі маңызды тұлға. Қолдарына балаларымыздың болашағын сеніп тапсырып отырған жанға қол көтермек түгілі, бейәдеп ауыр сөз сөйлеудің өзі адамгершілікке жат, үлкен қателік. Мұндай әрекетке барған адам жай ғана тәртіп бұзып қана қоймай, ұстаздың ар-намысы мен құқығына нұқсан келтіреді. Мемлекет тарапынан мұғалімдер құқығын қорғау үшін қабылданып жатқан қатаң шараларды қолдай отырып, баланың бойына ең алдымен ұстазға деген құрметті, үлкеннің алдына шығып бейәдеп сөздер сөйлемеуді үйретуіміз керек. Балаға тек білім емес, тәрбие де қажет. Егер ата-ана өзі мұғалімге құрметпен қарап, дұрыс көзқарас қалыптастырса, бала да оны бойына сіңіреді. Ал егер керісінше ата-ана тарапынан мұғалімге тіл тигізу, менсінбеу байқалса, бала да ата-анасының айтқанынан аттап кетпейді. Қоғам болып ұстазды қорғап, құрметтеуіміз қажет. Заңмен ғана емес, сана арқылы ұстаздарымызды құрметтеп, қадірлеп отыруымыз керек, – дейді Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Майра Қарабаева.
Осы ретте біз мұғалімді басынғысы келгендерге қандай шара қолданылатынын облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алишер Қалышевтен сұрадық.
– Бүгінгі таңда педагогтердің құқықтық қорғалуы-маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағытта заңнамада бірқатар нақты шаралар қарастырылған. Азаматтар тарапынан педагогке қатысты әдепсіз немесе қорлайтын әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Атап айтқанда, педагогтің лауазымдық міндеттерін атқару кезінде былапыт сөйлеу, мазақ ету, абыройына нұқсан келтіретін қылықтар көрсету фактілері анықталса, кінәлі тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бұл құқықбұзушылық 12-16 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар тарапынан жасалса, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері 20 АЕК көлемінде жауапкершілікке тартылады. Егер осындай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 40 АЕК-ке дейін өседі немесе 5 тәулікке дейінгі әкімшілік қамақ жазасы қарастырылған. Сонымен қатар педагогке бағытталған қорлау әрекеттері Қылмыстық кодекстің 131-бабы аясында қарастырылады. Мұндай жағдайда айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазалар қолданылады. Бұдан бөлек «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес, педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, заңда көзделмеген есептілікті талап етуге және тауар немесе қызмет сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынған. Ал педагогке күш қолдану немесе қорқыту сипатындағы бұзақылық әрекеттер Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша қаралып, бұл үшін де айыппұл, қоғамдық және түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді Алишер Тиллабекұлы.
Педагог мәртебесі тек заңмен емес, қоғам қолдауы болғанда ғана биіктейді. Ұстаздың еңбегі әрқашан еленіп, лайықты деңгейде бағалануы үшін оларға барлық жағдай жасалуы, ал мұғалім өз беделін өзі төмендетуге жол бермеуі керек. Себебі ұстаздың беделі биік болғанда ғана ұлт ұрпағының бойынан білімнің, парасаттың, адамгершіліктің айқын бейнесі көрінеді.
Сымбат ҚУАНЫШ