Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ тілінің көсегесі қайтсек көгереді?

Қазақ тілінің көсегесі қайтсек көгереді?
Автор
Кез келген мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ететін тетік – мемлекеттік тіл. Бүгінгі таңда мемлкеттік тіл есебіндегі қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында талай жұмыстар атқарылып жатқанымен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер жеткілікті. Соның бірі – мемлекеттік тілдің білім беру мен қызмет көрсету салаларында толыққанды қолданысқа ене алмай отырғандығы.

Қала мен ауыл арасындағы тілдің алшақтығы бүгінгі күннің басты түйткілдерінің бірі болып отырғаны да шындық. Мегаполистерде өсіп келе жатқан кейбір балалар қазақ тілін тек мектеп пәні ретінде ғана қабылдайды. Қазақ мектебінде оқып жүрсе де, тұрмыста орысша сөйлейтін балалар аз емес. Бұған ата-ананың ықпалы, қоршаған ортадағы тілдік ортаның әлсіздігі әсер етуде. Ал тілдік орта қалыптаспайынша, тіл табиғи түрде дамымайды.

Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік ұйымдардың қазақ тілінде сапалы әрі кәсіби деңгейде қызмет көрсете алмауы да қоғамда қазақ тіліне деген сенімді әлсіретіп отыр. Көп жағдайда тұрғындар қазақ тілінде жазылған құжаттарда қателер көп болатынын айтып, ресми жұмысты орыс тілінде жүргізгенді жөн көреді. Бұл жағдай қазақ тілінің мәртебесіне көлеңке түсіреді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі де бұл мәселенің шешілуіне ықпал ете алады. Алайда телеарналар мен интернет платформаларда қазақ тіліндегі сапалы, қызықты контенттің аздығы жастардың назарын басқа тілдерге аударып жіберуде. Әсіресе, жасөспірімдердің әлеуметтік желіде орысша немесе ағылшынша сөйлесуге бейім болуы да ана тіліміздің қолданыс аясын шектейді.

Тағы бір маңызды мәселе, кейбір отбасыларда қазақ тілінде сөйлеуге ұялуы, «қазақша сөйлесең ескішілсің» деген қате түсініктің орын алуы. Бұл ұлт ретінде рухани дағдарысқа ұшырататын қауіп. Қарапайым күнделікті өмірде – дүкенде, қоғамдық көлікте, телефон арқылы сөйлескенде қазақ тілін қолдануды әдетке айналдырмайынша, тілге деген шынайы құрмет болмайды.

Жастар – ел болашағы. Олардың тілге деген құрметі, оны үйренуге деген ынтасы мемлекеттің ертеңгі рухани-мәдени бет-бейнесін айқындайды. Сондықтан мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілін тек пән ретінде емес, өмірлік қажеттілік ретінде ұғындыру маңызды. Мұғалімдердің тілге деген сүйіспеншілігі мен әдістемелік шеберлігі де бұл істе шешуші рөл атқарады.

Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан тіл саясаты бір жақты ғана емес, кешенді түрде жүзеге асуы тиіс. Тілімізге, яғни заңдық тұрғыдан ғана емес, идеологиялық, тәрбиелік, мәдени және технологиялық тұрғыдан да қолдау қажет. Мәселен, цифрлық құралдар мен платформаларда қазақ тілін жетік меңгеруге мүмкіндік беретін қосымшалар, аудармалар, сапалы бейнематериалдар көп болуы керек.

Ана тілімізге деген құрмет сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асса, сонда ғана нәтиже шығады. Тілімізге құрмет- әр азаматтың күнделікті әрекетімен өлшенетін борыш. Қазақ тілі – ата-бабаларымыздың аманаты. Оны сақтау, дамыту және болашаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жастардың санасына осы жауапкершілікті сіңіріп, қазақ тілін тек қатынас құралы ретінде емес, ұлттың рухани байлығы, болмысы ретінде тануға жетелеу – уақыт талабы. Егер әрбіріміз осы бағытта жұмыс жүргізсек, тілге деген оңды көөзқарасты ұстансақ, тіліміз тұғырына қонады, елдігіміздің еңсесі биіктей түседі.

Шынар БАХЫТБЕКҚЫЗЫ,

облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының

«Тілдерді оқыту орталығы» бөлімінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар