Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аяқсыз жүріп, қанатсыз ұшуға талпынамын

Аяқсыз жүріп, қанатсыз ұшуға талпынамын
Автор
Өзімнің ғажайып әлемімді сондай қатты жақсы көремін. Иә, мен ерекше ғажап әлемде өмір сүремін. Ол несімен ғажап десеңіздер, жарық дүние есігін ашқанда ерекше болып туылған жанмын. Өзімнің ғажайып әлемімде, ғажайып тағдырыммен қандай сынақ болмасын сабырмен қабыл алып өмір сүріп келемін. Алла қаласа алда әлі де талай-талай бағындырар белестерім бар.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданында 1991 жылы батыр Б.Момышұлы туған өлкеде қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Сол ауылдың жусанын иіскеп, көк майсасын басып өстім, оқыдым. 2008 жылы Б.Майлин орта мектебін бітіріп, Ұлттық бірыңғай тесттен өтіп, Тараз қаласындағы Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтың филология факультетіне сырттай грант бөліміне оқуға түстім.

Оқу бітірген соң арман қуып Тараз қаласына жол тарттым. Қалалық газеттерге мақалаларымды беріп тұрдым. Ақындық қабілетім бар болған соң өлеңімді, әңгімелерімді де басылымдар жариялап жүрді. Бірақ денсаулығыма байланысты І топтағы мүгедектігі бар жан болғандықтан, жұмыс істей алмадым. 2014 жылы күзде «Сенім» баспасынан «Махаббат бағы» атты өлеңдер жинағым басылып шықты.

Әр таң сайын бұл әлемнің шуағы жаныма жаңарған үміт сыйлайды. Әрбір кеш көз алдымнан өткен сәттерді қайта саралап, жүрекке тыныштық әкеледі. Тағдырыма сеніммен қарап, еңсені түсірмей алға басамын. Әрбір қиындық менің рухани шыңдалуыма арналғанын білемін, ал әрбір жетістік өмірімнің көркін ұзартады. Осындайда өзімді өмірге әлемнің көркемдігін сезіну үшін келген жан сияқты сезінемін. Сыналған шақтарым шығармашылықтың кәусар бұлағына айналады.

Ішімде жасырған үміттерді қаламмен жазу арқылы сыртқа шығардым. Әр жазған сөйлемім менің болмыс-бітімім мен ішкі жан дүниемнен хабар еберіп тұрады. Ғажап әлемді жанымдай сүйемін, бұл менің мәңгілік мекенім екеніне қуанамын. Алға қойған мақсаттарым тұтас бір ұрпаққа шабыт болуға ұмтылып, артымда қалдырған белесім сияқты.

Түрлі байқаулар мен жарыстарға да қатысып тұрамын. Шығармашылықтан алыс емеспін. Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директоры Эльмира Мырза-Ғалидің ұйымдастыруымен өткен «Қырық өтірік» байқауынан жүлделі үшінші орын иеленгенмін. Мұндағы жарыстың мақсаты ойдан әзіл әңгіме құрап жазу еді. Сондықтан сол әзіл-сықаққа жаны жақын жандардың ортасынан табылғаныма сондай қуанышты болдым.

2023 жылы Астана қаласында өткен Республикалық жастар арасындағы зияткерлік жарыстан облыстың командасы қатарынан табылып, жүлделі бірінші орынды иелендік. Одан бөлек, басқа да көптеген байқауларға қатысыып, бақ сынаған кездерім аз болмады. Тізе берсем, жалғастыра беруге болады. Өзім қатысқан байқаулардан құр алақан, жүлдесіз қайтқан емеспін.

Алда әлі жоспар, мақсат көп. Алланың қалауымен шетінен орындалып жатыр, Шүкір! Менің осы өмірге келуіме, осындай жетістіктерге жетуіме әуелі Алла себепші болғаны анық. Аллаға да разымын, сосын ата-анамның да маған деген қолдауы айрықша болды, солар аман болсын. Ата-анамның арқасында күш-қуат таптым. Олар маған өзіме деген сенімділік пен рухани күш-қуат сыйлайтын асыл жандар.

Міне, менің өмірім осындай жақсылықтарға толы. І топ мүгедегі болсам да, жазуға құмармын. Ал жазудың ішінде өмірге деген құштарлық, жүректегі жылы сезім легі, арман мен келер күнге деген махаббаттың барлығы тізіліп тұр. Алда әлі жоспар мен мақсат та көп. Қалам құдіретімен жазудың жолында талмай еңбек еттім, рухани кемелденуді басты мақсат тұттым. Әрбір таң жаңарған үміт сыйлайды, әрбір кеш мейірімділікке толған сыр шертеді. Жазған әрбір жолымда жүрек үнін жеткізуге тырысамын. Тағдыр мені сынамаса, бәлкім осындай күш таба алмас едім. Жан дүниемде әлі жетілмеген қыры мен әлі ашылар сыры көп інжу-маржан бар. Өзіме деген үміттің шырағы болашақта әлі талай табысқа апаратынына сенемін.

Өзімді шынайылық пен қайсарлықтың үлгісі ретінде суреттегім келеді. Ыждаһат пен сенімнің арқасында жоғарыға ұмтылушы жанмын. Әрбір жеңісім – бұл ата-анамызға деген алғыс, әрбір сын рухани өсуге жасаған қадамым. Өмірімнің негізі мен қайнар көзі кітапқа деген сүйіспеншілігім.

Ұлы мақсатқа жетер жол оңай емес екенін білемін. Бірақ ең маңыздысы талпыныс деп ойлаймын. Ал менің алға қойған талпынысымның өлшемі шексіз. Алға қойған мақсатым өзімдей жандарға шабыт беру. Әрбір қадамыма сенім артып, жүректерге үміт отын жаққым келеді. Бұл өмір қаншалықты сынаққа толы болса, соншалықты мүмкіндік те шексіз екенін білемін.

Алланың берген өнері мен талантын дұрыс бағытта жұмсауды өзіме парыз санаймын. Сондықтан ақ қағазға сыр ақтаруға мүмкіндік берген сәттерді бағалай отырып, мен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы күндерде одан да ұлы жобаларды жүзеге асыруды армандаймын. Мен аяқсыз жүруге, қанатсыз-ақ ұшуға талпынамын. Өрмін, биікпін. Менің өмірім сондықтан ғажайыпқа толы.

Ақерке КЕНЖЕБЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар