Елге қызмет етіп жүрген аға әпкелерімнің жолын жалғауды өмірлік мақсатыма айналдырып, қазір Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған әскери мектеп-интернатта 9-сыныпта оқып жатырмын. Бұл шешімді өз қалауыммен қабылдадым. Атам әскери салада қызмет еткен. Бірақ атамның жолын қайталау үшін емес, өзіме жақын бағытты таңдағандықтан әскери мектеп-интернатқа түстім.
Интернаттағы алғашқы күндерім оңай болды деп айта алмаймын. Үйден жырақта болу, жаңа ортаға бейімделу, тәртіпке үйрену бәрі уақытты талап етті. Әскери интернаттағы өмір көп нәрсені үйретті. Күнді қалай дұрыс жоспарлау керегін, уақытты бағалауды түсіндім. Тәртіптің жай ғана талап емес, өзіңді ұстап тұратын тірек екенін сезіндім. Басында қиындау көрінген дүниелер бірте-бірте әдетке айналды, ал сол әдеттер мінезімді өзгертті.
Біздің күніміз таңғы сағат 6:20-да басталады. Ұйқыдан оянып, таза ауада таңғы жаттығу жасаймыз. Сағат 7:20-да таңғы ас ішеміз. 8:00-де сабақ басталып, 15:05-те аяқталады. Одан кейін қоян қолтық ұрыс пен түрлі үйірмелерге қатысамыз. Сағат 18:00-де кешкі ас ішеміз. Бөлмеге келіп, 20:30-ға дейін сабақ оқимыз. Кейін айран ішіп, таза ауаға шығамыз. Ал 22:30-да ұйықтауға жатамыз. Осындай нақты тәртіп адамды шыңдайды.
Ең маңыздысы, бұл мектеп техникаға, ІТ салаға деген қызығушылығымды арттырды. Апайларым мен ағайларым бойымдағы қабілетті байқап, оны дамыта түсуіме жол ашты. Жетекшілерім үнемі сенім білдіріп отырады. Сол қолдаудың арқасында жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізе бастадым. Әсіресе ұстазым Айнұр Асқарқызының еңбегі ерекше. Ол бізге бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретіп, әрдайым қолдау көрсетеді. Дрон басқаруды меңгеруіме де осы кісінің көмегі көп тиді. Оның ақыл-кеңесі мен сенімі менің жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуыма әсер етті. Сондай-ақ маған жақын ұстаздарымның қатарында Дамира Амангелдіқызы да бар.
Біздің жетістіктеріміздің бірі – «Әскери салада FPV-дронға арналған кассеталық типтегі жүк түсіру механизмін жобалау» атты ғылыми зерттеу жұмысымыз. Осы жобаммен жақында республикалық өнертапқыштар байқауында жүлделі орынға ие болдым. Жетекшімізбен бірлесе отырып FPV дронның аэродинамикалық тепе теңдігін сақтау арқылы бірнеше шағын жүкті немесе оқ-дәріні белгіленген нысаналарға кезекпен және жоғары дәлдікпен түсіруге мүмкіндік беретін сенімді кассеталық механизм құрастырдық. Зерттеу барысында құрылғының конструкциясы 3D модельдеу технологиясы көмегімен әзірленіп, корпус үшін жеңіл әрі берік ABS пластик пен көміртекті талшықтар қолданылды. Бұл механизмнің салмағын барынша азайтып, дронның ұшу қашықтығы мен маневрлілігін сақтауға мүмкіндік берді.
Механизмнің жұмыс істеу принципі қашықтан басқару жүйесіне негізделген және ол ВОГ-17 сияқты оқ-дәрілерді қауіпсіз бекітуге, сондай-ақ оператордың командасымен нақты уақытта босатуға арналған. Бұл инновациялық шешім ұшқышсыз аппараттың бір миссия шеңберінде бірнеше тапсырманы орындау тиімділігін 3-4 есеге арттырып, әскери логистика мен тактикалық операциялардың сапасын жаңа деңгейге көтереді. Жүргізілген сынақтар кассеталық жүйенің экстремалды жағдайларда тұрақты жұмыс істейтінін және заманауи ұрыс даласындағы қажеттіліктерге толық жауап беретінін дәлелдеді.
Әскери интернаттағы сенімді достарым – Аят Өксікбай мен Біржан Бейбарыс. Біз бірге оқып, бірге өсіп, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.
Жалпы Кеңес Одағының Батыры, аңыз тұлғаның атындағы әскери интернатта білім алып жүргенімді мақтанышпен айтамын. Бір айтып өтерім, батырлық туралы айтқанда бір ғана тұлғаны бөліп-жарып атай алмаймын. Мен үшін ел үшін қызмет еткен әрбір қазақ жауынгері – батыр. Олар бізге үлгі, олар бізге рух береді.
Болашақта мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясына немесе Ұлттық қорғаныс университетіне түскім келеді. Соңғы уақытта техника мен авиация саласына деген қызығушылығым басым болғандықтан әуе қорғаныс күштері бағытында білім алуды көбірек қалаймын.
Мен үшін әскери қызмет – Отан алдындағы қасиетті борыш. Елге адал болу, халық тыныштығын қорғау, қажет болса, ел үшін жан аямай қызмет ету әр азаматтың қастерлі міндеті деп санаймын. Өзім де халыққа адал қызмет ету үшін барымды саламын.
7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Сіздердің табандылықтарыңыз бен адал қызметтеріңіз бізге үлгі. Біз де сіздер салған сара жолды жалғап, ел қорғаны болатын ұрпақ болып өсеміз деп сенемін. Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбірей берсін!
Әбдінұр ОСПАН,
Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың 9-сынып кадеті



