Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сөзсіз де сырласуға болады

Сөзсіз де сырласуға болады
Автор
Ауылда өстік. 7 жасымда далада ойнап жүріп адасып кеттім. Жылап-жылап шаршап, айдалада ұйықтап қалыппын. Әлде түс, әлде өң екені белгісіз буалдыр сағымның ішінде айқайлай беріппін. Шаршағаным сонша, көзімді жұмып, ұйықтап қалыппын. Түс көріп жатыр екенмін. Түсімде бір аққұба қыз қарсы алдымнан шықты. Қолын созып, жетегіне алып, биік тауға қарай алып кетті. Таудың басында көк аспан, ақ бұлт, алтын күн жарқырап тұрды. Сол сәт бәрі өзгеше көрінді, тыныш, мөлдір, шексіз әлемнің ішінде жүрдім.

Аққұба қыз маған қарап, күлімсіреп: «Бұл сенің күшің» деді. Сол сөздер жүрегімде мәңгілік із қалдырды. Жүрегім сазып, қарным ашып, әлсірегенімді білемін. Бірақ қанша айтуға оқталсам да, дыбыс шығара алмадым. Көзімнен жас парлап қорланып кеттім. Ештеңе естімейтін меңіреу тыныштықтан жан жағыма жалтақтай қарап қорықтым. «Қорықпа» деді де қолымды қысып, әлгі қыз көзден ғайып болды. Сол сәтте мал бағуға шыққан қойшы, мені тауып алып, оятып жатыр екен.

Оянғанда, сөйлей алмадым. Дыбыс естілмеді. Дүние мүлгіп қалғандай әсерде болдым. Әлгі қорқыныш өзінен өзі сейіліп, жаныма тыныштық сыйлады. Біртүрлі жылы, таныс күй. Бала болсам да, бәрін түсініп қойдым. Енді ешқашан естімейтінімді, өмірімнің осылай жалғасатынын біліп тұрдым. Әлеммен тілдесудің мүлде басқа түрі ашылды. Дауыстың болмауы қорқынышты көрінбеді. Әлгі түсімде көрген қыз қолымнан қысқан сәтте бойымды ерекше сезім билеген еді. Ол өзіме деген сенімнің күші еді.

Әке-шешем дәрігерлерге апарып көрсетті. Болмады. Бір білерім мен үнсіздік әлемінде өсіп, сөзсіз өмір сүрдім. Көздерім мен жүрек арқылы сөйлей бастадым, тіл арқылы емес. «Көзі жәудіреп, бір нәрсе айтқысы келіп тұр!», «Байғұс ай түк айта алмайды, обал» деген сөздерді есту күнделікті өміріме айналды. Есесіне жүрегімде өмірдің сан бояуы сөйлей бастады. Басқаша әлем менің ойымды сан арнаға жетелейтін. Қалған ғұмырымда еститін жалғыз үнім ол жүректің  соғысы ғана еді. Сол ішкі үннің дауысына айналды.

Сөйлемей-ақ ішкі ойыңды басқаша жеткізуге болатынын ұқтым. Кейде үнсіздік шындықты қаттырақ айтатынын түсіндім. Сезімді дауыстан бұрын жүрек білдіретінін түйсіндім. Ал ең қызығы көзбен айтылған сөз ешқашан ұмытылмайды. Тыныштықтың ішінде де жарқыраған шындық бар екенін сездім.

Адам баласы бірде-бір сөз айтылмаса да, жан дүниесі ашыла береді екен. Тек тілімен емес, пенделер болмысымен сөйлейді. Әр көзқарас хат секілді, оны тек оқи білу керек. Әр қимыл ішкі сырдың пернесі іспетті. Сол сәттен бастап тілсіз әлем маған таныс әрі жақын бола бастады. Менің ішімде тек дауыссыз мейірім сайрап тұр. Сөйлеудің емес, сезінудің маңызы артты.

Кейін біраз уақыт өткен соң әлгі аққұба қызды тағы көрдім. Ол маған ерекше пейілмен қарап тұрды. Оның айтқысы келгенін көздерінен оқып тұрдым. «Сен өзіңе берілген тапсырманы өте жоғары деңгейде орындап жүрсің. Сөзсіз ақ көзден түсінуді біліп қойғаның үшін» деп арқамнан қақты. Сол сәт менің өмірімде алдағы уақытта тек жақсылық болатынын ұқтым. Үнсіздік – әлсіздік емес, даналық екенін біле бастадым. Көп сөзден шынайы бір көзқарас құндырақ.

Жиырма бес жасқа толғанымда жанары мейірімге тұнып тұрған жігітпен таныстым. Ол мені сүйіп қалғанын көздерінен оқып қойдым. Оның да ерекше қасиеті менің жанарымнан бәрін ұғып қоя береді. Бұл қасиет екеумізде де бар. Мен сондықтан осы жігіт мені бақытты ететініне сендім. Екеуміздің сөзсіз әлемімізде сөзсіз түсінісу бар. Ақын Мұхтар Шаханов:

«Адамдар бар әңгімесі таусылған,

Ал махаббат таусылмайтын әңгіме», – деп айтқанындай, біздің үнсіз әлеміміз ешқашан таусылған емес. Ол махаббаттың тілінде көзден оқылатын дүние.

Сөйлей алатын, дені сау жігіт болғандықтан басында ата-анасы мені қабылдамады. Біздің бір-бірімізді шынайы жақсы көретінімізді түсінген соң, той жасап, мені келін етіп алды. Сол сәтте мен осындай бақытқа қол жеткізуімнің себебін, ешқашан жылап, өзімді кем сезінбей, қайта үнемі шүкіршілік етіп жүргенімнің өлшемі екенін білдім.

Бұл үнсіздік мені қалыптастырды. Айдалада ұйықтап қалған бала енді ішкі дауысқа сенетін ересек адамға айналды. Әр таң атқан сайын ішімдегі үміт маған дем береді. Менің жан дүниемде айтқым келген нәрселер бой көтереді, бірақ сыртқа шықпайды. Үнемі өз-өзіммен дауыссыз, дыбыссыз режимде сөйлесемін, бірақ ешкім естімейді. Қоғам мені үнсіз деп бағалайды, бірақ мен сезім арқылы тілдесетінімді білмейді.

Мектепте балалардың күлкісі жанымды ауыртатын. Сонда да мойымай, оқып, білім алып, алдағы өмірге дайындалдым. Біз қазір шағын шаңырақта тыныш өмір бастадық. Ішімде өткен күндердің жарасы мені кейде әлсіреткенімен болашақ мені қайта тұрғызады. Өмірдің әр сәті сынақ еді, бірақ мен жеңдім. Ішкі күш таптым. Әрбір таң жаңа бастама береді.

Өткен өмірімде менің табиғи һәм шынайы тарихым жатыр. Еріндерім қозғалыссыз болса да, жаным үмітке толы. Мен енді қалған ғұмырымда дауыс іздемеймін, жаныммен сөйлесемін. Өмірдің әр сәтін сезім арқылы қабылдаймын. Енді мен тілсіздігіммен емес, ішкі ақиқатпен өмір сүремін. Қазір аяғым ауыр. Кейде құрбыларым бір біріне «Бізден бақытты. Біз сөйлеп түсіндіре алмаймыз, естіп тұрып түсінбейміз. Ал сен бәрімізден бұрын қабылдап, түсініп қоясың. Және де бәрімізден бұрын бақытқа қол жеткіздің» деп таң қалады.

Бір ғана нәрсенің анық екенін, ақиқат екенін білемін. Ол адамның ішкі сенімі, рухының мықтылығы. Ендеше мен сияқты тілінен айырылса да, сенімін жоғалтпаған жандар тек биікке жетіп, бақытты болатынына асенемін. Ал өзіне сенімсіз және өзін сыйлата алмайтын адамдар, қанша жерден дені сау болса да мылқаудың күйін кешіп, қараңғы қапаста ғұмыр кешеді. Менің тілсіз әлемімнің жұлдызы қашан да биікте жарқырайтынына сенемін!

Аруна САЯН,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар