
Қан тобы – бұл тұқым қуалайтын белгі, ол табиғи жағдайда өмір бойы өзгермейді. Адамның белгілі бір қан тобына жатуы- оның жеке ерекшелігі болып табылады және ол ұрықтың даму кезеңінің ерте сатысында-ақ қалыптаса бастайды. Антигендердің үйлесіміне байланысты қан төрт топқа бөлінеді. Бір айта кетерлігі, қан тобы адамның нәсіліне, жынысына немесе жасына байланысты емес.
Қан тобының қандай топқа жататынын анықтау клиникалық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Яғни, қан мен оның құрамдастарын құю кезінде, гинекологияда және акушерлікте жүктілікті жоспарлау барысында айқындалады.
AB0 жүйесі – қан құю кезінде үйлесімділік пен үйлесімсіздікті анықтайтын негізгі жүйе. Себебі бұл жүйенің құрамындағы антигендер ең жоғары иммундық белсенділікке ие. AB0 жүйесінің ерекшелігі- иммундық реакциялар болмаған адамдардың өзінде эритроциттерінде жоқ антигенге қарсы табиғи антиденелер болады. AB0 жүйесіне екі топтық эритроцитарлық агглютиноген (A және B) және оларға сәйкес екі плазмалық агглютинин - альфа (анти-A) және бета (анти-B) кіреді.
Адам ата-анасынан екі А генін (AA) немесе А және 0 гендерін (A0) алса, онда оның А (II) фенотипі болады. Сол сияқты, екі B генін (BB) немесе B және 0 гендерін (B0) алса — B (III) фенотипі қалыптасады. Ал екі 0 генін алғанда 0 (I) фенотипі байқалады. Осылайша, егер екі ата-ананың да II қан тобы (генотиптері A0 мен A0) болса, олардың баласында бірінші қан тобы (00 генотипі) болуы мүмкін. Егер бір ата-ананың A (II) қан тобы (AA немесе A0 генотипі), ал екіншісінің B (III) қан тобы (BB немесе B0 генотипі) болса, балаларында 0 (I), A (II), B (III) немесе AB (IV) топтары болуы мүмкін.
Резус-фактор рецессивті-доминантты тұқымқуалау үлгісі бойынша беріледі. Позитивті (оң) резус-фактор -бұл доминантты белгі, ал негативті (теріс) — рецессивті. Rh+ фенотипі гомозиготты да (++) және гетерозиготты да (±) генотип кезінде байқалады, ал Rh– фенотипі тек гомозиготты (- -) генотип кезінде ғана болады.
Екі Rh– ата-анадан туған балалар тек Rh– болуы мүмкін. Rh+ және Rh– ата-аналардың, сондай-ақ екі Rh+ ата-ананың балалары ата-аналардың Rh+ генотипіне байланысты — Rh+ та, Rh– та болуы мүмкін немесе тек Rh+ болады.
Күлшат Қуанышбекова,
облыстық қан орталығы
медициналық зертханасының аға зертханашысы