Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таластықтардың тірлігі тындырымды

Таластықтардың тірлігі тындырымды
Автор
Талас ауданының бүгінде өндірісі өркендеп, жергілікті жұртшылықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикасының әлеуеті артып келе жатқанын жаңа кәсіпорындардың ашылып, жұмыс орындарының көбеюінен, инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялық бастамалардың жүйелі жүзеге асуынан аңғаруға болады.

Инвестицияның игілігі мол

Осы жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда өнеркәсіп өнімдері 18,9 миллиард теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 100,3 пайызға орындалыпты. Дегенмен кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінің көлемі 5,3 миллиард теңгеге орындалған, яғни меже 80,7 пайызды көрсеткен. Себебі «Шолақтау» тау-кен өндірістік кешені өткен жылдың 6 айында ұсақталған фосфатты шикізатты 36,7 мың тоннаға жеткізсе, биылғы 6 айда сұраныстың азаюына байланысты 28,1 мың тонна ғана өнім шығарыпты. «Казгаз барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де былтыр 99,3 миллион текше метр өнім өндірсе, осы жылы қысымның төмендеуіне байланысты 66,5 миллион текше метр табиғи газ өндірген екен. Өңдеу өнеркәсібі 12 миллиард теңге, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау 1,5 миллиард теңге деңгейінде қалыптасқан. Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі 80,1 пайызға орындалыпты. Оған «Игілік» мекемесі арқылы былтыр 6 айда 2123,8 текше метр ауызсу берілсе, осы жылдың 6 айында 1628,4 текше метр ауызсу жеткізілуі  себеп болыпты.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17,4 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 262,4 пайызға жетіпті. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2,5 миллиард теңгені көрсетіп, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалған екен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 101 пайызды межелеген. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 8482 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 63,2 пайызға орындалыпты. Негізінде құрылыс Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендердегі жеке секторда қарқынды жүргізіліп, соның арқасында осы межеге қол жеткізіліпті. Ал өткен жылға қарағанда көрсеткіштің төмен болуына негізі құжат бойынша 14431 шаршы метрге қабылдау актілері бар болғанымен, алайда Қаратау қаласы, Б.Момышұлы көшесі №15 көпқабатты тұрғын үй иесі тарапынан статисткалық есептің тапсырылмауы себеп болған көрінеді. Ауылшаруашылығы саласында 8,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құраған. Есесіне құсшаруашылығы бойынша жұмыртқа өнімінің төмендеуі байқалған. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыртқа өнімі 1,3 пайызға төмендепті. Оны мамандар жалпы үй құстарының саны былтырғы жылмен салыстырғанда артық болғанымен, мекиен санының кеміп кетуімен байланыстырып отыр. Демек, таластықтардың тауық қорасында қораз көп деген сөз.

Ауданға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытында елеулі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осыған байланысты 2023-2027 жылдары құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленіпті. Жобалар іске асырылған жағдайда 450 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Атап айтқанда, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын натрий цианиді өндірісін ұлғайту жобасының 2 кезеңін жүзеге  асыру келер жылға белгіленген. Осы арқылы жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін  натрий цианидін өндіру көзделуде. Қосымша 300 адам жұмыспен қамтылатын болса, қазіргі таңда өндірісте 600 адам жұмыс істеп жатыр. «KARATAU CHEMICALS» ЖШС-нің құны 2,88 миллиард теңгені құрайтын натрий пиросульфатын өндіру жобасын жүзеге асырудағы мақсат – жылына 25 мың тонна өнім өндіру. Жер телімі 20 гектарға есептелсе, жаңадан жұмыспен қамтылатындар саны – 30 адам. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде, 55 адам жұмысқа тартылды. «Asia NST» ЖШС-нің жылына 300 мың тонна мрамор өндіруді көздеп отыр.  Құны 476,8 миллион теңгені құрайтын жоба  арқылы 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазір жоба іске қосылып, 12 адам жұмыс істеп жүр. «Жамбыл Недр» ЖШС «Қаратау әктас» ЖШС-нің мүшесі болып, «Жамбыл Недр» ЖШС аумағында қуаттылығы 400 тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас шығаратын әк өндіру зауытының құрылысының инвестициялық жобасын бастапты. Қазіргі таңда 1,7 миллиард теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестицияның жалпы сомасы 2 миллиард тенгені құрапты.

 

Құрылыс қарқынды жүргізілуде

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда 3833 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 212-сі шағын кәсіпорын болса, 1988-і – жеке кәсіпкерлер, 1633-і – шаруа қожалық. Осы тіркелген субъектілердің ішінде 90,1 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік  субектілерінің саны 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,8 пайызға кеміді. Себебі жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлер өз жұмысын алып кете алмағандықтан уақытша немесе мүлдем жеке кәсіпкерліктерін тоқтатып қоюда.

Ауданда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама», «Кең дала», «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Есепті кезеңде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарламаның» «пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша Қаратау қаласында құны 127 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылды. Олар сауда-саттық, қоғамдық монша, құрылыс саласына тиесілі екен.

Аудан әкімдігі қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Берік Сюнбаевтың айтуынша, Қаратау қаласы А.Шейн көшесі №15 нысандағы қонақ үйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініпті. Бұдан бөлек, қосымша 1 миллиард теңге облыстық бюджеттен бөлінеді деп күтілуде.

– Жобаның құны – 1,6 миллиард теңге, мердігер «Агро Спец Строй» ЖШС. Бүгінгі күнге нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. 2025 жылдың 1 шілдесіне түрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 1248 адамды құрады. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 243, әлеуметтік осал топтағылар – 596, бюджеттік қызметкерлер – 408, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бір бала бар. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша жұмыстар атқарылып, 2024 жылы қайта жаңғыртылған 185 пәтерді құрайтын үш көпқабатты тұрғын үйлер сатып алынды. Ол үйлер Б.Момышұлы көшесінде орналасқан №15 және 17, 3 шағын ауданындағы №64, тұрғын үйі. Бүгінгі таңда осы тұрғын үйлердегі пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға табыстау жұмыстары жүргізілуде. Таласта 23 ауылдық елді мекен бар, оның 17-сі газдандырылған, яғни ауылдардың 73,9 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мердігер – «АқБарыс-Строй» ЖШС.  Нысан 2024 жылдан ауыспалы, жобаның жалпы құны 1,9 миллиард теңге. Сонымен қатар Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жеткізуші газ құбырының құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 555,6 миллион теңге бөлініп, «Газ-Сервис» ЖШС мердігер болып анықталды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.  Жоба құны 2176,9 миллион теңгелік нысан 2026 жылға өтпелі. Аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, жоба құны 995,8 миллион теңгені құрады. Көктал ауылының газ тарату желісінің құрылысына да жобалық-сметалық құжаттам әзірленген, жоба құны – 1261,0 миллион теңге. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында, республикалық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім берілді. Қаратау қаласындағы мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 451,9 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысан  2024 жылдан өтпелі. Қаратау қаласындағы жылу желісінің №1 бөліміне балалар және жасөспірімдер орталығынан Байтұрсынов мектебіне және «Тамды-Аулие» көшесі №3 тұрғын үйді қайта жаңғырту жобасы бойынша облыстық бюджеттен 225,5 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның құрылысын «Тараз Даниял и К» ЖШС жүргізеді. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында аудандағы С.Шәкіров ауылындағы Қонаев, Шәкіров-1, Шәкіров-2, Жылымбетов көшесі, Аққұм ауылындағы Сейфуллин, Тоқтықожаұлы, Рысқұлов көшесі, Ойық ауылындағы Рысқұлов көшесі орта жөндеуден өтуде. Сол секілді Ақкөл ауылындағы Шәкіров, Қонаев және Бостандық ауылындағы А.Құнанбаев, Байжанов, барлығы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 212,4 миллион теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге және Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 141,2 миллион теңге бөлінді. Аталған құрылыс жұмыстарын жүргізуді «Компания Сырым Блеке» ЖШС өз міндетіне алған. Бүгінгі күнге нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Нысандар 2026 жылға өтпелі. Бостандық ауылындағы 2024 жылдан өтпелі спорт кешенінің құрылысын аяқтауға 427,1 миллион теңге бөлініп, бүгінде мердігер «Әл-Мансұр» ЖШС тиісті жұмыстарды жүргізуде, – дейді бөлім басшысы.

Қазіргі танда бұл ауданда 23 ауылдық елді мекеннің 20-сы, яғни 87 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Осы жылы мердігер «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС Қожағаппар, «Пырақ Құрылыс» ЖШС Сейлбек ауылындағы су құбырының құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, нысан халық игілігіне беріліпті. Қараой ауылында су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 267,2 миллион теңге бөлініп, мердігер «Байсын-А» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған кері осмос қондырғысы бар модульдік контейнерлік блоктарын орнатуға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасын табуда. Нысан өткен жылдан өтпелі.

Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініпті, сонымен қатар республикалық бюджеттен 259 миллион теңге бөлінуі күтілуде. Құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып тұрса керек. Нысан 2024 жылдан өтпелі.

– Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құраса, оның ішінде 394,1 шақырымы облыстық маңызы бар, 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жол. Осы жылы елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Қаратау қаласында Ш.Өмірзақұлы, Есейхан, К.Берікбайұлы, Геолог, Қ.Сүгірбаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Н.Ақынбекұлы, Ә.Жангелдин, Ә.Момбеков көшелерін орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, «Тараз Көлік Жолы» ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Майтөбе, Қызыләуіт, Есейхан ауылдарында 8 ауылішілік көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 253,5 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары аяқталды. Көктал, Тамабек ауылдарында 7 ауылішілік көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 179,5 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда көшелер орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар Бөлтірік шешен ауылында 1 көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 105,5 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жасалуда. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба құны 1 миллиард 133 миллион теңге, нысан 2024 жылдан өтпелі – дейді Б.Сюнбаев.

 

Жұрт жұмыспен қамтылуда

Талас ауданында 2025 жылдың І тоқсанының қорытындысымен аудан бойынша орташа айлықақы 274,4 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 10,2 пайызға артыпты. Ауданда Қазақстан Республикасының «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 1759 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған немесе жылдық жоспар 49,3 пайызға орындалыпты. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлдана Жанаева негізінде 3562 таластықты жұмыспен қамту жоспарланғанын айтады. Аталған межені орындауда 1759 азамат жылдың бірінші жарты жылдығында екі қолға бір күрек тапқан.

– Жұмыспен қамтылған азаматтардың 555-і тұрақты жұмысқа орналасса, 92-сі түрлі мекемелерге «Жастар тәжірибесі» бойынша жолданды. «Әлеуметтік жұмыс орны» арқылы – 70 адам, «Ақылы қоғамдық жұмысқа» – 549, «Алғашқы жұмыс орнына» – 8, «Күміс жас» жобасы бойынша – 97 тұрғын жұмысқа тұрды. 60 адамды кәсіптік оқытудан өткізу енді қолға алынып жатса, 20 тұрғын жұмыс орнында кәсіптік оқытудан өтті. Сол секілді 173 таластық онлайн оқытудан, 80-і «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқыту курсына қатысты. 39 азамат қайтарымсыз грант алды. 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны аясында – 76 адам жұмысқа орналасты. 2025 жылы әлеуметтік көмек түрлерін төлеуге 623,4 миллион теңге жоспарланып, жылдың 6 айында оның 86,9 миллион теңгесі тағайындалып, төленді. АӘК-ті тағайындау барысында ескерілетін кедейшілік шегі 2025 жылдың ІІ-ші тоқсанына 35134 теңге болып бекітілді. Атаулы әлеуметтік көмекке 51,3 миллион теңге тағайындалып, 167 отбасына, немесе 938 адамға берілді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 7,8 миллион теңге бөлініп, 142 отбасына немесе 281 балаға тағайындалып, төленді. Тұрғын үй көмегіне 9 отбасындағы 32 адамға 0,2 миллион теңге тағайындалып, олар қаржыны толық алды. Біржолғы әлуеметтік көмекке 248 адамға 26,1 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Үйден оқытуға 42 мүгедектігі бар балаларға 1,5 миллион теңге тағайындалып, төленді. Отын сатып алу үшін 1700 ауылдық жердегі әлеуметтік сала маманына 33,4 миллион теңге қаралды. Осы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарлама бойынша 45 маманға көтерме жәрдемақыға 17,694 миллион теңге бөлінді. Тұрғын үй сатып алу үшін 10 маманға 78,640 миллион теңге қаралып, қазір шетінен үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 28 маманға 11,010 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілді. Әр маманға 100 АЕК, 393 200 теңге берілсе, оның ішінде білім саласында 13 маман, денсаулық сақтау саласында – 4, спорт саласында – 2, мемлекеттік қызметшілер арасында – 4, ветеринария саласында – 3, әлеуметтік қамсыздандыру мен мәдениет саласында бір-бір маман маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізді – дейді Гүлдана Шералықызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама жастардың кәсіби білім алуына, өздеріне тұрақты жұмыс орнын табуына бағытталған. Жалпы ауданда 14354 жас бар болса (қалада – 9490, ауылдық округте 4864 жас), бұл жалпы аудан халқының (47620) 30 пайызын құрайды екен. Оның ішінде экономикалық белсенді жастар – 8679.

 

Жастарға жағдай жасалуда

2025 жылы 1 615 жасты жұмыспен қамту жоспарланыпты. Қазіргі таңда 518 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, лайықты жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа  215, «Жастар тәжірибесі» бойынша  92, «Әлеуметтік жұмыс орындарына»  29, қоғамдық жұмысқа  139, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 8 өрен жұмысқа орналасқан. 8 азамат кәсіптік, онлайн оқытудан өтсе, «Бастау Бизнес» бағдарламасымен 27 жас оқыту курсына жолданыпты. 2025 жылдың басынан бері жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әртүрлі бағыттарда жалпы 788 іс-шара өткізіліп, оған барлығы 19392 жас қатысыпты. Ауданда жұмыссыз жастарды анықтау мақсатында (жұмыссыз, NEET, маргиналды жастар) тізім тұрақты түрде жаңартылып тұрады екен. Респубикалық базадан келген 278 жасқа адресаттық талдау жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде олардың бірі бас бостандығынан айырылған азамат болса, 53-інің тіркелген жері бойынша тұрмайтыны анықталңған. Төртеуі шет мемлекетте оқитып жүрсе, тоғызы білімгер екен. Алты өрен шетелге көшіп кетсе, бесеуі бала күтіміне байланысты үйде отырған көрінеді. Мекенжайы қате, үй жоқ 14 өрен бар болса, жиырмасы үйінде жоқ болып шыққан. Біреуі мүгедектігі бар азамат, Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау секілді басқа өңірде 83-і жұмыс істейп жүр екен. Банктік есепшоты бұғатталып, қаржылық тарихы бұзылғандығы анықталғандар - 25 жас, ал Талас ауданында мүлдем тіркелмеген 57 жас бар екен.

2025 жылдың 6 айында 56 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенімен, 2024 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда құқықбұзушылық 16,4 пайызға кеміпті. Былтыр нақ осы мерзімде 64 қылмыстық құқықбұзушылық орын алған. Биылғы жағдай бойынша, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны – 13-ті құраған, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл да бір қылмысқа азайыпты.

Жалпы кірістер бойынша бекітілген жылдық жоспар 11 772,7 миллион теңге болса, маусым айының жоспары 6 418,9 миллион теңге болып бекітілген. 2025 жылдың 1 шілдесіне оның орындалуы 5 679,1 миллион теңгені, яғни 88,5 пайызды құраған. Жоспар 739,8 миллион теңгеге кем орындалған. Өзіндік кірістің жылдық жоспары 2197,8 миллион теңге, осы жылдың қаңтар-маусым айларындағы жоспары 1056,2 миллион теңге болса, орындалуы 1311,6 миллион теңгені көрсеткен. Бұл ретте жоспар 255,4 миллион теңгеге немесе 24,2 пайызға артық орындалыпты.

Трансферттер бойынша түзетілген жылдық жоспар – 9 217,8 миллион теңге. Жартыжылдықтың жоспары 5 234,5 миллион теңге болса, оның түсімі 4 232,5 миллион теңгеге жетіп, жоспар 80,9 пайызға орындалған. Шығыстар бойынша түзетілген жылдық жоспар – 11 772,7 миллион теңге. Маусым айының жоспары – 6 419,8 миллион теңге, 2025 жылдың 1 шілдесіне меженің орындалуы 5 672,3 миллион теңгені, яғни 88,4 пайызды құрапты. Игерілмеген қаражат сомасы 747,5 миллион теңге болып қалыптасқан екен. Оның ішінде аудандық бюджеттен 740,2 миллион теңге, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінен 7,3 миллион теңге игерілмеген.

Талас ауданында жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша атқарылған істерге қатысты алып бара жатқан кемшілік, орны толмас олқылық жоқ. Жалпы жүзеге асқан игі істер жетерлік. Бұл жартыжылдыққа қатысты мәлімет болғандықтан, жыл табыспен қорытындыланады деген сенімдеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар