Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалды

Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалды
Автор
Облыс дәрігерлері күрделі операция жасап, өліммен бетпе-бет келген науқастың өмірін сақтап қалды. 1976 жылы туған азамат ішкі аортасы мен негізгі қан тамырлары толық бітеліп қалған күйде ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, бұл диагноз – санаулы сағаттар ішінде өлімге алып келуі мүмкін аса ауыр жағдай.

Науқас ауруханаға аяқтың төменгі бөлігіндегі қатты ауырсынуға шағымданып келген. Аяқтары ұйып, мұздап қалған. Қан айналымының тоқтауынан оң аяқта тіндердің жансыздану белгілері – некроз ошақтары анықталған. Бір жылдан бері аурумен жүрген азаматтың жағдайы кенеттен нашарлап, өздігінен жүруден қалған.

Шұғыл тексеруден кейін дәрігерлер ішкі аортаның инфрареналдық бөлігі мен екі жақ мықын артерияларында толық тромбоз деген қорқынышты диагноз қойды. Яғни дененің төменгі бөлігін қанмен қамтамасыз ететін негізгі күретамырлар толық бітелген. Бұл аяқтардың ампутациясына, тіпті өлімге алып келуі әбден мүмкін еді.

Ауруханадағы қан тамыр хирургтарының шұғыл консилиумы бірден жедел ота жасау туралы шешім қабылдайды. Уақытты ұту үшін бәрі жедел әрекетке көшті.

– Мұндай диагноз қойылғанда  әр минут маңызды. Егер тағы біраз кешіккенде, науқасты аман алып қалу мүмкін болмас еді. Біз тек аяқтарын ғана емес, тұтас өмірін сақтап қалдық, – дейді ангиохирург Мұқанғали Аманов.

Науқасқа аорто-бифеморальды шунттау операциясы жасалды. Бұл – тромбпен бітелген қан тамырларын айналып өтетін жаңа жол жасау деген сөз. Операцияны облыстың тәжірибелі ангиохирургтары Мұқанғали Аманов, Рахым Сәдібек және Арманалы Ұлтарақ бірігіп жүргізді.

Сәтті өткен отадан кейін ауырсыну басылып, аяқтарға қан айналымы қалпына келді. Науқас қайтадан өздігінен жүре бастады. Бірнеше күн бақылауда болғаннан кейін үйіне жақсы жағдайда шығарылды.
Бұл оқиға – облыс дәрігерлерінің кәсібилігі мен жедел шешім қабылдау қабілетінің жарқын дәлелі. Тек жоғары кәсіби біліктілік пен нақты әрекеттің арқасында ғана бұл жолы өлім емес, өмір жеңді.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар