
Шылым алдымен қан тамырларына әсерін тигізеді, қан тамырларының жұмысын нашарлатып, оларды жіңішкертіп, қан қысымын көтеріп, жүрек талмасына жетелейді. Темекі құрамында 4000-дай химиялық улы зат барлығы анықталған.
Темекі тартатындардың жүрегі тез соққандықтан, жүректің қанға және ауаға қажеттілігі артып, осыған орай, жүрекке келетін қан мен ауа азаяды.
Темекі түтініндегі 4000-нан астам зиянды заттың біреуі-көміртегі. Көміртегі-автокөліктердің түтінінен шыққан улы газдардың бірі. Темекінің түтінімен бірге бұл да белгілі бір мөлшерде денеге кіреді.
Адам ағзасына аса зиянды нәрсе үшін маңдай теріңмен тапқан ақшаңды жұмсаудың ысырап екені айтпаса да түсінікті. Әр күн бір-екі қорап темекі тауысқан адам ғұмыр бойы қанша ақшаны босқа жұмсайтынын есептеп көрелік. Күніне орта есеппен 1000 теңгенің темекісін тартқан кісі айына 30 мың теңгені, жылына 360 мың теңгені, ал шамамен 30 жыл тартты деп есептесек, онда 10 миллион 800 мың теңгені текке рәсуа етеді екен. Бұл сіріңке мен ауыздың жағымсыз иісін кетіру үшін шайналған сағызға кеткен ақшаны қоспағандағы есеп.
Ал бұл сомаға темекі зардабынан бұзылған денсаулығын емдеуге жұмсаған қаржысын қоссақ, аталмыш мөлшердің одан сайын көбейе түсері анық.
Бірде жас жігіт қариядан: «Менің жанымдағы жігіттердің көпшілігі темекі шегеді, оның қандай қасиеті бар?»,-деп сұрайды. Сонда қария: «Темекі тартсаң, біріншіден, қартаймайсың, екіншіден, үйіңе ұры түспейді, үшіншіден, құтырған иттен басқасы қаппайды» -деп жауап беріпті.
Қарияның «Қартаймайсың» дегені ұзақ өмір сүрмейтіндігін меңзегені екен. Ал «Үйіңе ұры түспейді» дегені түнімен жөтеліп шықса, үйге келген ұрылардың кері шегінетінін айтқаны. «Ит қаппайды» деген сөзде де өзіндік астар бар. Яғни, ерте қартайып, таяқ ұстап жүрген адамға ит жоламайды деген түсінік.
Бұдан бөлек шылым шегетіндердің айналасындағы бала-шағасы, басқа да адамдар темекі тартатындарға қарағанда анағұрлым көбірек зиян шегетіндігі анықталып отыр.
Сондай-ақ, шылым шегетін әйелдерден туылған сәбилер көп жағдайда аурушаң болып дүниеге келеді. Бала емізген әйелдерде никотин емшек сүтіне араласып, осы арқылы сәби денесіне өтетінін көп аналар біле бермейді.
Бүгінде жай шылымнан бөлек электронды темекі деген де пәлекет пайда болыпты.
Бұл темекіні ересектерге қарағанда 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер көп тұтынады екен. Әсіресе бір рет қолданылатын «Вейп» деп аталатын өнімді мектеп оқушыларының қолдануы үйреншікті әдетке айналып кеткен. Мұны ата-аналардың бірі білсе, бірі білмейді. Себебі кейбір ата-аналар бұл затты балаларының қолынан көрсе де, сырт пішіні қаламсапқа ұқсас зат болғандықтан, аса мән бермейді. Осындай затпен әуестеніп жүрген мектеп оқушыларынан сұрастырғанда:
– Бұл жай ғана бу шығаратын бір реттік электронды темекі. Дәмі де, иісі де күшті. Әсіресе бізге вейптің құлпынай, банан секілді дәмдері ұнайды. Кейде ақша болмаған жағдайда он шақты бала 3000 теңгеге сатып алып, кезекпен шегеміз.Темекіге қарағанда зияны да жоқ, – депті қысылмастан.
Ал бұған нарколог-дәрігерлер не дейді?
– Электронды темекі, вейп, айкос секілді бу шығаратын өнімдер темекіге қарағанда тым қауіпті екенін көбісі біле бермейді. Мәселен, электронды темекінің құрамында глицерин, никотин, дәм беруші ароматизаторлар мен бояулардан құралған химиялық сұйықтықтар бар. Глицерин мен никотин адамның тыныс алу жүйелерін зақымдап, өкпенің қатерлі ісігі, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Айта берсек бұл электронды темекінің зияны өте көп, – дейді мамандар.
Осы орайда ата-аналар балаларының денсаулығын ойлап, мұндай жаман әдетке жол бермеулері керек. Бала-біздің болашағымыз. Сондықтан жас жеткіншектердің тәртібі мен тәрбиесін осы бастан қолға алғанымыз жөн.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Сарысу ауданы және Тараз қаласының
Құрметті ардагері