Кеш барысында Дидар Орынбай анасымен бірге «Айналайын, анашым» әнін орындап, жиылған қауымның көзіне жас үйірді. Орталықтың алтын ұясынан ұшқан шәкірттің құрметіне соңғы қоңырау соғылып, Дидар үлкен өмірге аяқ басты.
Салтанатты жиында сөз алған мекеме директоры Салтанат Жантаева бұл кештің орталық үшін айрықша сәт екенін тілге тиек етті.
– Аутизм орталығы 2023 жылы ашылып, желтоқсан айынан бастап толыққанды жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мекемеде 130 бала тәрбиеленуде.
Жалпы орталықта 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеміз. Балалармен 106 маман, соның ішінде психолог, логопед, дефектолог пен 5 білікті дәрігер жұмыс істейді. Әсіресе балалардың көңіл күйі мен мінез құлқындағы ауытқуларды бақылауда ұстауда 2 психиатр маманымыздың қызметі өте маңызды. Заман талабына сай жабдықталған емдік денешынықтыру және массаж кабинеттеріміз де жеткіншектердің денсаулығына оң әсерін тигізуде.
Біздің ең басты мақсатымыз – баланы қоғамдық ортаға бейімдеу. Нәтиже жоқ емес, 20-ға жуық баламыз қазір балабақша мен мектептерде инклюзия арқылы білім алып жатыр. Бүгін – біз үшін ерекше күн. 1 мамыр мерекесі қарсаңында орталығымыздың алғашқы түлегі Дидарды 18 жасқа толуына байланысты шығарып салып жатырмыз. Ол екі жыл ішінде көп нәрсені үйренді, – дейді Салтанат Сайлауқызы.
Ән мен биден шашу шашылған салтанатты іс-шара жеткіншектер мен олардың ата-аналарына жақсы көңіл күй сыйлап, бір серпілтіп тастады.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ
Махаббат ұлтқа қарамайды.
Ұқсас жаңалықтар
Биіктіктен құлағаннан кейін аяғына тұрғызылған екі қыздың оқиғасы
- авторAR-AY
- 16 сәуір, 2026




