Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өзгерістер өздігінен туындамайды

Өзгерістер өздігінен туындамайды
Автор
Халық даналығында «Оқу инемен құдық қазғандай» деген сөз бар. Осы орайда білім беру саласы да уақыт талабына сай жетілдіріле түсуде. Бұрынғы және қазіргі жүйені салыстырғанда, бұл өзгерістер тек оқыту мазмұнымен ғана шектелмей, бағалау, құжат жүргізу, оқушы жетістігін тіркеу, жаңа технологияларды қолдану бағыттарында да көрініс табуда. Тақырыпты тереңірек тарқату үшін біз облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен тілдескен едік.

– Соңғы жылдары еліміздің білім беру саласында жүйелі жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – оқушылардың сапалы білім алуына, жеке қабілеттерін ашуға және халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартылып, бұл өзгерістер пәндерді оқытудың дәстүрлі тәсілінен гөрі, оқушылардың сыни ойлауын, зерттеу дағдыларын, ақпаратты талдау және оны өмірде қолдану қабілетін дамытуға басымдық беруде. Жаңартылған бағдарламада оқушы – білім алушы ғана емес, білімді іздеуші, зерттеуші, қолданушы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар оқушыларды бағалау жүйесінде де елеулі өзгерістер енгізілуде. Қалыптастырушы және жиынтық бағалау тәсілдері енгізіліп, бағалау үрдісі оқушының даму динамикасын көрсетуге бағытталады. Бұл жүйе баланың тек нәтижесін емес, оқу барысындағы ілгерілеуін де ескеруге мүмкіндік береді. Жаңа бағалау моделі әділдікке, ашықтыққа және кері байланысты нығайтуға негізделген. Білім саласында цифрлық технологияларды қолдану кеңеюде. Электронды күнделік, онлайн платформалар, цифрлық ресурстар – білім беру үдерісінің маңызды құрамдасына айналды. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты нығайтып, оқу үрдісін ыңғайлы әрі тиімді етеді. Сондай-ақ педагог мәртебесін көтеру, мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар жаңартылып, оқыту семинарлары мен курстар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жалпы алғанда, білім саласындағы өзгерістер – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді жұмыс, – дейді Нұрбек Әбубекұлы.

Алайда қазіргі жүйенің артықшылығымен қатар, кейбір қиындықтары да жоқ емес. Жаңартылған бағдарламаға бейімделу үшін мұғалімдер мен ата-аналардан көп күш пен шыдамдылық талап етіледі. Кейде оқу жүктемесінің ауырлығы мен оқулықтардағы күрделі терминдер де ата-аналар мен оқушылар тарапынан сынға ұшырап жатады. Араға көп уақыт салмай өзгеріп жатқан білім беру бағдарламалары бойынша Тараз қаласындағы №66 мектептің директоры Фарида Шортанбекова өз ойымен бөлісті.

– Білім беру жүйесі өткен жылдары қарапайым әрі дәстүрлі болатын. Мұғалімдер сабақ кестесін қолмен жазып, қағаз журналдарды толтырып, бағалауды бес балдық жүйемен қорытындылайтын. Әрбір бағаны журналға енгізу, тоқсан соңында қорытынды шығару мұғалім үшін көп уақыт пен күш талап ететін. Қағаз журналға бағалау тәсілі кейде бағалауда әділетсіздікке де алып келетін, себебі оқушының нақты білім деңгейі толық ескерілмейтін. Сонымен қатар ата-ана мен мұғалім арасындағы байланыс та шектеулі еді, баласының оқу үлгерімін, бағалары туралы мәліметті тек жиналыс кезінде немесе жеке жолыққанда ғана біле алатын. Ал қазіргі таңда цифрландыру білім саласына да серпін берді. Электронды онлайн күнделік жүйесі енгізіліп, мұғалімдер жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Баға қою, сабақ кестесін бақылау, үй тапсырмасын беру онлайн күнделікке енгізіліп, ата-аналары балаларының сабақ үлгерімін жиі бақылауда ұстай алады. Онлайн күнделікте оқушының үлгерімі, сабаққа қатысуы, тапсырма орындауы тайға таңба басқандай анық көрініп тұрады. Сонымен қатар бағалау жүйесі де түбегейлі жаңарып, бұрынғыдай тек баға қоюмен шектелмейді. Оқушының тоқсандық бағасын есептеу үшін енді бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау сынды жаңа тәсілдер қолданылады. Әр бөлім соңында өткізілетін қорытынды жұмыстар мен бағалау тапсырмалары оқушыны үнемі тапсырмаларды қайталауға, ақпараттарды ұдайы пысықтап отыруға жетелейді. Сондай-ақ соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне де елеулі өзгерістер енгізілді. Бұрынғыдай тест нәтижесін апта бойы күтіп отырудың қажеті жоқ. Қазір оқушылар тестті онлайн тапсырып, нәтижесін бірден көре алады. Бұл уақыт үнемдеуге әрі оқушының осал тақырыптарын байқауға мүмкіндік береді. Білім саласындағы өзгерістердің барлығы заман талабына сай бейімделудің жарқын көрінісі десек те болады. Ең басты мақсат – оқушы, мұғалім және ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, сапалы білім алуға жағдай жасау, – дейді Фарида Шортанбекова.

Біздің қоғамда кез келген мектеп жасындағы бала үшін білім алу аса маңызды. Білім беру бағдарламалары туралы ата-аналардың да айтары бар.  Осы орайда  көпбалалы ана Әсем Тұрарова да өз пікірін білдірді.

– Соңғы жылдары баламның сабағына қарап отырып, қазіргі білім беру жүйесінің мүлде өзгергенін байқаймын. Біздің кезімізде білім беру де, алу да қарапайым болатын. Мұғалім сабақ түсіндіріп, біз тыңдайтынбыз, берілген тапсырманы орындап, бес балдық жүйемен баға алып жүре беретінбіз. Қазіргідей жиынтық бағалау, өзін-өзі бағалау сынды ұғымдар мүлде болмаған. Ал қазіргі балалар осының бәрін меңгеріп жүр. Онлайн күнделік жүйесі де ата-ана ретінде менің жұмысымды жеңілдетті. Бұрын баламның күнделікті сабақ үлгерімін бағамдай алмайтын едік, қазір жағдайға жете қанықпыз. Үйде отырып телефонымдағы қосымша арқылы баламның сабағының барлық бағасын, берілген үй тапсырмасын, сабаққа қатысуын тұрақты бақылап отыра аламын. Дегенмен, өзгерістің бәрі бірдей оңай қабылдана қоймайды. Кейде түсінбейтін дүниелер де кездесіп жатады. Мысалы, жиынтық бағалаулар мен тоқсандық бағаның қалай қойылатынын түсіну үшін біраз уақыт керек болды. «Балам жақсы оқиды» деп жүргенде, кейде күтпеген баға шығып кетеді. Себебі бір ғана жиынтықтан төмен балл алса, бүкіл тоқсанға әсер етуі мүмкін екен. Сондай-ақ тапсырмалардың күрделеніп кеткені байқалады. Кей пәндерде балам үй тапсырмасын түсінбей, менен көмек сұрайды, ал мен өзім де түсінбей дал боламын. Әсіресе бастауыш сыныптағы оқушыларға арналған кей тапсырмалар тым күрделі сияқты. Бұл оқушының қызығушылығын арттырудың орнына, шаршатып жібермей ме деп те ойлаймын, – дейді Әсем Байжігітқызы.

Уақыт талабына сай өзгеріп отыратын оқу бағдарламалары білім сапасын арттырудың қамы екені анық. Қазіргі оқу бағдарламасы оқушыны жан-жақты дамытуға, оның жеке қабілетін ашуға бағытталған. Бұрынғы жүйе тәртіп пен қаталдықты басты орынға қойса, қазіргі бағыт  мұғалімдер мен білім алушыларға икемді, технологиямен тығыз байланысты. Бұл еліміздегі білім сапасын арттыру жолындағы оң өзгерістердің нәтижесі.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар