
Үйден оқитын оқушылар – көбінесе денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтын, бірақ білім алуға зор ықыласы бар ерекше санаттағы жеткіншектер. Олардың кейбірі ауыр әрі созылмалы дертке шалдықса, енді бірі тірек-қимыл жүйесінің бұзылуына немесе психологиялық-физиологиялық шектеулерге байланысты жалпы мектеп өміріне толық араласа алмайды. Бірақ олардың білім алуға деген ниетін шектемейді.
Бүгінде мемлекет тарапынан үйден оқитын балаларға арнайы жағдайлар жасалып отыр. Олар үшін жеке білім беру жоспарлары құрылып, арнайы педагогтер, психологтар, дефектологтар мен логопед мамандары жұмыс жасауда. Арнайы білікті мамандардың қолдауымен балаларды үйден оқыту жүйесі жүргізілуде. Сондай-ақ әрбір балаға ыңғайына бейімделген бағдарламалар ұсынылып, оқу процесі олардың денсаулығы мен қабылдауларын ескеріле отырып жасалады. Көп жағдайда мұғалімдер тікелей баланың үйіне барып сабақ береді немесе қазіргі заман талабына сай онлайн платформалар арқылы қашықтан оқыту әдісін көптеп пайдаланады. Апталық оқу сағаттары бірнеше сабақтарды ғана құрағанымен, сабақ мазмұны баланың толыққанды түсінуіне, үйренуіне бағытталады. Сондай-ақ мұндай балалар да тоқсандық және жылдық қорытынды аттестациядан өтеді, яғни олар өз сыныптастарымен бірдей деңгейде білім алады. Облысымызда 2024-2025 оқу жылында мүгедектігі бар 9468 баланың 1572-і үйден оқытылыпты.
Қазіргі уақытта елімізде үйден оқытуды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, сабақта интерактивті құралдар мен онлайн платформалар қолданылуда. Мұғалімдерді үйден оқитын балаларға арналған әдістемелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатыстыру, ата-аналарға түсіндіру шарасын жүргізу, дәрігерлердің кеңес беруін жүйелеу секілді жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда біз облыстық білім басқармасының бас маманы Набира Сүймановамен тілдестік.
– Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмай жүрген балалар үшін үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегін оқыту ұйымдастырылады. Балаларды үйден оқытуды ұйымдастыру белгіленген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ата-анасының өтінішімен дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының жолдамасы негізінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысы арқылы жүзеге асырылады. Мектеп директоры жоғарыда аталған дәрігерлік-консультативтік комиссия жолдамасы мен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысын негізге ала отырып, үйден оқытуды ұйымдастыру туралы бұйрық шығарып, әр балаға оқу-тәрбие жоспары мен әдістемелік құралдарды бекітеді. Үйде оқытуға жіберілген балаларға бөлінетін сағаттар саны Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу жоспарына сәйкес психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация анықтап беретін қорытындыдағы оқу бағдарламаларына қарай бөлінеді. Білім беру бағдарламасының 3 түрі жеңіл және орташа деңгейіндегі балаларға жеке қолданылады. Сондай-ақ, үйде оқитын балалардың мектеп ішіндегі кейбір іс-шараларға ата-анасымен, мұғалімімен қатысуына мүмкіндік беріледі. Мұғалімдер мұндай балалармен жұмыс істегенде, тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар сенімді тірек, жанашыр адам бола білуі керек. Өйткені үйден оқитын бала ұстазынан ең бірінші біліммен қатар, түсіністік пен қолдау күтетіні анық. Сондықтан мұндай жағдайда мұғалімнің мейірімділігі, шыдамдылығы мен кәсібилігі маңызды рөл атқарады. Мемлекет тарапынан үйден оқитын балаларға арналған оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулықтар мен цифрлық ресурстар әзірленеді. Кей өңірлерде онлайн оқыту формасы да тиімді түрде енгізілуде. Ең бастысы – үйден оқитын бала өзін қоғамнан оқшау қалған жан ретінде сезінбеуі керек. Қайта керісінше, оған ерекше қамқорлық көрсетіліп, білім арқылы өз болашағын құруға сенім берілсе, ол да өз қабілетімен қоғамға пайдасын тигізе алатын азаматқа айналады, – дейді Набира Қапарқызы.
Көп жағдайда үйден оқитын балаларда жалғыздық, қоғамнан бөлектену сезімі байқалуы мүмкін. Сондықтан оларға ата-анасынан, мұғалімінен тек білім ғана емес, әлеуметтік қолдау мен жылы қарым-қатынас ауадай қажет. Мұғалімнің жай ғана сабақ өткізуші емес, шабыттандырушы, қолдаушы, сенімді дос ретіндегі рөлі ерекше болады. Үйден оқитын балаларға сабақ берудің қыр-сыры қандай болатынын білу үшін Талас ауданындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Айдаралиевамен байланыстық.
– Үйден білім алатын балаларға сабақ беру үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Үй жағдайындағы балаларға білім беретін педагог тек пән мұғалімі ғана емес, сонымен қатар психолог, логопед, дефектолог сынды бірнеше мамандықтың қызметін қатар атқарады. Себебі үйден оқытылатын балалар ерекше білім беруді қажет етеді. Мұндай жеткіншектердің көпшілігіне ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылады. Осы санаттағы балалардың сабаққа деген белсенділігі төмен, қимыл-қозғалысы баяу, назарын тұрақты ұстап отыру қабілеті де шектеулі болады. Оқу және жазу дағдылары әлсіз балаларға сабақ тек көру, сурет, қолдың қимыл-әрекеті, сезу әдістерін қолдану арқылы өткізіледі. Үйден оқытылатын әрбір балаға «Сөйлеу және коммуникацияны дамыту» бағыты бойынша жеке бағдарлама әзірленіп, аптасына екі рет, әрқайсысына бір сағат көлемінде сабақ жүргізіледі. Сабақ барысында балаға барлық ұғымдар, тапсырмалар, нұсқаулар тек суреттер, көрнекілік арқылы түсіндіріледі. Әрбір заттың атауын дауыстатып айтқызу, дыбыстарды дұрыс шығару мақсатында баламен бірге отырып жұмыс істейміз. Сонымен қатар саусақ моторикасын дамыту үшін түрлі жаттығулар орындатылады. Көп жағдайда балалар қимылмен ғана жауап береді, себебі сөйлеу қабілеті толық дамымаған немесе мүлдем жоқ. Ақыл-ойы кеш дамығандықтан кейбір балалар сезімге беріліп, тез ашуға булығып кетеді. Мұндай жағдайда баланы сабырға шақырып, көңілін аулау керек. Үйден оқытылатын оқушылардың ата-аналары да сабақ барысында белсенді рөл атқарады. Олар баланың жанында отырып, сабаққа сырттай қатысып, бақылау жасайды. Мұндай қолдау бала үшін өте маңызды. Біріншіден, ата-ананың қатысуы баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне ықпал етсе, екіншіден, жеткіншектің оқуына деген ынтасын арттырып, мотивацияны күшейтеді. Сонымен қатар ата-ана сабақта қолданылатын әдістер мен тәсілдерді көріп, үй жағдайында да жалғастыруға мүмкіндік алады, – дейді Жанат Байдуалықызы.
Сонымен қатар үйден оқытудың нәтижелі болуы отбасы, мектеп және медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысына да байланысты. Ата-ананың белсенділігі, мектеп әкімшілігінің ұйымдастырушылық қолдауы және дәрігерлердің тұрақты бақылауы баланың дамуына, тезірек оңалуына әсер етеді. Үйден оқитын баланы өсіріп, оңалуын тілеп отырған ананың бірі Айымхан Халелова.
– Қазіргі таңда қызымның денсаулығына байланысты мектепке барып, сыныптастарымен бірге оқуға мүмкіндігі жоқ. Қызыма ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Сондықтан ол үй жағдайында мұғалімінен жеке білім алып жатыр. Мұғалім әр сабақты қызымның психологиялық және физикалық жағдайын ескере отырып өткізеді. Осы перзентімнің жағдайына байланысты оған сабақтар тек сурет, қимыл, дыбыс арқылы жүргізіледі. Себебі оның өз бетінше оқып-жазуға қабілеті жоқ, өз ойын ауызша жеткізе алмайды. Қызым үнемі үйде сыртқы ортадан оқшау отырғандықтан, өзі қатарлы балалармен қарым-қатынас орнатуына да мүмкіндігі жоқ. Сабақ кезінде қызым тез шаршап қалады, көңіл күйі тұрақсыз, назарын ұзақ уақыт бір нәрсеге аударып отыра алмайды. Қызымның бір дыбысты дұрыс айтуы, бір суретті тануы, бір қимылды қайталауы біраз күшті талап етеді, – дейді Айымхан Халелова.
Үйден оқу ерекше балалар үшін үлкен мүмкіндік. Дегенмен бұл қадам ата-ана мен мұғалімнің ерен еңбегін талап етеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай Құнанбаев жырлағандай, әрбір педагог ата-анамен бірлесе отырып, баланы түсіну мен қолдаудан аянып қалмаса болғаны.
Сымбат ҚУАНЫШ