Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» облыстық ардагерлер форумы өтті

«Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» облыстық ардагерлер форумы өтті
Алтынбек Қартабай
Қазақ ерте заманда жартылай отырықшы, жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып жүріп-ақ ар мен ұятты бәрінен биік қойған. Ешкімнің ала жібін аттамаған, ұя бұзбаған, сертке берік, досқа адал болған. Ұрлық-қарлық, бәле-жаладан аулақ жүрген. Бұған сөз жоқ дала заңы мен әр әулиеттің ақсақалдары тентегін тыйып, елге ақылшы, бас-көз болуы айтарлықтай септігін тигізді. Бүгінде құқық бұзушылыққа кез келген жерде жол беріліп жатқаны жасырын емес. Басқаны былай қойғанда, ұят-аятты ысырып қойып, әлеуметтік желіде ел алдында түрлі қаралым жинау үшін оғаш қылыққа баратындар да көбейгенін көзіміз көріп отыр. Құқықбұзушылықпен қатар мәдениет пен ұлттық болмысқа кереғар келетін осы тектес әрекеттер қоғамда белең алып бара жатқаны шындық. Ал осындай келеңсіздік пен жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу отбасындағы, қоғамдағы тәртіпке, әр азаматтың заңды сыйлауына байланысты екені анық. Жалпы заңға бағыну, тәртіпке мойынсұну бүгінде Президент мінберінен де ұдайы көтеріліп келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын өмірдің өзегіне айналдыру, қоғамда көрініс табуына үлес қосу, әділеттіліктің қамтамасыз етілуіне атсалысу – басты міндет. Бұл бағытта еліміздің әр аймағында жүйелі істер қолға алынуда. Соның бірі – өз облысымызда өткен «Заң мен тәртіп – әділетті қоғам» атты облыстық ардагерлер форумы.

Аймақ ардагерлері Президент айқындаған бағдарға қолдау білдіріп, жастарға үлгі көрсетуді, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға атсалысуды басты міндет санайды. Сол үшін, яғни аталған форум қоғам болып заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида» деген сөзін еске салды. 


– Заң мен тәртіп егіз ұғым іспетті. Бірінсіз-бірінің мәні ашылмайды. Заң мен тәртіпке бағынатын ел болу үшін алдымен қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, тәртіпті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз. Бұл ретте облыста түрлі идеологиялық және ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізілуде. Жоғары оқу орындарында, колледждерде, Тараз қаласы мен аудандарда халықпен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл іс-шараларға өздеріңізде белсенді атсылысып, қоғам санасына бағытталған өнегелі ойларыңызды ортаға салып келесіздер.
Атап айтсам, «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде студенттермен кездесулер, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң, Тәртіп және Мәдениет: тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналардың қатысуымен ғылыми конференция, Тараз қаласы, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарында ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, жастардың қатысуымен жергілікті тұрғындарға «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру бойынша көшпелі кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер жергілікті тұрғындар үшін маңызды ақпараттармен бөлісу алаңына айналып отыр. Сонымен бірге, кәмелет жасына толмаған жастардың арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Қоғам сақшысы» түнгі рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жастардың арасында нашақорлыққа, зиянды әрекеттерге, құмар ойындарға тәуелділіктің зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында білім беру ұйымдарында кездесулер, түсіндірме жұмыстары, семинарлар өткізілді. Тараз қаласында «QORGAN» жобасы аясында тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамалайтын 158 граффити жазбалары жойылды. Халық көп жиналатын орындарда құқықтық кеңес беру алаңдары тұрақты ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 1200-ге жуық іс-шара өтті, – деген Серік Жақсылықұлы аталған форум арқылы қоғамда заң мен тәртіптің нығвятынына сенім білдірді.


Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беріп отырғанына тоқталды. Қазақ халқы ежелден заңға бағынған, дала заңын берік ұстанған ел екенін, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді қазақ елінің өз конституциясы мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамдағы тәртіп пен әділдікті қамтамасыз еткенін тілге тиек етті. Қазіргі заманда да осы қағидаттар өзектілігін жоймағанын, әдеп пен тәртіп әр отбасынан басталатынын, сондықтан заңды сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Ардагерлер қауымы осындай істен шет қалмайтынын, мұндай іс-шараларға қатысуда белсенділік танытып келе жатқандарын атап өтті.


Форум барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы мен облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев, «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңдылықты орнықтырудың кепілі» тақырыбында баяндама жасады. Олар қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын, «Үлгілі ауыл», «Арақсыз ауыл» секілді жобалардың арқасында қылмыс біршама азайғанын сөз етті. Облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов «Дін – қолдана алсаң қасиетің, қолдана алмасаң қасіретің» тақырыбында ой бөлісіп, адам жаратылғалы дін де бірге жасасып келе жатқанын, діннің мақсаты Аллаға құлшылық ете отырып, адамды ізгілікті, мейірімді, тәрбиелі, ибалу болуға жетелейтінін, ардагерлердің қоғамда атқарып жатқан жұмысы дінге де, қоғамға да пайдалы екенін айтты.
Балуан Шолақ ауылында соңғы 2,5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық дерегі орын алмапты. Өйткені осы ауылдың өрендері үлкендерден үлгі алады. Ал аға буынның айтқаны жастар үшін бұлжымас заң іспетті. Осы ретте Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Есенкелді Текебаев «Біздің ауыл қалай тәртіпті болды» деген тақырыпта сөз сөйлеп, ауылы өзгеге үлгі болған үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алғанын, өз тәжірибелері облыстық «Ғұмыр-дария» газетінде жарияланғанын әңгімеледі.


– «Қазақтың ең көп шоғырланатын негізгі орыны мешіт пен той болып қалды» деген Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық «Егер осы екі жерде дәстүрімізді, салтымызды, ұлттық ұстанымымызды түзей алмасақ, қалған мәселелер жайлы айтудың өзі бекершілік» деген ойын ортаға салды. Ол «Тойға да тәртіп керек» атты тақырыпта сөйлеген сөзінде: «Жеке адамдардың қуанышы саналатын тойларға ардагерлердің де, басқаның да араласу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан біз бұл бағытта жүйелі жұмыс істеу үшін, облыста асабалар қоғамын құру және олардың ортақ ұстанымын қалыптастыру ісін қолға алдық. Асабалар қауымдастығы заңды түрде Әділет органдарында тіркеліп, ресми мәртебесін алды. Бұл ұйымға бүгінде бірқатар асаба мүше. Бастапқыда бұл әрекетіміз қоғамда біраз шу тудырған еді. «Биліктің тойдан басқа шаруасы қалмады ма?» деген пікірлер де болды. Алайда уақыт өте келе мейрамхана иелері, асабалар және той иелері бұл бастаманың мәнін түсініп, қолдай бастады.
Асабалар қауымдастығы құрылмаған кезде той мәдениеті біз қалаған деңгейге әлі жетпеген еді. Алайда біртіндеп қариялар, ақсақалдар, зиялы қауым және қазақтың дәстүрі мен салтын берік ұстанатын асабалардың еңбегімен жағдай түзеле бастады. Әлеуметтік желілерде шу тудырған шоу-тойлардағы кейбір келеңсіз көріністерді зерттеу барысында бұл бастама қолға алынғалы облыста өрескел жайттардың азайғаны анықталды. Асабалар да, мейрамхана иелері де, той иелері де мәдениетке мән беріп келеді. Осы игі істі бастаған барша ардагерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Той мәдениетін қалыптастыру мақсатында мейрамхана иелерімен және асабалармен кездесулер өткізіліп, тәртіп ережелері түсіндірілді. Арнайы шеберлік сабақтарынан өткен асабаларға сертификат беріліп, онсыз той жүргізуге тыйым салу қолға алынуда. Жақын уақытта бұл талап қатаң сақталатыны, ережені бұзғандарға тосқауыл қойылатын болады – деді Ж.Әбдіхалық.

Форумда ардагерлер облыс халқына үндеу жолдап, жиын соңында ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ауылдық округтердің учаскелік полиция инспекторлары секілді белсенді азаматтарға құрмет көрсетілді. Олар облыстық полиция департаментінің Алғыс хат және облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар