Спикердің айтуынша, бюджет қаражатын жымқыруға қатысты соңғы 6 жылда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы («Жымқыру») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша 92 қылмыстық іс тіркелген. Бұған қоса 2,4 миллиард теңгеден аса келтірілген залалдың 376,8 миллион теңгесі өтеліп, құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын мүлік тәркіленіпті.
Маманның сөзіне сүйенер болсақ, әсіресе ауылшаруашылығы саласында қаржы жымқыру деректері жиі кездеседі екен.
– Бүгінде облысымызда 544 мың адам жұмыспен қамтылса, 138 мыңнан астамыауылшаруашылығы саласында тер төгеді. Бұл өзге салалармен салыстырғанда бір жарым есеге көп көрсеткіш. Десе де агроөнеркәсіптік кешенге бөлінетін бюджет қаражаты мен субсидиялардың талан таражға түсуі әлі де толастамай тұр. Талдау көрсеткендей, субсидиялау механизміндегі олқылықтар мен жемқорлық тәуекелдері шаруалардың мемлекеттік қолдауды толық алуына кедергі келтіруде.
Біз қазіргі таңда бұл құқықбұзушы лықтардың себептерін зерттеп, жүйелі түрде ұсыныстар енгізудеміз. Қаржыландыру ережелерінің жетілдірілмегендігімен қатар,делдалдардың бюджет қаржысын алаяқтық жолмен иемденіп кетуі де басты түйткілдердің бірі болып отыр. Мәселен, таңқурайдың элиталық сорттарын сатып алуға бөлінген 900 миллион теңгеден астам қаражат талан таражға түскен. Тексеріс кезінде егістік алқаптарынан ешқандай субсидияланған жеміс табылмады. Бұл дерек бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер тиісті жазасын алды.
Тағы бір өзекті мәселе – шаруалардың құқықтық сауаттылығының төмендігін пайдаланатын алаяқтардың әрекеті. Ауылшаруашылық техникаларын алу бағдарламасы бойынша олар шаруа қожалықтарының атынан өтінім беріп, мемлекет қаржысын қалтаға басқан. Салдарынан фермерлер сапасыз техникалар алған. Бүгінде мұндай алаяқтықтан зардап шеккен 200-ден аса шаруа қожалық анықталды. Қазіргі таңда жедел тергеу амалдары жүріп жатыр, – деді Шерхан Батыржанұлы.
Баяндамашы ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге, шаруа қожалық басшыларына электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын қатаң ескертті. Шерхан Пірімқұл баршаны заңға бағынуға, тәртіпке сай жұмыс істеуге шақырды. Әрі экономикалық құқықбұзушылық деректері туралы «AFM Insider» телеграм-ботына немесе облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің «Сенім» телефоны арқылы хабарлауға болатынын жеткізді.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




