Тарих қойнауынан сыр шерткен мұражай өткен мен бүгінді сабақтастырған әсерлі әлемге жетеледі. Ерлік пен адалдықтың символына айналған Халық қаһармандарының тағдыры жас буынға зор тағылым сыйлады. Кездесу барысында айтылған әрбір әңгіме жасөспірімдердің ой-санасын кеңейтіп, заңға деген құрметін арттыра түсті.
Сонымен қатар қатысушылар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы көркем фильмді тамашалап, елі үшін ерен еңбек сіңірген ердің оқ тескен көлігін көруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар басқа да қызмет барысында қаза тапқан полицейлер жайында мәліметтер берілді. Сондай-ақ соңғы жүзжылдықта тәртіп сақшыларының пайдаланған бұйымдары мұражайдың төрінде сақталғанына куә болған жастар бұл шарадан үлкен әсер алғандарын жасырмады.
– Полиция қызметкерлерінің қалтқысыз еңбектерімен танысып, көзайым болдық. Халық қаһармандары, батырлардың қолданған заттарын, мінген көліктерін өз көзімізбен көрдік. Әсіресе өңіріміздің мақтанышы Ғазиз Байтасов ағамыздың ерлікпен қаза тапқан сәтін экраннан көрген сәт әсерлі болды. Мұндай ел үшін жанын пида еткен қаһармандарымызды мақтан тұтамыз. Біз Отан-анаға деген сүйіспеншілікті осындай сәттерде шынайы сезінгенімізді айтқымыз келеді, – деді №25 мектептің оқушысы Пернебек Әлихан.
Экскурсия барысында полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы, қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы да жан-жақты ақпарат берілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған кездесудің өскелең ұрпаққа, расында, берері мол.
паққа, расында, берері мол. – Біз тағылымды шаралар арқылы жастардың дұрыс бағыт таңдауына, заңды құрметтеуіне және полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруды көздейміз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, жастардың тәрбиелі болып жетілуі мен заңға құрметпен қарауына осындай шаралардың әсері зор деп ойлаймын, – деді облыстық полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Берік Сәлемов.
Бұл шара жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға және олардың ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етті. Ішкі істер органдарының тарихымен танысу арқылы қатысушылар қоғам тыныштығының оңайлықпен келмейтінін ұғынды. Ерлік пен адалдық үлгісі болған тұлғалардың өмір жолы жас буынға үлкен өнеге болып, олардың рухын жігерлендірді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




