
Оның ішінде 262 мың өтініш соттан тыс банкроттық рәсім аясында берілген. Алайда 193 мың өтініш (73 пайыз) бойынша кіріс өлшемшарттарына сәйкес келмеу фактілері анықталып, нәтижесінде өтініштер қанағаттандырылмаған. Негізгі себептер – өтініш берушінің меншігінде мүліктің болуы, берешек сомасы мен төлем жасалмаған мерзімнің талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ кредитормен берешекті реттеу рәсімінің болмауы.
Соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету мақсатында өткен жылғы 19 маусымда және 2025 жылғы 30 маусымда заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бірінші кезеңдегі өзгерістер бойынша берешекті реттеу туралы құжаттарды қоса беру талабы алынып тасталды. Бұған қоса кредитор мен берешек сомасы туралы мәліметтерді көрсету талабы жойылды. Бұл ақпарат енді тікелей кредиттік бюролардан сұратылады. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлардың тізбесі кеңейтілді. Ал 2025 жылғы қыркүйекте күшіне енетін соңғы өзгерістерге тоқталсақ, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банк қарызы мен микрокредит шарттары бойынша берешекті реттеу міндетінен босату, рәсім аяқталғаннан кейін борыштар кредиттік тарихта көрсетілуіне қарамастан, барлық міндеттемелерден толық босату қарастырылған.
Бұған дейін бас тартылған азаматтардың арасынан 6 795 адам себептерін жойғаннан кейін 3 ай өткен соң өтінішті қайта тапсырып, банкрот деп танылды. Бүгінгі таңда 34 600 азамат ресми түрде банкрот деп танылған. Оның ішінде 2 031 адам – атаулы әлеуметтік көмек алушылар болса, 10 451 адам – 5 жылдан астам мерзімде қарыздарын өтемегендер.
Сот тәртібімен банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру аясында келіп түскен 10 000 өтініштің ішінен 225 тұрғын банкрот деп танылып, 181 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде.
Заң аясында өз мүмкіндігін пайдаланған 34 мыңнан астам адам шамадан тыс берешек жүктемесінен арылып, экономикалық белсенді өмірге қайта оралды. Мәселен, 1 248 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 2024 жылға арналған салық есептілігіне сәйкес, олардың жиынтық табысы 202,8 миллион теңгені, есептелген салық сомасы – 16 миллион теңгені құрады. Бұл деректер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарды ғана қамтиды.
Сонымен қатар азаматтық белсенділікті арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылғы 15 наурыздан бастап «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын іске асыруда. Бұл жоба азаматтарды микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-кассалық машиналар (БКМ) арқылы фискалдық чек алуға ынталандыруға бағытталған. Сатып алу сомасының 2 пайызы көлемінде ақшалай сыйақы ұсынылады. «Salyq кэшбэк» жобасына кез келген қалаушы қатыса алады. Ол үшін тауар мен қызметке төлем жасаған кезде фискалды чек алып, «Amian» мобильді қосымшасы арқылы чек бетіндегі штрих-кодты сканерлеу қажет. Түскен ақшаны банк картасына аударуға немесе ұялы телефон балансына жіберуге болады.
2024 жылы жобаның бірінші кезеңі Абай облысының Семей қаласы мен Ақмола облысының Ақкөл ауданында жүзеге асырылып, оң нәтижелер көрсетті. Алынған чектер саны 2 есе өсіп, олардың жалпы сомасы 2023 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 32 пайызға артты. 2025 жылы жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасының 10 облысындағы 46 ауданды қамтиды.
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті