
Шебердің өзі де домбыра, қобыз тартады. Әйгілі өнер шебері Жаппас Қаламбаевтың жиені болып келетіндіктен, музыка жағынан тиянақты білім алуға мүмкіндіктері болған. Әуелі Жамбыл мәдени-ағарту училичесін тәмамдап, сосын Қазақ Ұлттық консерваториясында қобыз сыныбында оқыған. Кейіннен ұстаз болып, жүздеген шәкіртті музыканың, домбыра және қобыз аспаптарының қыр-сырына баулыды. Ол кезде Сарысу аудандық мәдениет бөлімін Мейрамбек Күздеубаев басқарып тұрған. Білікті басшы музыка маманы Балтабайға үйірме ашып беріп, жақсы қолдау көрсеткен. Қылқобыздан сабақ берген Балтабай ұстаздың алдынан Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, оның інісі Саян Ақмолда сабақ алған.
Шебер 25 жасынан бастап қазақтың ұлттық аспабы-домбыра жасаумен тұрақты шұғылданып келеді. Ақсақалдың алтын қолынан қаншама бағалы домбыралар жасалып, шеберлігіне қанша ел таңдай қақты десеңізші! Кейінгі жылдары қария қос домбыра жасаумен де ерекшеленіп жүр. Шеберді іздеп Түркістан, Қызылорда облыстарынан және өз өңіріміздің алыс аудандарынан келетіндер қатары аз емес.
– Бір домбыраны толық жасап шығуға шамамен 10 күн уақыт кетеді. Сонда айына 3 домбыра жасап шығуға болады. Аспаптың сапасына ерекше мән беремін. Домбыра жасауға көбінесе жеміс ағаштарын пайдаланамыз. Себебі, олар жақсы иіліп тұрады. Өрік, жаңғақ ағаштарымен қатар, қызыл ағаш, қайыңнан да сапалы аспап әзірлеп шығуға болады. Менің қолымнан шыққан домбыралар сапасына қарай бағаланады. Қазіргі таңда Алмас деген немерем жолымды қуып, домбыра жасай бастады. Тараз қаласында пәтер жалдап, домбыра жасаумен айналысып жатыр, – дейді Б.Дәуірбеков.
Балтабай Бекболұлының отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегері. Асыл жарының да жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі көп. Балтабай Дәуірбековтің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы атанды.
Өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар шебермен тығыз қарым-қатынас орнатуға құштар-ақ. Ал, киелі сахна төріндегі талантты жандардың талайы әйгілі «Аққу» домбырасының авторы дайындаған дүниелерді әлі күнге дейін қолданып келетіні ақиқат. Осы ретте «Қозықұйрық» және «Абай» деп аталатын қос домбыраның өлшемінен алынып, аққу құсына ұқсастырып жасалған дүниенің шығу тарихына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.
Жалпы, егемен елімізде домбыра жасау өнерінде әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктер бар екені белгілі. Мәселен, батыс өңірлерде бұл аспап қозықұйрық пішіндес болса, Шығыс аймақта қалақ түрінде жасалады. Соған сәйкес пернелері де әртүрлі. Сонымен, алпыстан астам элементі бар ішекті аспаптың дыбысының тазалығы, үнінің кең тыныстауы, бір сөзбен айтқанда, домбыраның сапалы шығуы оны жасайтын қолөнершінің шеберлігіне тікелей байланысты.
Қасиетті Әулиеата өңірі он саусағынан өнер тамған дәл осындай шеберлерден кенде болған емес. Біздің өңірде ағаштан әрқилы дүние жасайтын шын таланттар қазір де жетерлік. Бірі мұны кәсіп етсе, өзгесі бұл өнерді хоббиіне балайды. Бүгінгі таңда ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дәріптеп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің бірі- Балтабай Дәуірбеков. Мәдениет қайраткері, Мәскеуде өткен ІІ дүниежүзілік фестивальдің лауреаты Балтекеңнің шеберханасынан бұған дейін де түрлі ұлттық аспаптар жасалған еді. Алайда, «Аққу» домбырасының орны бөлек. Өйткені, осынау дүниенің авторлары: бейнелеуші Жұматай Сүйінбаев пен оны жасап шығарған Балтекең қазіргі қоғамның ащы шындығына айналған мәселеге де өзіндік үн қосуды қалаған.
– Қазақтың қара домбырасы өз қалпында өзгертілмей жасала береді. Оны ешкімнің өзгертуге қақысы жоқ. Әйтсе де, заман талабына сай әрбір шебердің өз мақсат-мұраты, ой-толғауы болатыны анық. Ал, оған халық төреші. Жалпы, қазақтың домбырасының мойыны ұзын болып келетіні шындық. Сол себепті, домбыраның мойнын аққу құсына теңеген. Халқымыз күйінгенде күй тартып, қуанғанда жырлаған. Осылайша, ішіндегі шерін тарқатқан. Жасыратыны жоқ, бұл күнде жастардың арасында ажырасу көбейіп барады. Шебердің аққу құсын таңдауының себебі де осы. Бұл домбыра жастардың бір-біріне деген сезімі аққу құстың махаббатындай болса екен деген ойдан туған. Аққу-жұп құрып қана тіршілік ететін, өте сымбатты әрі сұлу құс. «Аққу» домбыраны жастарға арналған домбыра деп білеміз, – дейді аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Эльмира Кокушева.
Иә, қазақ халқы аққу құсын ежелден-ақ бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың символы әрі құстың төресі деп қастерлеген. Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасы қазақтың осынау тіршілік иесіне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындаса керек. Ал, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым деп жырлауы өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, хас шебер Балтабай Дәуірбековтің болашақта бұл тақырыпта ән жазу жоспарында бар.
Бақыт ЖАЛҒАС,
Жаңатас қаласы