
№16 Жуалы колледжінің тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғынан бастау алған. 1957 жылы облысымызда ауылшаруашылығына жұмысшы мамандарды даярлау мақсатында Жуалы ауданында №57 Бурный ауылшаруашылығы механизаторлар училичесі болып ашылған. 1997 жылдың сәуір айында «Облыстық оқу өндірістік орталығы» мемлекеттік мекемесі №15 КТМ филиалы, 2003 жылдың қарашасында облыс әкімдігі білім басқармасының №16 кәсіптік мектебі, ал 2007 жылдың желтоқсанында №16 кәсіптік лицей болып қайта құрылған. 2012 жылдың шілде айында колледж мәртебесі беріліп, атауы №16 Жуалы колледжі болып өзгерген.
Білім мекемесі колледж болып құрылғанға дейін талай қиыншылықтарды бастан өткерген. Алғашқы ашылған жылдары қайта жабылып, тіпті тозығы жеткен мекемеде білім беруге мәжбүр болған. Кейіннен қызметкерлердің күшімен қайта жөндеуден өткен.
Колледжде бүгінде 250-ге жуық студент білім алуда. 6 мамандық бойынша мамандарды даярлайды. Атап айтсақ, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, электржабдықтары, ауылшаруашылығын механикаландыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандықтары негізінде білімгерлерді қабылдайды.
Колледжің материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша оқу-тұрмыстық корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи оқу стандарттарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған.
– Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты №16 Жуалы колледжі – кәсіби-техникалық білім беру саласында жұмысшы мамандар даярлауда аймақтық деңгейде маңызды рөл атқаратын оқу орны. Колледждің жалпы жобалық қуаттылығы 420 студентке есептелген, ал оқу орнындағы асхана 120 орынға шақталған. Сонымен қатар білім алушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 32 адамға арналған жатақхана да қарастырылған. Оқу орнында 54 білікті қызметкер жұмыс атқаруда. Колледж аумағында оқу полигоны, сондай-ақ институционалдық аккредиттеуден және мемлекеттік аттестаттаудан өткен заманауи оқу базасы қалыптасқан. Атап айтқанда, практикалық сабақтар барысында пайдалануға арналған 8 ауыр техникалық құрал мен 1 жеңіл автокөлік студенттердің кәсіби машықтарын қалыптастыруға қолданылады. 2023 жылы «Жас маман» жобасы аясында колледж жанынан ауылшаруашылық құзыреттілік орталығы ашылып, өз жұмысын бастады. Аталған орталықтың негізгі мақсаты – еңбек нарығындағы сұранысқа ие заманауи ауылшаруашылық техникаларын меңгерту, оларды басқару мен техникалық қызмет көрсету дағдыларын үйрету арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Қазіргі таңда колледж техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу базасымен, дуальді оқыту элементтерімен және оқу полигонымен ерекшеленетін, жұмысшы кадрларды сапалы даярлауда көш бастап келе жатқан білім беру ұйымдарының қатарынан орын алуда. Аудан көлемінде ауылшаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлау бағытында жетекші орынға ие бұл оқу орны – ауылдық өңірлердің еңбек нарығын жоғары деңгейлі мамандармен қамтамасыз етуде маңызды миссия атқаруда, – дейді №16 Жуалы колледжінің директоры Медет Иманбаев.
Жоғарыда айтылғандай колледжде студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен ыңғайластырылған жайлы, тегін жатақхананың өзі білімгерлер үшін біршама жеңілдік. Сонымен қатар толық емес отбасыларға арналған көмектер де қарастырылған. Колледж кітапханасы заманауи әлемдік әдеби кітаптар және мамандықтарға қатысты оқулықтармен қамтылған. Жақында ғана жөндеуден өткен мәжіліс залы, спортзал, тренажер залының есігі әруақыт ашық.
– Колледжде негізгі жалпы білім беретін пәндермен қатар, студенттердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар үйірме мен ұйым табысты жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, дебат клубы, өлкетану үйірмесі, «Жас сарбаздар» клубы, сондай-ақ студенттік парламент секілді құрылымдар білім алушылардың азаматтық белсенділігін арттыруға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ықпал етуде. Студенттерді жұмыспен қамту көрсеткіші де оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, 2024 жылы колледжді аяқтаған 66 түлектің басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 75 пайызы өз мамандықтарына сай әртүрлі салада еңбек етіп жатыр. Ал 2025 оқу жылының қорытындысы бойынша колледжімізді 84 түлек тәмамдап шықты. Бүгінде оларды жұмысқа орналастыру мақсатында әлеуметтік серіктестермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жуалы аудандық мансап орталығымен бірлесіп «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында түлектерді еңбек нарығына бейімдеу және олардың кәсіби тәжірибе жинауына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы шаралар нәтижесінде, колледжіміздің шамамен жиырмаға жуық түлегі аудан аумағындағы түрлі мекемелерге, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өз мамандықтарына сәйкес жолданып, еңбекке араласуда, – дейді М.Жексенбекұлы.
Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасы алдағы уақытта да бағыттарынан тайқымай, білім беру саясатын жүзеге асыруда, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде абыроймен еңбек етуді алдарына мақсат тұтып отыр.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ,
Жуалы ауданы