
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңіске жетті. Өнерпаз бірінші орыннан бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар көрермен көзайымы жүлдесін, «Үздік әйел дауысы» марапатын және музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.
Бұл – ел мәдениетіндегі тарихи жеңіс. Байқауда алғаш рет Орталық Азия өкілі осындай жетістікке жетіп, көшбасшылар қатарынан көрінді.
«Байқау тарихында бірінші рет Әйгерім Алтынбек сайыстың басынан барлық қазылар алқасының рейтингінде бірінші тұрды. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Бұл көрерменнің де таңдауы дұрыс болғанын дәлелдейді», – деді қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейер.
Биылғы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық өтінім түскен. Бірақ финалға небәрі 10 орындаушы өтті. Олар Портофино қаласының орталық алаңында Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен өткен гала-концертте өнер көрсетті.
«Үздік әйел дауысы» жүлдесін Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл қор – әлем бойынша жас, дарынды вокалистерді іздеп, қолдаумен айналысатын халықаралық ұйым. Қор жетекші театрлармен әріптестік орнатқан және Сантьягодағы опера театрымен бірлескен жастар бағдарламасын жүзеге асырады. Әйгерім – бұл қордың Оңтүстік Америка континентіндегі қолдауына ие болған алғашқы еуропалық емес әнші. Оған кәсіби және болашақ ынтымақтастық бойынша ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс отандық өнерпазға Еуропадан тыс жерлерде де халықаралық мансабын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Әйгерім Алтынбектің бұл жетістігі бүкіл ел үшін серпіліс болды. Өте жоғары бәсекелестікке қарамастан, ол қазақстандық вокал мектебінің әлемдік деңгейдегі талаптарға сай келіп, биік меже қоя алатынын дәлелдеді.
Еске сала кетейік, Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) – жыл сайын Италияның Портофино қаласында өтетін, әлемдегі ең беделді вокалдық байқаулардың бірі. Конкурстың қазылар алқасы құрамында Еуропаның жетекші опера театрлары Вена операсы, Ла Скала, Глайндборн, Метрополитен және Елисей алаңындағы театрдың режиссерлері мен директорлары бар.