Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күйші Нелли

Күйші Нелли
Автор
Қазақ тілін үйренген өзге ұлт өкілдері тек тіл үйреніп қана қоймай, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуда. Мысалы, орыс, кәріс, татар, украин, өзбек, неміс және тағы басқа ұлт өкілдері арасында қазақша еркін сөйлейтін азаматтар аз емес. Кейбірі қазақ тілінде өлең жазып, күй тартып, тіпті ұлттық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. Солардың бірі – орыс ұлтынан шыққан Нелли Баранецкая.

– Алғашқы сөздерімді шамамен 6-7 жасымда айта бастадым. Сол кезден бастап білім алуға деген қызығушылығым оянып, дайындық мектебіне бардым. Дәл осы кезде алғаш рет айналамдағы қазақ балаларының ана тілдерінде сөйлеп жатқанын көрдім, сол сәттен бастап қазақ тіліне деген айрықша қызығушылығым ашылды. Қуанышқа орай білім алған мектебімде қазақ тілін бастауыш сыныптан бастап оқытты. Алайда отбасымда ешкім қазақша сөйлемегендіктен, мен үшін қазақ тілі шет тілі іспетті көрінді. Сондықтан қазақ тілін меңгеруге басты себепкер болған мұғалімдер мен сыныптастарым болды. Алғашында қазақ тілі сабағында ғана мұғалімдермен қазақша сөйлесіп жүрдім. Оңай жатталатын жаңылтпаштарды жаттап, жеңіл шығармаларды оқып, сыныптастарыммен тәжірибе алмастым. Осылай тынымсыз жаттығудың арқасында қазақ тілінде ұйымдастырылған алғашқы мектепішілік жарыстарға қатыстым. Жақсылап үйреніп, дағдыланып алған соң облыстық деңгейде ұйымдастырылған олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Мемлекеттік тілдегі жарыстарда жүлделі оралып жүруімнің қазақ тіліне деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігімнің жемісі деп білемін. Қазақ тілі – мен үшін тек мектеп бағдарламасындағы пән емес, тарихы терең қонақжай ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін тану жолы болды, – дейді Нелли.

Бүгінде елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері ұлтымыздың мәдениеті мен өнеріне қызығушылық танытуда. Соның айқын бір дәлелі – өзге ұлт жастары ұлттық аспаптарда жарыса ойнап, қазақ күйшілерінің шығармаларын еркін, мүдірмей орындауда.

– Домбыраға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Төрт жасымда анаммен ойыншықтар дүкеніне бардым. Сөреде кішкентай домбыраны көріп, бірден ұнатып қалдым. Анам менің әлгі домбыраны ұнатқанымды көріп, сатып алып берді. Анамның домбыраны алып беруі менің күй әлеміне жасаған алғашқы қадамым болды. Екінші сыныпқа өткенде мектебімде домбыра үйірмесі бар екенін білдім. Бұл жаңалық мені қатты қуантты. Үйірмеге бірден жазылып, анам екеуміз арнайы жақсы сапалы домбыра таңдадық. Содан бері домбыра менің жансерігіме айналды. Аспабымның әрбір үні маған ерекше әсер етеді. Ойнаған сайын ішкі жандүнием тербеліп, өзімді бір ерекше әлемде жүргендей сезінемін. Бүгінде домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніме 6 жыл толды. Осы уақыт аралығында өзімдегі үлкен өзгерістерді байқай бастадым, саусақтарым икемді, қимылдарым нақты әрі сенімді бола түсті. Алғашқыда қиын көрінген күй тарту бүгінде мен үшін ерекше ләззат сыйлайтын өнерге айналды. Әрі үйірме арқасында біраз күйді орындап үйрендім. Біздің мектепте домбыра ансамблі де бар, біз жыл сайын түрлі байқаулар мен фестивальдерге дайындаламыз. Әр жарыста үлкен жауапкершілікпен өнер көрсетеміз. Нәтижесінде бас жүлде мен бірінші орындарды жиі иеленеміз. Кей кездері жеке орындаушы ретінде де байқауларға қатысамын. Мұндай сәттерде де абыроймен өнер көрсету басты мақсатым болады. Үздіксіз дайындықпен, жинаған тәжірибелер арқасында байқаулардан бірінші және екінші орындарға иелендім. Бұл жеңістер мені одан әрі шабыттандырып, домбыра өнеріне деген сүйіспеншілігімді одан әрі күшейтеді, – дейді Н.Баранецкая.

Қазақтың қасиетті домбырасы тек қазақ халқына ғана емес, елімізде тұратын басқа ұлттарға да рухани жақын бола бастады. Қазір өзбек, орыс, кәріс, неміс, дүнген ұлтының балалары мен жастары домбыра үйреніп, күйлер орындайды, ұлттық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр. Бұл – қазақ тілі мен музыкасының шекара мен ұлт талғамайтын ұлы өнер екенін дәлелдейді.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар