
Марқұмның туыстарының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, ұрыс-керістің соңы бірнеше сағатқа созылған азаптауға ұласқан. Күйеуі жұбайының аяғы ауыр екендігіне қарамастан арқанмен байлап, атпен сүйреген. Салдарынан Айзаттың денесінің сау-тамтығы қалмаған. Терісі сыпырылған, миы ісінген, жамбас пен аяқ-қол сүйектерінің көп жерден сынғаны анықталған. Тіпті білектерінде тері болмаған, етке дейін сыпырылып кеткен екен. Оқиға орын алған сәтте екі жасар қызы да болған. Қазір бала психологиялық күйзеліске түскендіктен сөйлемейді.
Полицияның ресми мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні сағат 02:30 шамасында Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Туыстарының сөзінше, ауруханаға апармас бұрын мәйіт жуындырылып, киімдері ауыстырылып, қан мен зорлық белгілері жойылған. Бұл – қылмысты жасыру әрекеті болуы мүмкін деген болжам бар. Куәгерлердің айтуынша, күйеуі оқиға кезінде мас болған, әрі ауруханада агрессия көрсеткен. Сонымен қатар, Айбар Жанболат жуырда Қапал ауылдық округі әкімдігіне кандидатурасын ұсынған екен.
АБЬЮЗЕРЛЕРГЕ ҚАРСЫ ТҰРУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ
Абьюзерлерге қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың міндеті. Айзаттың тағдыры – барша адамзатқа ескерту іспетті. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – адамгершіліктің, әділдіктің және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігінің кепілі. Күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдердің қайғысы – тек жеке трагедия емес, бұл – бүкіл қоғамның сынағы болып қалуы керек.
Осы орайда жалпы «Абьюзер деген кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Кеше ғана бір жастықта қартаюды мақсат тұтып, сүйіп қосылғандардың бірі екінші жартысын қорлай беруіне не себеп? Жақынына үнемі зорлық көрсететін адам шын мәнінде махаббатты түсіне ме, әлде оны тек иеленудің бір формасы ретінде қабылдай ма? Әйел немесе ер адам зорлыққа төзіп жүре берсе, бұл махаббат па, әлде қорқыныш пен үміттің арасындағы үмітсіздік пе? Кей адам зорлықты, қаталдықты, қызғанышты махаббат деп қабылдайды. Бірақ оның астарында психологиялық тәуелділік, қорғансыздық пен жалғыз қалудан қорқу жатқанын білмейді.
Зорлықшыл адамдар өзгенің өмірін басқаруға бейім, махаббатты манипуляцияға айналдыратын, жүректі көрінбейтін жіпке байлап ұстайтын психологиялық бейнедегі мақұлық іспетті. Оның қаруы – өзін ақтау үшін өзгені кінәлай беру. Ол өзгеге өмір сыйлағысы келгендей болып көрінеді, бірақ шын мәнінде өзгенің өмірін өзіне бағындыруға ұмтылады. Психологтар абьюзерді сырт көзбен тану қиын екенін айтады. Себебі ол бастапқыда қасындағы адамға қамқорлық танытып, бір бүтін болуға тырысады, өз жартысының арман-мұңын, әлсіздігін түсінеді. Сол арқылы ішкі әлеміне еніп алады.
Негізі адам баласы зорлық десе, физикалық қысымды елестетеді. Алайда эмоциялық зорлық одан да жойқын екенін біле бермейміз. Ол көзге көрінбейді, бірақ іштегі жандүниені күйретеді. Бүгін «қолыңнан түк келмейді» деп жекісе, ертеңіне-ақ «мен сені сүйемін» деп жұбатады. Осылайша ми мен жүрек арасында соғыс басталады. Әйелі күйеуін түсіне алмайтын күйге түсіп, жылап отырып оны ақтайды. Себебі кейде ол сондай жақсы көрінеді. Абьюзерлердің ең шебер тұсы – өз құрбанын үміттендіріп ұстайды. Олар үшін үміт ең берік кісен.
– Зорлықшыл адамдар өзіне сенімсіз болады. Бұл сенімсіздік сырт көзге байқалмайды. Ол өзін аса сенімді, жігерлі, тіпті мінсіз етіп көрсетеді. Бірақ ішкі әлемінде үнемі қорқыныш пен әлсіздік тұрады. Ол басқаны бақылау арқылы өзін маңызды сезінеді. Абьюзер тұлғасында нарциссизм, бақылауға бейімділік, жауапкершіліктен жалтару сынды белгілер жиі кездеседі. Олар үшін махаббат – иелену, құрмет – бағыну, жақындық басқарумен шектеледі. Бұл – бұрмаланған сезім болса да олар үшін қалыпты қарым-қатынас моделі. Кейбір абьюзерлер мұндай мінезге бала кезінен үйреніп өскен. Өз шаңырағындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының дөрекі қарым-қатынасы, жазасыз қалған қатігездіктері – олардың психикасында бақылау мен билікті «махаббаттың құралы» ретінде қалыптастырады. Сондай адаммен қарым-қатынаста болғандар уақыт өте келе өзін жоғалтып алады. Бұл – қауіпті кезең. Себебі адам өз шекарасын ұмытып, шындық пен өтіріктің арасын ажыратудан қалады. Мұндай жағдай «психоэмоциялық тәуелділік» немесе «кодтәуелділік» деп аталады. Бұл деген сөз адам өз өмірінің кілтін басқаға беріп қояды. Ал адам үшін ең қиыны – мұндай қатынастан шығу, – дейді психолог Адалия Хасанқызы.
Яғни олар адамды өзіне үйіріп алады да, тәуелді етіп қояды. Бірақ өзгермейді, керісінше өзін ақтай береді. «Сенің кесіріңнен осылай істедім», «Мен сені ренжіткім келмеді», «Бәрі сен үшін» деген сөздермен өз кінәсін жасырып, жауапкершіліктен қашады. Ал жақыны тағы кешіреді. Себебі өз жүрегіне сендіріп қойған. Бірақ осы сәтте адам баласы жүрек те қателесетінін ұмытпауы керек. Жүрекке арқа сүйеген адам абьюзердің құлына қалай айналғанын білмей де қалады.
Психологтар мұндай жағдайда ең басты қадам шындықты мойындау екенін айтады. Өзің жақсы көрген адамыңның сүймейтіні, құрметпен қарамайтыны, адам ретінде қабылдамайтыны әрине жанға батады. Бұл шындық ауыр, бірақ бар жамандықтан құтқаратын шындық. Сондықтан мұндай жағдайда көмек сұрау әлсіздік емес, қайта батылдық.
«Көн, шыда, әйел сабырлы болуы керек» деген сөздер – абьюзерге берілген рұқсат. Осы мәдениетті өзгерту керек. Махаббат деген еркіндік. Сені ұнатқан адам күлкіңді тыюды емес, керісінше жадырап жүруіңе ықпал етуі керек. Ол сенің арманыңды шектемеуі шарт. Кез келген адамның жаңа өмір бастауға, таңдауға құқығы бар. Ал соның ішінде ең бастысы шексіздік әлемі.
Абьюзермен атқұйрығын кесісу – өзіңе оралу деген сөз. Бұл жол ұзақ болуы мүмкін. Бірақ сол жолда өз күлкіңді, даусыңды, өміріңді қайта табасың. Жай ғана тірі адам емес, өз тағдырын өзі жасайтын жанға айналасың. Ешкім сені қорлауға, шектеуге, төмендетуге хақысы жоқ екенін жан-тәніңмен ұғасың. Ал махаббат деген бақылау емес, сенім мен азаттықтың жемісі екеніне көзің жеткенде өзің де толығасың.
Айсамал ӘБДІРОВА:
Мен ешкімнің жекеменшігі емеспін
Тұрмысқа шықпай тұрып шексіз мейірім танытқан адам, үйленген соң өзгеріп шыға келді. Үйге таң ата келетінді шығарды. Мені әйелім деп емес, күңіндей жекіп сөйлеп жұмсады. Мен оған киімін жуып, үйін тазалап, баласын туып, асын дайындау үшін ғана керек едім. Тіпті ауырып қалсам да «Сен келінсің! Тұр, саған жатуға болмайды» деп жаныма тыныштық бермейтін. Расында жолдасымның айтқан сөзіне сеніп «Маған ауыруға, шаршауға болмайды» деп түсіндім.
Мен сүйген адам алғаш кездесуінде ерекше әсер қалдырған болатын. Жылы сөйледі, күлімдеп қарады. Сөздеріне сенім арттым. Жүрекпен берілген сенім соңы таяқтап, қорлап, жәбірлеумен аяқталды. Үйдегі ұрыс-керісті көпке дейін ешкімге айтпадым. Ұят билеп тұрды. Өзгелердің ойынан қорқу – санаға салмақ салды. Ал жүрегімде күн сайын бір дүние құлап жатты. Сыртқа тек жылы жымиып қана жүретін болдым. Сөйлеуден, күлуден, өз ойымды айтудан қалып, мақұлдай беретін болдым.
Алғашқыда ештеңе байқалмайды. Бәрі уақытпен сіңеді. Қатігездік ұсақ сөздерден басталады екен. Сын айта берді. Үнемі «ер адамдар сондай болады», «екі жарты бір бүтін болу үшін шыдам керек», «үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп қайталай беретін. Бірақ уақыт өте келе әр сөзі уға айналды. Алайда үнемі өз-өзін ақтап алатын болды. Бірте-бірте бойымда ерік-жігер жоғалды. Тек соның көңіл күйіне қарай бейімделе бастадым. Өзімді ұмытып, мен өзімді қинап жүрген адамның көлеңкесіне айналдым.
Бақылау да күшейді. Телефонымды тексеруі, қайда жүріп-тұрғанымды қадағалауы қалыпты жағдай болып көрінді. Сенімнің орнын күдік, қорғаудың орнын иелену басты. Айналадағы адамдармен арақатынас біртіндеп үзіліп, жалғыздық сезімі белең алды. «Бұл – махаббат үшін» деген жалған үміт шындықты тұмшалап тұрғанын түсіне алмадым. Шындығында, бұл – бақылау мен билікке деген құштарлықтың бір көрінісі ғана еді.
Өзгелерден алыстау біртіндеп өз-өзіңнен алыстауға алып барады екен. Көп нәрсе жоғалды. Өз қабілет, арман, көзқарасымнан ажырадым. Құндылықтар көмескіленді. Бір кездері көңілді ән айтып, сурет салғанды ұнатушы едім. Енді санамда тек үнсіздік пен сақтық билік құрды. Айналадағы тыныштық кезекті қауіпті ескертпеге айналды. Үрей күн сайын күшейді. Алқызыл таң «тағы неге ашуланар екен?» деген сұрақпен басталып, дәл сол үрейлі күйде аяқталатын күндер жалғасып жатты. Үй ішіндегі әрбір қозғалыс, әр қадам соның рұқсатымен ғана жасалды.
Бірде қатты ауырдым. Мен асты-үстіне түсетін адам мүлде жанашырлық танытпады. Орнымнан тұра алмайтын ауыр хәлде едім. Ал ол мені аяғымен теуіп тұрғызды. Сонда ғана енді еш үміттің қалмағанын түсіндім. Кішкентай күнделік ашып, «тіршілік әлі де жалғасады» деп жаздым. Осы бір сөйлем өзгерістің бастамасы болды. Содан бастап жаңа тыныс басталды. Сөйтіп ол таңертең жұмысқа кеткенде көгерген бет-аузымды жаулығыммен тұмшалап, балалармен бірге үйден шығып кету – ең ауыр, бірақ ең маңызды шешім болды. Бұл үйге қайта оралатыным белгісіз еді, бірақ артқа жол жоқ екенін шын сезіндім.
Дағдарыс орталығында жаңа тыныс алдым. Жаңа адамдардың қолдауының арқасында мейірім мен сенім біртіндеп қайта оралды. Психологпен алғашқы кездесуде есімімді дауыстап айту ішкі әлемімді оятқандай әсер етті. Өз даусымды алғаш рет естігендей болдым. Қорқыныш әлі де бар. Бірақ өмірдің әр сәті қайта тірілудің дәлелі. Бұрынғы әлсіздік қазір батылдыққа айналды. Балалардың күлкісі нағыз армандарға жол сілтеді. Өткен – ауыр. Бірақ ол өткен уақыттың еншісінде қалуға тиіс екенін ұқтым. Болашақ – мейірім мен бостандықта. Қателік жасалды. Бірақ сол қателікті мойындау әлсіздік емес, рухтың мықтылығы. Өз құндылығы бар жеке тұлға әрі ешкімнің меншігі емес екенімді түсіндім.
Әрбір сөз – жаңа бет. Әрбір күн – жаңғыру. Бірінші қадам ең ауыр баспалдақ болды. Бастысы ол жасалды. Енді үміт те, өмір де бар. Тіршілік өз жолымен жалғасады. Айналадан тек үрей емес, жанашыр көздер де табылды. Қолдау, түсінік, қабылдау барын сезіндім. Жеке шекараларды сақтауды үйреніп жатырмыз. Жаңа әдеттер бойға сіңуде. Әлі де уақыт керек. Өмір енді өз қолымда. Менің даусымды енді ешкім өшіре алмайды.
Айғаным МОЛШЫЛЫҚ:
Қорлықсыз өмір сүрудің бақыт екенін түсіндім
Жастық шағымда армандарым көп еді. Алайда өмірлік серігім деп таңдаған жан әр күні жаныма жаңа соққы, жүрегіме жаңа жара салды. Күйеуім ең үлкен жауымдай көрінді. Өзі қатал, іс-әрекеті қорлап жіберердей өрескел. Тек айналадағылардың алдында ғана жұмсақ, күлкілі, мейірімді адам болып көрінетін. Үйге келгенде мүлде басқа тұлғаға айналады. Онымен өткен әр күні жүрегімде үміт сақтадым. Бәлкім ол өзгерер деп сендім. Бірақ жылдар өткен сайын үмітім өшіп бара жатты.
Қорлық күнделікті нәрсеге айналды. Ешқашан «бәрі жақсы болады» деп айта алмадым. Себебі сәлден кейін тағы ұрыс, тағы қорлау басталатын. Өзімді қамшылап, сабырмен төзуді үйрендім. Көрші, туыс, достар: «Неге кетпейсің? Өзіңді құртып жатырсың» деп көп айтты. Бірақ кету оңай емес еді. Балалар, баспана мәселесі, жұмыс, – бәрі бір-біріне байлаулы болғандықтан шешім қабылдау оңай болған жоқ. Ажырасу өмірдің жаңа күрделі кезеңі деп қорықтым.
Тосқауыл көп болды. Жолдасым мені қаржылай тәуелді етті. Өзіме деген сенім азайып, басым қатты ауыратын болды. Ең қиыны оны жақсы көргенім еді. Сондықтан да кетуді ойламадым. Бұл – махаббат емес, байланыс еді, сол байланыстан ажырау оңай болмады. Әр сәтте «Бәлкім өзгерер» деп үміттеніп, төзімімді арттырдым.
Жылдар бойы жүрегім жараланып, дене шаршады. Жауап беруге күшім жетпей, жылап қала бердім. Ішкі әлемім бір сұлулық пен тыныштықты армандайтын. Бірақ ол армандар тым алыс болды. Бар нәрсе сенімсіздік пен қорлыққа айналды. Күн сайын өмірден бір нәрсе жоғалтып жаттым. Өзгелердің көзінде ол дұрыс адам, мен ғана кінәлі сияқты болдым. Расымен өзімді кінәлап, өзгеруге тырыстым.
Өмірдің соңына дейін сені қорлаған адамның қолында тұру ауыр таңдау еді. Ешқашан шынайы махаббатты және нағыз құрметтің не екенін көрмегендіктен, басқа әлемге көшу мүмкін емес болып көрінді. Бірде ол мені қатты соққыға жықты. Балалар үшін үнсіз шыдадым. Мұның соңы аяғымнан айырды. Бел омыртқама зақым келіп, арбаға таңылдым. Әке-шешем он жыл отасқан күйеуімнің мені ұрып-соққанын сонда ғана білді. Ешкімге айтпай, іштен тынып жүре беріппін.
Қазір көп жыл өткен соң, артқа қарап, сол жолдың қаншалықты қиын болғанын түсінемін. Бірақ сол кезде жаңа өмір бастаудан қорықтым. Өмір сүрудің ауырлығын сезіндім. Қараңғы туннельде жалғыз жүргендей едім. Енді, сол өмірдің соңында, жаныма тыныштық қана керек екенін ұқтым. Қорықпай, қорлықсыз өмір сүрудің қандай бақыт екенін сездім. Сондай ауыр кезеңдерден өтіп, тірі қалғаныма разымын. Ешкім осындай тағдырды бастан кешпеуі керек. Бұл мен үшін ең ауыр сабақ болды.
Мақсат ӘБСАДЫҚ:
Балалар үшін жарыққа ұмтылдым
Жылдар бойы басымыздан ауыртпалық кетпеді. Үй ішіндегі бітпейтін дау-дамай, менің тарапыма айтылған ауыр сөздер, әйелімнің шыңғырып жылап, өзінен өзі артымнан жүгіріп кешірім сұрауы әлі де көз алдымда. Әйелім менің жуастығымды бетіме басып, қолымнан түк келмейтінін, айлығымның аздығын айта беретін. Басқа бақуатты тұратын достарыммен салыстырып, менің үйімнің кішілеу, көлігімнің арзандау екенін бетіме басатын. Сол сөздерді үнемі ести бергендіктен, расымен солай екеніне сеніп, өзімді кінәлі сезініп, үнсіз құтылатынмын.
Бірақ мен үшін ең ауыры – балалардың көзіндегі үрей болды. Аналары айқайлай бастағаннан олардың бойын үрей билейтін. Мен өзімнің кішкентай періштелерімнің тыныштығын сақтау үшін бар күшімді салып, әйеліме түрлі сыйлық, гүл сыйлай беруді әдетке айналдырдым. Бірақ оның ашуын ештеңе баса алмады. Себебі мен сыйлаған алтын арзанқол, мен ұсынған гүлдер де әдемі емес екенін, талғамымының төмендігін айта беретін. Оның сөздері бойымдағы сенімімді жоғалтты, ертеңге деген үмітті сөндірді. Ол маған «Мен болмасам, саған ешкім қарамайды» дегенде расымен мен соған ғана керек екенмін деп ойлайтынмын.
Уақыт өте келе ол шашын жұлып жылауды, балаларды ұрып-соғуды, мені балағаттауды үдетті. Енесіне, яғни менің анама қол көтерген күні менің шыдамым шегіне жетті. Ең қиын шешімді қабылдауды ұйғардым. Әйелдің қатігез мінезінен безіп, момын шешемді алып үйден кетіп бара жатқанда бала-шағам соңымыздан ілесті. Сөйтіп үш баланы ертіп үйден кетуге тура келді.
Ол күн ешқашан ұмытылмайды. Балалар артымыздан жүгіріп, анасымен қалмайтындықтарын айтты. Әйелім де соңымыздан жүгіріп, балаларға ұмтылғанда олардың жанұшыра шыңғырып қорыққанын, қолымнан қатты ұстап «Әке, бізді тастап кетпе» деп жалынғандарын ұмыту мүмкін емес. Сөйтіп екі қызым мен ұлым әкесімен бірге болуды таңдады.
Үйдегі ауыр атмосферадан тұншығатынбыз. Кейін бөлініп шыққан соң, жадырай күліп, балаларыммен бірге тамаша жаңа өмір бастап кеттік. Мен балаларымның болашағы үшін күрестім. Балаларға мейірім мен қауіпсіздік сыйлауға тырыстым. Мен әйелім айтпақшы өзімді «епсіз, ебедейсіз» деп есептейтінмін. Енді қалай өмір сүрер екенмін деген ой маза бермеді. Алайда бізде бәрі екі есе жақсарды. Бәрінен бұрын жүрегіміз тынышталды.
Қазір балалардың анасына деген сезімі де күрделі. Қорқыныш пен реніш, кейде сүйіспеншілік те сезінеді. Бірақ ең бастысы – олардың өмірін қауіпсіз ету еді. Қазіргі таңда олар анасымен сағынысып кездесіп тұрады. Бірақ олардың кездесуі 2-3 күнге ғана жетеді. Үшінші күні «әкетайлап» менің құшағыма келеді. Балалардың күлкісі ең үлкен дәрумен екенін ұқтым. Мен оларға еркіндік бердім. Ал аналары олардың да еркіндігін ұрлап, толыққанды не ойнатпай, не күлдірмей қысып, қатал ұстағандықтан ынжық, жасық болып қалған еді. Қазір Құдайға шүкір, балалар ашылды. Тіпті сабақ оқу үлгерімдері жақсарып, ойларын ашық айтатын хәлге жетті.
Өткенді ойлағанда, көңілде «Не үшін бұлай болды? Неге ертерек әрекет етпедім? Бірақ әлі де кеш емес» деп ойлаймын. Ұрпағым үшін жаңа өмір бастадық. Олармен бірге болу – ең үлкен бақыт.
Балалардың қауіпсіздігі – басты ұстаным. Олардың жан дүниесін емдеу үшін бар күшімді салдым. Өмірдің қиын сәттерін бірге еңсеруге беттедік. Балалармен бірге болу тіршіліктің мәні болғандықтан, өткеннің көлеңкесінен арылып, жарыққа шығуды ғана ойлап жүрміз.
Зорлықтың құрсауынан босаған жан – азат рухтың айғағы. Кешегі көз жасы – бүгінгі жеңістің куәсі. Тағдырдың тар соқпағынан өткендер енді өз жолын өзі таңдады. Жан жарасы жылылықпен жазылып, жүрекке сенім ұялады. Бұлтты күннің артында әрдайым шуақты таң бар екенін олар бәрінен жақсы біледі.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ