Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіподақ – еңбек адамы үшін сенімді қорған

Кәсіподақ – еңбек адамы үшін сенімді қорған
Автор
Биыл еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының құрылғанына 120 жыл және Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы екі маңызды дата Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылымен» қатар келіп отыр.

Осы жылдар аралығында еліміздің кәсіподақтары еңбекшілердің игілігі үшін белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік және еңбек реформаларын іске асыруға үлес қосты және қосып келеді. Бүгінгі таңда кәсіптік одақтар түрлі салалардағы 2,5 миллионнан аса қызметкердің басын біріктіретін, елдегі ең үлкен қоғамдық бірлестікке айналған.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алады.

Қазіргі Қарағанды облысының аумағында 1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған Успен мыс кеніші жұмыскерлерінің одағы ресми түрде елдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы болып саналады.

Кеңес одағы тұсында Қазақстан Республикасының барлық кәсіподақтарының қызметін 1948 жылы Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар Кеңесінің XIX Пленумының қаулысы негізінде құрылған бірыңғай орталық орган – Қазақ кәсіподақтар кеңесі басқарған.

1990 жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде Қазақ кәсіподақтар кеңесінің заңды мұрагері – Қазақ КСР кәсіподақтар федерациясының құрылуы туралы декларация қабылданды.

Федерация – кәсіподақтардың іс-әрекеттерін біріктіру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, кәсіподақтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді өз қызметінің басты мақсаты ретінде белгілеп, мемлекеттік органдардан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан тәуелсіздігін жариялады.

1992 жылдың 3 наурызынан бастап Қазақ КСР Кәсіподақтар федерациясын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Осы жылдар ішінде қоғам дамуы мен мемлекеттің қалыптасуында кәсіподақтар айтарлықтай ықпалды әрі ең пәрменді ұйым болған. Кеңес үкіметі кезінде елдегі жұмысшылардың 95 пайызы кәсіподақтарға мүше еді. Ол дәуір өтті, кетті. Қазір заман бөлек, талап ерекше. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін барлық Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің кәсіподақтары секілді Қазақстанның кәсіподақтары да еліміз нарықтық экономикаға көшкенде талай қиыншылықтарды бастан өткерді, шектеу шаралары да жүргізілді.

Алайда, кәсіподақ азаматтардың құқықтарын қорғау барысында өз жұмысын бір сәт те тоқтатқан емес. Қоғамдық ұйымның пәрменділігі неде десеңіз, оның бұқаралық сипат алуында. Өйткені, бұқаралық деңгейге жетпеген әлсіз ұйымдармен ешкім де санаспайды.

Қазіргі кезеңде 120 жылдық тарихы бар Қазақстан кәсіподақтары еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар ең ірі қоғамдық ұйым.

Кәсіподақтар федерациясының құрамында 2,5 миллионнан астам мүше бар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 16 мыңнан асады, 24 салалық кәсіподақ ұйымы мен 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі бар.

Еліміздің кәсіподақ ұйымдары өз жұмыстарын республикалық Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде қабылдаған «Әділеттілік пен дамуға бірілікте!» атты 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасын негізге ала отырып жүргізіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларына сай еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға тың мүмкіндіктер жасалуда. Елімізде еңбек қауіпсіздігіне баса көңіл бөліне бастады.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алдағы даму кезеңіне байланысты ел алдына көптеген жаңа міндеттер қойған еді. Әсіресе, Президент елдегі кадр мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін алға тартып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Қазақстан кәсіподақтары үшін бұл үлкен қолдау, себебі кәсіподақ өкілдерінің басым бөлігі жұмысшы мамандық иелері.

Биыл жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға және жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды кешенді жүзеге асыруға кәсіподақтар да зор үлес қосып келеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталып отыр. Осы тұжырымдамаға кәсіподақтар да үлес қосты.

Кәсіподақтар федерациясының өз Жарғысына сәйкес ел ішінде атқарып жатқан жұмыстарынан бөлек, халықаралық деңгейдегі беделі мен абыройы да жоғары. Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға алғашқы сапарын кәсіподақтар жұмысымен танысудан бастады. Оның бұл сапары еліміздің кәсіподақтарының халықаралық аренадағы күш-жігерімізді мойындаудың дәлелі болды.

Халықаралық Еңбек Ұйымының басшысы Федерацияның қызметіне жоғары баға беріп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, гендерлік теңдік, жастарды жұмыспен қамту, Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенцияларын ратификациялау және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу сияқты негізгі мәселелер бойынша Федерацияның жұмысына қызығушылық танытты.

11 шілде күні Елордамыз Астана қаласында Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Онда еліміздегі кәсіподақтардың 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау туралы саяси қарар қабылданды.

Аталған съезге еліміздің барлық өңірлерінен жиналған делегаттар, шетелдік ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының Еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюро директоры Мария Хелена Андре, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл, осы конфедерацияның Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) бас хатшысы Эстер Линч, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің президенті, Молдова Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку, Грузия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Жапония, Польша, тағы басқа да әлемнің қырыққа жуық елінен келген ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, әлеуметтік әріптестер мен халықаралық сарапшылар, барлығы 300-ден астам адам қатысты.

Бұл жылдың басты кәсіподақ оқиғасы еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық даңқты тарихының жалғасын білдіретін маңызды шара болды. Іс-шара барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы сәттің тарихи маңызына тоқталды.

– «Бүгінгі шара – өткенге тағзым, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына үлес қосқан ондаған ұрпақтың өлшеусіз еңбегіне деген құрмет. Біз олардың ерлігіне бас иіп, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Қазақстан кәсіподақтары – әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған. Біз ынтымақ, әділдік пен орнықты дамуға деген берік сеніммен жаңа дәуірге аяқ бастық» – деді федерация төрағасы.

Келелі кеңесте Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің кейінгі бес жылдағы есебі тыңдалды.

Сатыбалды Дәулеталин есеп бере келіп, ұйымның мақсат-мұраты туралы баяндады.

«Кәсіподақ бар жерде қауіпсіздік бар. Қауіпсіздікті ұжымдық шарттар арқылы үйлестіреміз. Қазір 16 мыңнан астам ұжымдық шартымыз бар. Кәсіподаққа қосылған мекемелер ұжымдық шартпен қамтылған. Ұжымдық шартты кіші Конституциямыз деп айтсақ болады. Ол кәсіпорындардағы еңбек, әлеуметтік қатынастарды реттейтін құжат. Жуырда заң клиникасын құрдық. Онда мамандар тәулік бойы еңбек адамдарына құқықтық көмек көрсетеді. Кәсіподақ федерациясына 6 мыңнан астам өтініш түсті. Сондай-ақ салалық ұйымдар, бастауыш ұйымдарға келген өтініштер тіпті көп. Сотта 247 іс жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 3,7 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды. Қазір елдегі барлық филиал жұмыс істейді. Жұмысшылардан түсетін өтініштердің басым бөлігі жалақы мәселесін көтереді. Кез келген кәсіподақ мүшесі, яғни жұмысшы қайда жүрсе де, заңгерлерге хабарласып, құқықтық көмек алуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Біз елімізді әлемдік кәсіподақтар кеңістігіне қайта алып шықтық. Еліміз Халықаралық еңбек ұйымының еңбек құқықтарының бұзылуы жөнінде жасалған «қысқа тізімнен» шығарылды, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. Халықаралық Еңбек Ұжымымен бірлескен Жол картасына қол қойылды. Бұл – еліміздің еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы» деді өз сөзінде төраға.

Съезд делегаттары Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасын зор ықыласпен қолдады.

Сондай-ақ, съезде федерацияның алдағы бес жылға арналған даму бағыты, стратегиясы айқындалды. Стратегияның жобасы алдын ала барлық өңірде, салалық кәсіподақтарда талқыланған. Съезде қорытынды Қаулы қабылданды. Қаулыда «Кәсіптік одақтар – қоғамның ажырамас бөлігі. Олардың қызметінің негізгі қағидаттары – әрқашан еңбеккерлердің құқы мен мүддесін қорғау. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді түбегейлі жаңғыртуға, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағытын қолдаймыз», делінген.

Осылайша, кәсіподақтар еңбек адамының мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуді одан әрі көздеп отыр.

Қоғамда «Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік болсын, жекеменшік жұмыс орны болсын жұмысқа қабылданар кезде нені білуі шарт? Қандай заңға сүйеніп, өз құқын қорғай алады? Жұмыскерлер жапа шеккен жағдайда қай мекемеге баруы тиіс? Ол қандай ұйым, жұмысшыға қандай көмек береді?» деген сұрақтар жиі туындап жатады.

Жоғарыда айтылғандай, кәсіподақтардың негізгі мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау.

Бұл ретте жұмыс беруші мен жұмысшы арасында екі жақты келісім арқылы жасалатын ұжымдық шартқа назар аудару қажет. Еңбек кодексінің 156-бабында ұжымдық шарт туралы толық мәлімет бар. Бұл құжат жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы өзара қатынастарды реттеп, аталған кодекстегі, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде қамтылмаған мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Еңбек кодексінің 157-бабына сәйкес ұжымдық шартқа 9 ереже енгізілуі тиіс. Соның ішінде: еңбек нормалары, еңбекақы төлеу жүйесі, жұмыскерлерге, оның ішінде ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге арналған тарифтік мөлшерлемелер мен жалақылар, үстемеақылар мен қосымша ақылар мөлшерлері, қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау, еңбек кәуіпсіздігі сияқты ережелер енгізу – бұл заң талабы. Сондықтан әр мекемеде ұжымдық шарт болу қажет.

Ең бастысы, кәсіподақтардың Ата Заңындай болған осы ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттеліп отырады. Яғни кәсіподақ олардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын қадағалайды. Кәсіподақ мүшесінің құқығы бұзылған жағдайда, сол еңбек дауын мүмкіндігінше бейбіт түрде реттеуге тырысады. Қажет болған жағдайда заң органдарында олармен бірге қорғаушы ретінде әрекет жасайды.

Көбінде еңбек ұжымдарының өзінде ушықтырмай шешуге атсалысады. Шешіле қоймаған жағдайда, кәсіподақтардың жоғары органдарының көмегіне жүгінеді. Жеке арыз-шағымдардан басқа, кейбір заң актілерінде көрсетілгендей, пікірлерін ұжымдық түрде де білдіре алады.

Барлық еңбек ұжымдары есеп беру-сайлау жиналыстарында өздерінің қалауымен қоғамдық негізде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын немесе төрайымын сайлайды. Жұмыстың пәрменді болуы олардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сайланған адам сауатты маман болумен бірге, еңбектің құқықтық-заңнамалық негіздерін бес саусағындай меңгеруі керек. Бойларында адами қасиеттері, адамға жанашырлығы биік дәрежеде болуы тиіс. Ондай қасиеттері, еңбек ұжымындағы беделі де туындаған дауларды оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы қоғамда кейде кәсіподақ бізге не береді деген сұрақ та туындап тұратыны жасырын емес. Айта кету керек, еліміздегі заңнамаларға сәйкес кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары ҚР Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес қорғалған. Бүгінгі күні кәсіподақ ұйымына мүше болу еңбеккер үшін келесідей тиімділіктерді береді:

- тегін және сапалы заң кеңесі;

- мемлекеттік органдарда, соттарда тегін өкілеттілік;

- жалақы есептету, төлету, өндіру;

- мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатысу, қамтылу;

- материалдық, қайырымдылық көмек пен қолдау;

- жеңілдетілген жолдамалар арқылы сауықтыру, тарихи орындарға саяхаттар, балалардың жазғы демалысы және тағы басқа шараларды ұйымдастыру.

Кәсіподақ – жұмыс берушінің оң қолы болуы керек, ол жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы дәнекер ретінде қызмет етеді, жұмысшылардың мәселелерін жұмыс берушіге жеткізіп, оңтайлы шешім табуға көмектеседі. Сондықтан егер қандай да бір мекеме басшысы әділ еңбек қатынастарын құрғысы келетін болса, ең алдымен кәсіподақты қолдап, сапалы ұжымдық шарттың болуын қамтамасыз етуі қажет. Яғни еңбек дауларының алдын алу үшін жұмыс берушінің өзі кәсіподақ құруға мүдделі болуға тиіс.

Кей жағдайда кәсіподақ басшысы жұмыс берушіге тәуелді болғандықтан, соның мүддесін қорғап кетеді деген де пікірлер айтылады. Бірақ жұмысшы өз құқығын білсе, жұмыс берушімен келісіп жұмыс істей алса, кез келген мәселе шешімін табады.

Кәсіподақ құрылғаннан кейін жұмысшылар өздерінің жалақыларының бір пайызын жарна ретінде төлеуі керек. Бұл көп жағдайда жұмысшылар үшін қосымша қаржылық ауыртпалық болып көрінеді. Бірақ жарна төлеу жұмысшыларға белгілі бір артықшылықтар әкеледі. Бұл жөнінде кәсіподақ тарапынан жұмысшыларға барынша түсіндірілуі қажет.

Кәсіподақ жұмысшылардың айлығынан ұсталып жатқан қаражатты қай бағытқа жұмсау керектігін ережеге сай шешеді. Кәсіподақтың ақшасы мақсатсыз жұмсалмайды, барлығы заңмен реттеледі.

Ортақ мәселелерді ұжымдық шартқа енгізу мәселелерінде ұжым белсенді болғаны дұрыс. Кез келген жұмысшы өз құқықтарын талап етіп, кәсіподақтан қолдау алуға құқылы.

Мәселен, жалақы мәселесі, разрядты көтеру, тәжірибелі мамандарға қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беру, мемлекеттік мерекелерде сыйақы беру, мектеп жасындағы баласы бар әйел адамдарға жеңілдік қарастыру, сырқатына байланысты икемді жұмыс істуге мүмкіндік беру, тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу секілді мәселелерді көтеру арқылы жұмысшылар бірауыздан кәсіподаққа ұсыныс беруге, оны ұжымдық шартқа енгізу қажеттігін қарастыруға толық құқы бар. Мекеме басшысы жұмысшылардың ұсынысын қарап, қолдауы тиіс. Ал, кәсіподақ басшысы жұмысшылардың талабын тыңдап, ұжымдық шартқа енгізуге атсалысады.

Біздің өңіріміздегі кәсіподақ қызметіне келсек, қазіргі таңда облыстық кәсіподақтар бірлестігі аймақтағы экономиканың әр саласын қамтитын 15 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіріп отыр. Бұл кәсіподақтарда 1400-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Жалпы бұл ұйымдарда 124 мыңға жуық еңбек адамы мүшелікке тартылған.

Облысымыздағы кәсіподақ ұйымдары жұмысының да басты мақсаты – еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне ықпал ету және лайықты еңбекпен қамтамасыз ету.

Осы мақсатта облыстық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тұрақты кездесулер өткізіп отырады. Кездесулерде кәсіподақ мүшелері тарапынан көптеген мәселелер көтеріліп жатады. Олардың негізгісі: жалақыны арттыру, өмір сүру деңгейін арттыру, инфляция, техникалық персоналдарға сауықтыру жәрдемақысын беру сияқты мәселелер. Көтерілген барлық мәселелер Кәсіподақтар федерациясына жолданып отырады.

Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің қатысуымен өңірлік үшжақты комиссияның отырыстарында өңірдегі әлеуметтік еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер де тұрақты түрде қаралып отырады. Соның ішінде өңірдегі жұмыскерлердің өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер – жалақы қарыздарына жол бермеу, айлық жалақыны инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жыл сайын индексациялау, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен дауларына жол бермеу және алдын алу да бар.

Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі еңбек дауларының алдын алу десек, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, еңбек дауларын шешуде кәсіподақтардың заң қызметі де шешуші рөл атқарады.

Жоғарыда аталған Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне қатысып, сөз сөйлеген Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақтардың заң қызметі еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқаратынын айтады.

«2024 жылдың өзінде ғана 9 мыңнан астам құқықтық қызмет көрсетілді, кәсіподақ мүшелеріне 380 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. 2015 жылдан бері заңгерлік жұмыстың жалпы экономикалық тиімділігі 3 миллиард теңгеден асты» дейді Е.Мағзымбеков.

Айта кету керек, съезге облысымыздан білім, мәдениет, денсаулық сақтау, химия және энергетика салаларынан 11 делегат қатысып қайтты. Олардың қатарында «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің кәсіподақ комитетінің төрағасы Серік Еламанов, Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының заңгері Серік Жүсүпалиев, Әскер гарнизон кәсіподағының төрағасы Тынышбек Мадышев, Тараз қалалық №2 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айнар Спатова, «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалының кәсіподақ ұйымы төрағасы Юлия Фролова, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Хусаинов, «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі Мая Әбдірахман, Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының орынбасары Эльмира Дутбаева, «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Сандугаш Шымырқұлова, «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Бахтияр Қараулов бар.

Сонымен қатар, облыста жыл басынан бері «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында билік тарапынан да, кәсіподақтар тарапынан да еңбек адамының мәртебесін көтеріп, абыройын арттыру және қоғамда танымал ету бойынша кешенді жоспарлар құрылып, жүзеге асуда.

Жалпы алғанда кәсіподақ ұйымы – кәсіпорын деңгейінде жұмыс берушімен әлеуметтік әріптес, еңбек дауының алдын алу мен еңбек қатынастарын реттеудің тиімді құралы екені даусыз.

Жұрт қызметшісі саналатын кәсіподақ ұйымдарының алға қойған негізгі мақсаты мен міндеті айқын. Ол тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, мемлекет мерейін асыру, татулықтың тағылымын танытып, береке бастауы бірліктің жаршысы болу.

Олай болса, еліміздің кәсіподақтар ұйымы өздерінің «Күш – бірлікте!» деген тарихи ұранын ұстанып, ел азаматтарының өмірін жақсарту, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, еңбек адамының маңыздылығын нығайтуда белсенді жұмыс атқара беретіндігіне сенім мол.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар