Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖИ ұстаздың орнын ешқашан алмастыра алмайды

ЖИ ұстаздың орнын ешқашан алмастыра алмайды
Автор
Цифрлық дәуірдің дамуымен қатар, білім беру саласы да үлкен өзгерістерге ұшырады. Әлемдік үрдістерге сәйкес, педагогтерге қойылатын талаптар күшейіп келеді. Осы тұрғыда мұғалімдердің кәсіби дамуы мен жасанды интеллектіні (ЖИ) практикаға енгізу – білім сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі. Ал білім беру ұйымдарындағы әр педагогтің кәсіби дамуы мен заманауи технологияларды тиімді пайдалана алуы – білім сапасының негізгі көрсеткіші. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін дұрыс бағытта қолдану педагогтің жұмысын жетілдіріп қана қоймай, оқушының тұлғалық дамуына да оң әсер етеді. Жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді қолдану – бұл мұғалім мен технологияның тең серіктестігіне негізделген жүйе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар негізінде білім беру ұйымдарына оқыту мен тәрбие беру процесіне жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізу жүзеге асырыла бастады. Алдымыздағы оқу жылында да бұл мәселе өзектілігін жоймайды. Бірінші кезекте жасанды интеллектті оқу процесіне кіріктірудің заманауи әдіс-тәсілдерін тәжірибеде жүзеге асыруды көздейді. Жасанды интеллект бүгін ғана пайда болып, өмірімізге енген алгоритм емес. ЖИ туралы алғашқы зерттеулер 1950 жылдары жүргізіліп, 1956 жылы осы термин қолданысқа енгізілген. Алайда дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымының артқаны сонша, әрбір салаға дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады.

Сондықтан білім беру саласында негізгі пәндерді оқытуда жасанды интеллектіні енгізу – білім мазмұнын жаңғыртып, білім алушылардың пәнге деген қызығушылықтарын туғызып, қабілеттерін дамытуға бағытталады. Педагог жасанды интеллектті қолдануда бірінші кезекте нақты мақсаты мен жоспарын, оны қолданудың тиімділігін анықтап алуы керек. Түрлі бағытта тапсырмалар орындату арқылы білім алушыларды заманауи технологияны тиімді пайдалануға үйрету – ұстаздың шеберлігі мен сандық ресурстарды тиімді қолдана алуының көрінісі. Педагог білім алушыға ЖИ арқылы алынған тапсырмалардың жүз пайыз дұрыс бола бермейтіндігін түсіндіргені жөн. Сол себепті ЖИ арқылы жасаған жұмыстарына сыни көзбен қарап, зерделеу керектігін де түсіндіруі қажет. Бала ЖИ-ге сеніп, ойлану қабілетін тежемей, өз білім көкжиегін кеңейту үшін құрал ретінде ғана пайдалануын үнемі назарда ұстау білім сапасын арттыруда оң нәтиже береді. Ол үшін мұғалім сабақты жоспарлау кезінде еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық, әділдік пен жауапкершілік, тұлғалық даму, отансүйгіштік, адамгершілік сияқты негізгі құндылықтарды қозғайтын мәтіндер мен тапсырмаларды енгізуі орынды.

Цифрлық ресурстар мен жасанды интеллектті қолдану білім алушылар үшін мотивацияны арттырып, оқытудың тиімділігін көтеруге бағытталады. Ұстаздар жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқытуда бейімделген онлайн-тренажёрлер арқылы амалдар мен теңдеулерді пысықтау, қатені автоматты талдау және ұсыныс беру жүйелері, шарттары өзгеретін тапсырмаларды ЖИ көмегімен генерациялауды жүзеге асырады.

Қазіргі таңда заманауи цифрлық ресурстарды, соның ішінде жасанды интеллектті қолдану баланың оқыту көкжиегін кеңейтеді, күрделі құбылыстарды визуализациялауға, деректерді талдауға, модель құруға, гипотезалар тұжырымдауға және нәтижелерді салыстыруға көмектеседі. ЖИ-пен жұмыс істеу үдерісінде сын тұрғысынан ойлау, ақпаратты саналы тұтыну және технологиямен өзара әрекет этикасы құндылықтарын қалыптастыру да маңызды үрдіс. Оқу процесінде жасанды интеллектті қолдану табиғи құбылыстарды модельдеуге, виртуалды тәжірибелер жүргізуге, статистикалық мәліметтерді талдауға, сұрақтар мен тапсырмаларды жүйелеуге мүмкіндік береді. ЖИ қолдану оқушы өз бойындағы сыни ойлауды дамытып, ақпараттың шынайылығын бағалауға, дереккөздерді талдауға және негізделген пікір қалыптастыруға көмектеседі. ЖИ мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, деректерді талдау арқылы оқу жетістігін болжауға жағдай жасайды. Мысалы, ChatGPT, Khanmigo секілді платформалар оқушылардың жазбаша жұмыстарын тексеруге, кері байланыс беруге, мәтін құрастыруға көмектеседі. EdTech жүйелері (мысалы, Sdu AI Classroom, Smart Nation) оқытуды жекешелендіруге, оқушының жеке оқу траекториясын құруға мүмкіндік береді. ChatGPT арқылы сабақ жоспарын әзірлеуге, оқушыларға жекелендірілген тапсырма ұсынуға, Google Gemini жазбаша жұмыстарға кері байланыс беруге, Quillionz, Eduaide.ai – тест, квиз, эссе сұрақтарын автоматты түрде генерациялауға көмектеседі.

Бүгінде жасанды интеллект құралдары тек қана ақпарат көзі емес, педагогке көмекші серіктеске айналды. Жасанды интеллект – оқу процесінде келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар: деректерді жинап, талдайды, материалдарды білім алушының деңгейі мен қызығушылықтарына бейімдейді, күнделікті тапсырмаларды автоматтандырады (тест, есептер), көрнекі және интерактивті ресурстарды жасауға көмектеседі, дағдыларын қамтитын цифрлық құзыреттерін дамытуға жағдай жасайды.

Жасанды интеллект – педагогтің шығармашылық заманауи жаңа мүмкіндіктерін ашуға жол салады әрі цифрлық көмекшісі ретінді жұмысын жеңілдетеді. Бірақ ЖИ – көмекші құрал ғана, ол ұстаздың орнын ешқашан ауыстыра алмайды. Қорытынды шешімдерді, яғни контентті таңдау, бағалау, педагогикалық қолдау кезінде мұғалім өзі ғана шешім қабылдайды.

Мұғалімдердің біліктілігін жүйелі арттыру – оқыту сапасының негізі. Әсірее сандық ресурстарды тиімді пайдалану, ЖИ-ді тәжірибеге енгізу бойынша тиімді әдіс-тәсілдерді үйрену кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстанда бұл бағытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Педагогикалық шеберлік орталығы», аймақтық оқу-әдістемелік орталықтар белсенді жұмыс жүргізуде. Олар педагогтер үшін цифрлық сауаттылықты арттыру, CLIL, STEM, критериалды бағалау әдістерін енгізу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмалар құрастыруды қамтитын сан түрлі біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруда.

Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектті дамытуды қолдап, оны білім, медицина, өнеркәсіп, мемлекеттік басқару сияқты салаларды белсенді пайдалануға шақырды. Бұл – еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына жол ашатын жарқын жол. Сондықтан да, білім саласында ЖИ-ді қолдану кезек күттірмейтін мәселе.

Әлемдік Digital Bridge форумында Мемлекет басшысы: «Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, ЖИ технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет» деген еді.

Осыған байланысты, жасанды интеллектіні дамыту мектеп қабырғасынан негіз алып, өскелең ұрпақтың заманауи технологияларды тиімді пайдалануға үйренуіне жол ашу бүгінгі әр ұстаздың ізденісін қажет етеді.

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,

облыс әкімдігінің оқу-әдістемелік

орталығының әдіскері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар